Жаңалықтар

Адами капиталға инвестиция

      Адами капиталға инвестиция салмайынша, озық елдің отыздығы есігі түгілі тесігінен қаратпайтынын ұғынған қоғам бүгін қам-қарекетке көшті. Мемлекет басшысының өзі биылғы Жолдауында жөн сілтеп, негізгі басымдықтың бірі ретінде белгілеп берген – адами капиталдың сапасына қазір мемлекеттің өзі мүдделі. Мұнда инвестиция салу арқылы қазақтың шақшадай басын шарадай еткен тың жобалар мен үр жаңа жаңалықтар ұлтқа қызмет етпек. Сондықтан, инвестиция құю басталды. Нақтыласақ, кеше Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры облыс әкімдігімен жастар бағдарламаларын іске асыру және қолдау көрсету бойынша меморандумға қол қойды.

Уағдаласқан құжатта аймақтың жастарына ғылыми-техникалық, мәдени, гуманитарлық салада және жастардың өзара байланысында ынтымақтастықты ілгерілету көзделген. Яғни, талантты жас тасада қалмас үшін қолдау көрсетеді. Қор сапарларын Қарағандыдан бастаған. Бұл – кездейсоқ емес дейді. Елбасының еңбек һәм саяси Отаны атанғаны өз алдына, Қарағанды – ғылыми кластер деседі Қор басшылары. Сондай-ақ, сөздерінің жалаң еместігін, әрі құр қол келмегендіктерін көрсетіп, осы кездесуде Қарағанды музыка мектеп-интернатына 3 миллион теңгенің аспаптарына сетификат тарту етті.

Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков аймақтағы жастарға жасалған қамқорлық және олардың өңірдегі жетістіктері туралы айтып өтті. Елбасының Жолдауында жастардың білім алуына қатысты өзекті мәселелердің өміршеңдігіне және бір тоқталды. Жастар тұрғындардың үштен бірін құрайды. Жастарды қолдау үшін қаржыландыруда жыл сайын артып келеді. Мәселен, биыл жастар саясатына қатысты қаражаттың көлемі 1,5 есеге өскен. Жастардың түрлі шараларына бюджеттен 430 млн.теңге қарастырылған. Бұған қоса, жастарды ынталандыруға ықпал ететін облыс әкімінің «Қайнар» жастар сыйлығы бар. 2005 жылдан бері қолға алынған бұл сыйлықтың қоры бүгінде 35 млн.теңгені құрапты. Ал, қазіргі дәуір сұранысына жауап беретін робототехника бойынша аймақ алдыңғы қатарда. Бұл күні облыста осы салада 40 секция жұмыс жүргізеді екен.

Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ, облыс әкімі:

Бүгінгі кездесудегі мақсат – әкімдік пен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою болып отыр. Меморандум жастарды қолдау негізінде әріптестікті дамытуға бағытталған. Меморандум аясында жұмыс нәтижелі болып, жастардың жаңалығына септігін тигізеді деген үміттеміз.

Қордың атқарушы директоры Қанат Жұмабаев Президент Жолдауының басты басымдығының бірі – адами капиталдың сапасын арттыру болып табылатындығын, соған орай Қордың міндеті – жастардың жаңа буынынан өзгеріс жасайтын көшбасшылар дайындау дейді.

Қанат ЖҰМАБАЕВ, Қордың атқарушы директоры:

Біз «Тұңғыш Президент Қорының күндері» жобасы бойынша өңірдегі жастармен кездесеміз. Бүгін Қарағандыға келдік. Қарағанды – ғылыми кластер. Біз Қарағанды жастарының жобаларымызға белсенді қатысып, гранттар мен стипендияларды жеңіп алғанын қалаймыз. Қарағанды мемлекеттік университетінде студенттермен жүздесіп, қызметіміз туралы баяндайтын боламыз.

Қордың ғылыми қызметкерлер мен студенттер үшін 9 стипендиялық және гранттық бағдарламалары бар. Сонымен бірге, IT-технологиямен айналысатын жастар үшін арнайы зертханалар ұсынып, шетелдік ғалымдармен байланысатын алаң болмақ.

Жалпы, Қордың қызметі – Президенттің идеялары мен саясатын іске асыруға, жастардың интеллектуалдық әлеуетін көтеруге қолдау жасау, қайырымдылық қызметін іске асырып, сараптама-талдамалық орталығын дамыту. Деректерге сүйенсек, Қор 2017 жылы 80-нен астам шара өткізуді міндетіне алыпты. Былтыр 73 шараны іске асырса, оның 42 жобасы жастарды қолдауға арналған екен.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button