Жаңалықтар

«Адам – адамға дос, жолдас, бауыр»

«Заң мен сот алдында бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп жазылған Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабында. Бұл – бұлжымас қағида. Мұсылман дінінде де тек бір атаның перзенттері ғана емес, бүкіл мұсылман атаулы бір-біріне бауыр екендігін насихаттайды. Бір елде, бір шаңырақтың астында өмір сүріп, бір қазанда қайнаған соң сиырдың бүйрегіндей бытырап, тоз-тоз күй кешпей, бірлік-ымырада өмір сүрсе, әлбетте, береке де, бақ та сол жерде болмақ. Бірақ, қоғамдағы түрлі жағдаяттар салдарынан орын алатын келеңсіз жағдайлар бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, уақтылы жауап қату, түрлі іс-шаралар ұйымдастыру арқылы оның да алдын алуға болатынын тәжірибе көрсетуде. Мәселен, Қарағанды қаласында облыстық конфессияаралық қатынастар проблемаларын зерттеу және талдау орталығының тапсырысымен әйел жамағаты арасында «Зор Рух» қайырымдылық қоры «Березняки» санаториінде табиғат аясында тимбилдинг өткізді.

Таза ауа – тамаша мүмкіндік

Жалпы, «тимбилдинг» сөзі команда құрау дегенді білдіреді. Яғни, ортақ мақсат жолындағыларды біріктіру. Тимбилдинг ұйымдастырудың бірнеше артықшылығы бар екенін айтады мамандар. Біріншіден, адам күнделікті қалыпты өмір сүру салтын өзгертеді. Екіншіден, табиғат аясында болмаса, ашық алаңқайда түрлі ойындар, спорттық сайыстар, байқаулар өткізуге болады. Жұмыс орнында болмаса, жабық кеңістікте мұндай ойын түрлерін ұйымдастыру мүмкіндігі болмайтындықтан, тимбилдинг көп жағдайда қала сыртында ұйымдастырылады.

Тимбилдинг демекші, қарағандылық жамағат әйелдер мен олардың балаларына мұндай іс-шара таңсық емес. Өткен жылы да осы «Березняки» санаториінде алғаш рет тимбилдинг ұйымдастырылған болатын. Тимбилдинг өткізуге белсенді ойындар мен демалысты психологиялық тренингтерімен толықтыратын психолог мамандар да шақырылады. Тәжірибелі мамандар өткізетін семинарлар өз кезегіндегі қоғам мүшелерінің арасындағы шиеленісті төмендетуге көмектеседі.

Негізі, әрі демалыс, әрі қажетті ақпарат алуға болатын бейресми іс-шараның осы түрін, яғни, тимбилдинг өткізу идеясы – Павлодар облысының конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының басшысы Гүлназ Раздықоваға тиесілі.

Діни адамдардың, әсіресе, жамағат әйелдердің өзіндік көзқарастары, дүниетанымдары бар. Олардың дені – көпбалалы аналар. Көпшілігі үй шаруасындағы әйелдер болғандықтан, шаршайды әрі араласатын адамдары да көп емес. Ал, табиғат аясында өткізілетін тренингтер олардың ішкі сырларын ақтарып, ойларын бөлісулері үшін жақсы мүмкіндік, – дейді Гүлназ Мақсұтқызы.

Шынында да, басқа күндері балаларын тастап, шыға алмайтын әйелдер үшін табиғат аясындағы тимбилдинг бір бой сергітіп, әңгімелесіп, серпіліп қалудың жақсы мүмкіндігі. Оның үстіне, балалар да таза ауада асыр салып ойнап, бой жазып қалады. – Бұл жерде, тек, психолог мамандар ғана емес, сонымен қатар, теолог, дәрігер, заңгер кеңес береді. Шынында, тимбилдинг аясында біраз шаралар қамтылады. Осындай шарадан соң қарағандылық жамағат әйелдер жеке кеңес алуға ниет білдірген соң WhatsApp әлеуметтік желісінде топ аштық. Олар қоғамдағы өзекті мәселелер, мәселен, бала тәрбиесі, вакцинаға қатысты сұрақтарын басқа жерден емес, ресми көздерден ала алады, – дейді Гүлназ Раздықова.

Жалпы, Гүлназ Мақсұтқызы түрлі көзқарастағы адамдардың осы тәрізді мәдени іс-шараларға қатысуы қылмыстық әрекеттерді жанама түрде жоюға айтарлықтай үлес қоса алатынын айтады. Яғни, адамның бәрі әртүрлі болғанымен, ортақ мақсатқа бірігетіні осы кезде көрінеді. Одан бөлек, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар да біріктіруші күш ретінде үлкен роль атқарады. Нәтижесінде, қоғам мүшелерінің бір-біріне деген наразылықтары жойылып, шиеленіс азаяды.

Бұл – қоғамнан алшақтап қалғандар үшін таптырмас мүмкіндік. «Біздің мақсатымыз – көзқарасты өзгерту емес, қоғамға бейімдеу. Қарағандылық жамағат әйелдердің осы кездесуге келуге келісуінің өзі – үлкен жетістік. Бұл дегеніміз олардың қоғамнан тыс өмір сүрмейтінінің белгісі», – дейді психолог-маман.

Отбасымен көңілді демалыс

Қарағанды облысының әйел жамағатына арналған тимбилдингті ұйымдастырған – елордалық «Зор Рух» қайырымдылық қоры. Дәл осы іс-шараны бұдан соң Жезқазған қаласында, ал, тамызда Сәтбаев қаласында өткізу жоспарда.

– Әр іс-шарада балаларымен бірге 50-60 әйел қамтылады. Өткен жылғы пилоттық жоба жақсы әлеуметтік әсер көрсеткендіктен биыл жалғасын тапты, – дейді қайырымдылық қорының атқарушы директоры Батырхан Асқаров.

«Зор Рух» қайырымдылық қоры 2011 жылы ашылғалы бері республика аумағында жиырмаға тарта жобаны жүзеге асырған. Олардың дені діни жобалар болғанымен, қор түрлі әлеуметтік зерттеулер жүргізумен де айналысады. Мысалы, 2019 жылы мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына мониторинг жүргізген. Республика бойынша 15 мыңнан аса респондент қатысқан жоба аясында 65 мемлекеттік қызмет қамтылған.

Батырхан Асқаров әйел жамағаты арасында өткізілетін отбасылық тимбилдингтің әлеуметтік әсері болғандықтан, өңірде ғана емес, республика бойынша өткізілсе деген пікірін де айтты.

Тимбилдинг бағдарламасында таңғы астан бастап, кешкі асқа дейін қарастырылған. Әрі тегін. Бұдан бөлек, әйелдерге және балаларға арналған бағдарлама да әртүрлі. «Березняки» санаториінің табалдырығын аттаған сәттен шара үшін арнайы шақырылған аниматорлар балалардың уақытын көңілді әрі тиімді өткізу үшін түрлі ойындар өткізіп, сайыстар ұйымдастырады. Ал, бұл кезде аналары таза ауада психолог тренингіне қатысып, көкейлеріндегі ойларымен бөліседі.

«Зор Рух» қайырымдылық қорының бағдарламасы бойынша алдымен таңғы ас беріледі. Одан соң қатысушылар екі топқа бөлініп, бірі психологиялық тренингке қатысса, бірі теологпен сұрақ-жауап алмасады. Тренингтің тақырыптары да өзекті. Мысалы, психолог «Өзөзін өзектілендіру мен позитивті өмірлік сценарий», «Толерантты сана дағдылары. Психосоматика және оның себептері» тақырыбында өткізіп, әйел жамағатының күнделікті өмірлерінде кездесетін келеңсіз жағдайларға баға беріп, олардың қалай алдын алуға болатыны жайлы кеңес берді.

Адамға адам керек

Егер, адам қоғамнан аласталса, ол деградацияға ұшырайды. Психикасында өзгерістер болады. Сондықтан, өзара қарым-қатынас пен әрекетсіз қалыпты өмір сүру мүмкін емес. Психологтар «өзара қарым-қатынас кезінде адам айналасындағылармен сөйлесу арқылы өзінің «менін» қалыптастырады» дейді. Өзгелерге қарап, өзіміздің де кім екенімізді біле аламыз. Түрлі қасиеттеріміз бен әрекеттерімізді бағалап, моральдық ұстанымдарымды қалыптастырамыз. Қуанғанда бірге қуанып, қайғымызды бөлісетін жақын жан табамыз. Бұл – психиканың ерекшеліктері.

«Виртуалды әлемде өмір сүріп, болмаса, араласатындары, сөйлесетіндері шектеулі адамның өмірі де қысқара түседі. Адам көп сөйлескен сайын соғұрлым бақытты бола түспек» дейді психолог маман.

Шыны керек, қоғам аса дінге берілген адамдарды қабылдай қоймайтыны жасырын емес. Қабылдаған күннің өзінде де сақтықпен қарап, болмаса, жолын түйістірмеуге тырысады. Бұл, әлбетте екі жақтың да шиеленісін асқындыра түседі.

«Діндарлар – фанат. Олардың барлығының ойы басқа. Қоғамның өзге мүшелеріне деген жеккөрушілік сезімі басым» деген таптаурын ойды жою керек» дейді Гүлназ Раздықова. Маманның табиғат аясында тимбилдинг өткізуді қолға алғандағы мақсаты да – осы.

Түрлі форматтағы іс-шаралар діндар әйелдерге өз-өздерін көрсету тұрғысынан мүмкіндіктерін кеңейте түседі. Шаралар жеке тұлғаның дамуына ықпал етіп, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтады. Әйелдер өз идеологияларындағы маңызды әрі өздеріне ғана тиесілі үміттері мен сенімдерін анықтап, баға бере алады, – дейді Гүлназ Мақсұтқызы.

Шығармашылық жұмыстар барысында әйелдер қазақ халқының рухани мәдениетімен диалогқа түсе алады, белгілі бір әдет-ғұрыптардың қалыптасу бастауларын біліп, дәстүрлі әндер мен күйлердің құдіретін сезінеді. Мұның бәрі адамның ойы өзге ағымға ойысқан жағдайда жоғалтып алуы мүмкін этникалық сәйкестігін, яғни, ең бастысы – қазақ екендігін ұмытпауға, тілін, ділін қайта қалпына келтіруге көмектеседі. Адам бойында вокалды, ауызша, жазбаша, визуалды немесе орындаушылық тәрізді қарым-қатынас дағдылары болған жағдайда ғана жеке басы мен тағдырына талдау жасай бастайды. Әңгімелесу барысында өзгелер туралы білген ақпараттары, жаңа ұғымдардың пайда болуы арқылы адам өзінің өмір сценарийін түбегейлі өзгерте алады.

Гүлназ Мақсұтқызының тренингтерінде осы жайттардың барлығы көрсетіледі.

Мысалы, бейресми жағдайда психологпен жүргізілген әңгіме барысында әйел жамағаты да көкейлеріндегі ойларымен бөлісті. Оларға алдымен қоғам өздерін дәл осы қалыптарында қабылдағаны, көргенде шошынбай, жылы шыраймен амандасқандары да маңызды. Айтуларынша, сырт киімдеріне қарап, «бұлар түрлі экстремистік әрекеттер жасауы мүмкін» деген оймен сақтана қарайтындары да бар екен. Осындай әрекеттердің салдарынан әйел бойында жеккөрушілік пен түрлі агрессиялар пайда болады. Ал, тимбилдинг барысында санада жағымды ой қалыптасып, айналадағы адамдарға деген ойды бір демде түбегейлі өзгертпесе, теңізге тамған тамшыдай, бірте-бірте жақсы жағына қарай ойыстыра береді. Келе-келе, қазақстандық қоғамға жат ойлардан бас тартуға әкеледі.

– Мақсатымыз әйел жамағаттың сұлулық эстетикасын және қоршаған әлемнің үйлесімін, интеллектісін, музыкалық-эстетикалық талғамын дамытуға жәрдемдесу, шығармашылық дағдыларын қалыптастыру және дамыту. Одан бөлек, елі үшін мақтаныш сезімін тәрбиелеп, Қазақстанда лайықты өмір сүру жолында еңбек етуге деген ұмтылысын арттыру, – дейді Гүлназ Раздықова. Заң бәріне ортақ Тимбилдингке қатысқан теолог әрі психолог Ажар Сыздықова аталған іс-шара биыл екінші рет өткізіліп отырғанын айтады.

Облыстың әйел жамағатымен алдын алу, оңалту іс-шараларын бірнеше жыл қатарынан жүргізіп келеміз. Сонымен қатар, жазғы уақытта таза ауада осындай тимбилдингтер ұйымдастырып, командалық жұмыстар жүргізіледі. Заңгер заңға қатысты сәттерді нақтылап кеңестер берсе, теологтар дінге қатысты сұрақтарына, ислам бағыттары бойынша сұрақтарға жауап береді. Мұның барлығы дін саласында заңнаманың бұзылмауы үшін жүргізіледі. Әйелдер де, балалары да риза. Барлығы тегін. Көпбалалы аналар күйбең тіршілік қамымен демалуға мүмкіндіктері бола бермейді. Осындай бейресми жағдайда демаламыз, көңілімізді көтереміз әрі өз-өзімізді дамытамыз, – дейді Ажар Сыздықова.

Әйел жамағаты теология мамандығының тарихына қызығушылық танытып, дінтанушы, исламтанушы деген кімдер екенін білді. Одан бөлек, исламдағы ілімдер, намаз, құлшылық жайлы сұрақтар қойды әрі нақты жауап алды. «Қазақстанда қандай діни оқу орындары бар, баламызды қандай оқу орындарына бере аламыз?» деген ойларын теолог маманмен бөлісті.

Тимбилдингке отбасымен бірге келген Манар Мұсабекова ұйымдастырушыларға келесі жолы балаларға ғана емес, олардың аналарына да арналған спорттық сайыстар өткізілсе деген ұсынысын жеткізді. Себебі, күн сайын мұндай мүмкіндік бола бермейтінін, осындай іс-шаралардан кейін демалып, өздері де, балалар да үйге демалып оралатынын айтты.

Бақытты ана – бақытты бала

Аналары түрлі психологиялық тренингке қатысып жатқанда, балалары шараға арнайы шақырылған аниматорлармен түрлі спорттық сайыстарда жарысқа түсіп, «Фордбоярд» ойынына қатысты. Оның үстіне бағдарлама балалардың жас ерекшеліктеріне қарай құрылған. Мысалы, 8 жасқа дейінгі балалар аниматорлармен уақыттарын көңілді өткізіп, тәттіге қарық болды. Ал, сегізден он бес жасқа дейінгілері футбол, стритбол сияқты спорттық ойын түрлеріне қатысты. Шара соңында байқау нәтижесі жарияланып, балаларға сыйлықтар таратылды.

Балаларының таза ауада ойнап, бақыттан бал-бұл жанған жүздеріне қарап, риза болған аналар да ұйымдастырушыларға ізгі тілектерін білдірді.

«Балаға асыр салып ойнап, тәттілер жеп, сыйлық алудан басқа не керек? Балаларымыз да, біз де ризамыз», – деді аналар шара соңында.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button