Адалдық – алтын қазығы
Ана бір жылы Ақтоғай ауданына қарасты Шұбартау аулына жолым түскені бар. Жергілікті азаматтар ауылдың 90 жылдық мерейтойын ұйымдастырған-ды. Орталықтан шалғайдағы ауылдың маңдайдағы бағы бес елі дегенге кім сене қойсын… Десек те, ауылдың ажары тая қоймаған. Бастысы, тұрғындарының ауызбіршілігі мен ауыл түлектерінің алтын бесікке деген құрметтеріне риза болғанбыз.
Жүріп келеміз, жүріп келеміз… Жолбасшымыз аудан әкімінің орынбасары Абылай Базылұлынан Шұбартауға қашан жететінімізді сұрап, мазасызданып келеміз. Ол:
– Шұбартау – біздің ауданда ең шеткері орналасқан ауылдардың бірі. Бұдан әрі Айыртас бар. Семейдің Шұбартауымен шектеседі, – дегенде, демімді ішіме алып, ойға шомғанмын.
Қазіргі көліктің жүрдектігі, асфальт болмаса да, көтерме жолдың барлығы, жалпы, бүгінгі мүмкіндік кеңес дәуіріндегі социалистік құрылыстың жанында «айт пен той» ғой, шіркін. Сол заманда осы далада бірнеше қыстақ болды. Шаруашылық басшылары осынша шалғай ауылдардың тізгінін ұстауға қалай келісім берді екен? Ойды ой қуалап, өз ойыммен өзім оңаша әлек болып келе жатырмын. Иә, ол кезде білген жоқпын, араға екі-үш жыл салып, тура осы екі шаруашылықты басқарып, абырой биігінен көріне білген Шүкіржан Жақсыбековпен дидарласып, даланы дүбірге бөлеген ерен еңбегі жайлы сұхбат құратынымды.
…Қарсы алдымда өңі – ашық, жамалы – жарқын, жанары – мейірім көлшігіндей мейірбан аға отыр. Көпті көргені – парасатында, көп білетіні – ойлы жанарында жатыр. Атына – заты сай. Шүкіршілік пен тобасы мығым екені сөзінен де көзінен де аңғарылады. Қанағаты мен адалдығы – алтын қазығы.
Ұзақ деуге де, қысқа деуге де келмейтін уақытымызды әңгімеге бердік. Толғап жазуға болатын тағдыр иесі. Бір мақала емес, бір кітапқа жүк боларлық жолы бар. Сексеннің сеңгіріне сергек көтерілгендігі қаққан қазықтай, тартылған сымдай тік ұстайтын бойынан да, әр сөзін қабыстыра айтуға бастайтын салмақты ойынан да аңғарылады. Сонда да, жүрген жолының даңғыл болмағандығын жүзінде шиырлаған терең әжімдері әшкерелеп-ақ тұр. Бейнет көрмеді, өз бойын күйттеп, баппен өмір сүрді дей аласыз ба балалығы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген ұрпақты?! Шүкіржан Жақсыбекұлы – соның бірі.
Әкесі Жақсыбек Тоқсымақұлы – Ақтоғай өңіріне аты мәлім діндар адам. Емшілігімен, тақуалығымен ел есінде қалған есім. Жақсыбек ата туралы дерек Қарағанды облысының энциклопедиясына енген. Ел шежіресі мен елеулі есімдер енген жинақтың екінші томының 237-ші бетінде Жақсыбек атаның Бөген-Шаян медресесін бітіріп, бала оқытумен айналысқаны, тіпті, қазақтың классик жазушысы Ғабиден Мұстафиннің алғаш мұсылманша сауатын ашқандығы туралы құнды деректер бар. Ел арасында ешкім атын атамай, «Моллекең» деп кеткен екен. Сонау 30- шы жылдары ескіше оқыған Жақаң секілді моллалардың басына үйірілген қара бұлт бұл кісіні де айналып өтпеген. Ел ішінде діни уағыз айтып, дүмшелік құрды, елді адастырды деген желеумен туған інісі Елшібек екеуін ұстап әкетеді де, інісі сол кеткеннен хабарсыз кетеді. Ал, Шүкеңнің әкесі 3-4 жылдай айдауда болып, 1934 жылы ақталып, елге оралған. Әке айдауда жүргенде Мағрұпжан, Ибраһим есімді екі ұлы аштықтан өледі де, анасы Шөкен Санбайқызы кісі есігінде жалшылықта қалады.
Жалғыз Шүкеңнің емес, тұтас бір әулеттің тағдыры осылайша тәлкекке түсіп, тамырынан үзіле жаздаған кездер де болған. Шүкіржан аға 1939 жылы дүниеге келіпті. Алты жасында анадан жетім қалған. Аналары дүние салғанда әпкесі Құрал – 10 жаста, інісі Әбжан – 4 жаста, қарындасы Ләззат – 2 жаста еді. Тұтас бір отбасының тауқыметі жалғыз әке мен, балалардың ересегі болып қалған Құрал апасы екеуіне түседі. Кейіннен әкесі Ғайша есімді шешелеріне үйленіп, жетімдердің көз жасы құрғайды. Ол кісіні де тағдыры маңдайынан сипай қоймаған. Жолдасы майданнан оралмаған. Ләззат есімді жалғыз қызы болған екен, оны Спасскідегі балалар үйіне өткізіп, көз жазып қалған.
…Бесіктен белі шықпай жатып-ақ, тағдыр ауыртпашылығын арқалаған Шүкіржан аға қайнауда шыныққан құрыштай тас-түйін болып ер жетті. Мақсатшыл болды. Қайратты болды. Інісі Әбжанды оқытып, өзі ауылда анасының жанында қалды. Колхоз жұмысына араласып, жазда пішен, күзде егін орағына қатысып, алты ай қыс алыс қыстақта шопанға көмекші болып еңбек етті. Сырттай болса да оқығысы келген. Онысын өгей болса да, туғанынан бір кем болмаған Ғайша анасы да құптады. Колхоз төрағасына өтініш жасап, Қарқаралы зооветтехникалық техникумына жолдама беруін өтініп еді, рұқсат бермеді. Басқарманың бұл әрекеті қысастық екенін Шүкең жақсы біледі. Совминнің №286 Қаулысына сәйкес, шаруашылық сырттай оқуға ниет танытқан жастардың жол қаражатын есептеп, оқуда болған күндеріне еңбеккүн жазылуы керек. Осыны айтып еді, басқарма кеңседен қуып шықты. Бірбеткей, жігерлі жас алған бетінен қайтпады. Ақыры, шопандағы көмекшілігін жаңа қосылған жары Кәменге тапсырып, атпен Қарқаралыға тартты. Емтиханға келсе, артқы қатарда өзін оқуға жібергісі келмеген колхоз төрағасы да отыр. Сөйтсе, төрағаның қарсылығы ешқандай мал қыстату секілді жауапты науқан емес, қойшымның көмекшісімен бірге оқуға емтихан тапсырмаймын деген жалған намыс екен. Шүкеңді көрген төраға: «Әй, желаяқ, рұқсатсыз неге келесің? Техникумға қабылдаттырмай жіберейін бе, осы?!» деп шүйліксін. Жосықсыз жазғыруды жауапсыз қалдыратын Шүкең бе? «Ағасы, мен кетсем, колхоздың малын келіншегім бағып жатыр. Бұл қысастығыңызға төзбеймін! Керек болса, әлгіндегі емтиханды қалай тапсырғаныңызды баяндап, техникум директорына арызданамын» деп қойып қалды. Төраға жолын тауып, тартып отырды. Жалпы, өзінен жоғары сатыдағы билік өкілдерімен араздығы осылай басталған. Сол сәттен бастап, биліктің бишігін үйіргендерге жақпай қойды. Қудалау, домалақ арыз, көлденең кедергі… Арасында Жаманқұл Шайдаров, Қанат Қойшыбаев секілді парасатты басшылардың әділ шешімі болмағанда, партиядан қуылып, жауапқа тартылып кететін де жағдайлар болған.
Техникум бітіріп келгеннен кейін де әлгі төраға Шүкеңе мамандығы бойынша қызмет бере қоймады. Қой соңында жүре берді. Тіпті, Шүкеңнің соңына шаңқай түсте шам алып түскен төраға оның қойға мініп жүрген атын да тартып алмақшы болған. Сонда қалай, алдындағы отар қойды жаяу бағуы керек пе? Бұл ізденіп, аупарткомның хатшысына дейін барды. Ақыры, амалы құрыған басқарма Шүкеңді екі баласы, кәрі шешесі барына қарамай, Кеңес Әскері қатарына жіберу мәселесімен да астыртын араласып, военкоммен келісіп те қояды. Төрағаның бұл жымысқы әрекеті де іске аспай, Шүкір әскери қызметтен отбасы жағдайына байланысты біржола босатылып, қолына әскери билетін алып қайтады.
Жас маманның таудай талабын, мақсатшылдығын аңғарған аудан басшылары Жақсыбековті «Қоңырат» совхозынан басқа совхозға жіберуді ұйғарып, ұсыныс жасайды. Бұл келіседі де, ХХІІ партсъезд атындағы совхоздың №2 фермасына зоотехник етіп жібереді. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бұйрығын алып келгенімен, бұл совхоздың директоры әлгі ферма зоотехнигін орнынан босата алмай, біраз жүреді. Алғашында алдаусыратып, зоотехник-слекционер деген штатпен ақша төлеп, бөлімшені қабылдап алуға мүмкіндік бере қоймады. Ауданға қайта барып, аупартком совхоз директорын шақыртып алады да, бөлімшенің су жаңа зоотехнигін директордың өзінен жетектетіп жібереді. Бұл келе іске кірісті. Бөлімшедегі мал қоралары тозып кеткен. Малшылар – малдың күйін күйттеуге құлықсыз. Арақ ішіп, шаруаның берекесін қашырып жіберген екен. Көзін ашқалы мал бағып, шопан ата түлігінің қыр-сырын жетік меңгеріп алған жас зоотехник ферманың жұмысын дөңгелетіп ала жөнеледі. Тіпті, бөлімше меңгерушісінің қолын босатты. Бөлімше басқарушысы ақыр соңында: «Шүкіржан, өзің басқар. Қандай бастама, пікірің болады, мен қолдаймын» демесі бар ма… Мал әбден жүдеген. Ферма малшыларына қойға су жылытып беру тәжірибесін енгізген де осы Шүкір аға болатын. Мейлінше енжарлыққа бой алдырып алған шопандар басында бұл бастамаға қарсы болған. Аз күнде қоңданып шыға келген отарды көріп, кейіннен Шүкірдің айтқаны шариғат үкіміндей болды. Шүкең барғаны жылы қыс жұтқа бергісіз қатал болып, совхоздың біршама малы шығын болды. Сол жылы совхоздың бас зоотехнигін орнынан алып, бұл қызметті уақытша атқаруға Жақсыбеков тағайындалды.
Әңгіме арасында:
– Шырағым, мен көрген құқайды менен басқа сабыры кемшін біреу көрсе, баяғыда өліп қалар еді. Әйтеуір, адалдығыма арқа сүйеп, әкемнің адал бол деген аманатын орындау арқылы бәріне төздім ғой. Маған қысастық жасап, қудалағандардың аттарын атап беруге де болар еді… Олардың өздері о дүниелік болып кеткенімен, артында ұрпақтары бар. Солардың бетіне салық болмасын, мақалада олардың аттары аталмаса екен, – деді.
Шіркін-ай, неткен тазалық! Не деген парасат!
Аудан басшылары Шүкеңнің тәжірибесін, адалдығын бағалады. Бірақ, бірыңғай кетеуі кетіп, шашылуға шақ қалған шаруашылықтарға жіберіп отырды. Ақтоғайдың «Шұбартау», «Айыртас» совхоздарын басқарды. Шаруашылықты өрге тартып, көрсеткіштерін көш басына шығарды. Сонда да, тексеру, тіміскілеу, арыз ұйымдастыру… Апта сайын болмаса да, ай сайын бір комиссия келіп, партиялылығы да, қызметі де бірнеше рет таразыға тартылды.
Бірде жанармай таситын көліктің жүргізушісі өртеніп, бірде жылқышы аттан құлап қайтыс болды. Осы жағдайларды пайдаланып, Жақсыбековті қызмет пен партиядан аластатпақшы болған. Енді бірде «Желтоқсан оқиғасына» студент қыз баласы қатысты деген желеумен обкомның бюросында жауап берді. Сол жолы ғой, тура осы оқиғаға қатысты обком бюросы партиядан шығарылғандар мен қызметтен босатылғандардың тізімін жариялағанда, олардың арасында Шүкеңнің аты аталмай қалды. Яки, қателесті, яки, «оқудағы баланың жағдайына ауылдағы әке қалай жауап береді?» деген жақтаушылар пікірінің септігі тиді. Әйтеуір, бюродан соң бір жанашыр ағасы «Шүкіржан, сенің атың аталмай қалды ғой… Молекеңнің әруағы жар болды-ау» деген сонда. Шынымен-ақ, әке рухы қолдап жүрген шығар, сан мәрте қасақана ұйымдастырылған пәле-жаладан аман өтті. Бірақ, жүйке жұқарды, жүрек сыздады. Денсаулығы көп залал тартты.
Бірақ, Шүкір ағам жеңілген жоқ. Қанағатынан, шүкір-тобасынан айнымай, адалдығын алтын қазық етіп, абырой биігіне көтеріле берді. Арқадағы ең биік тау Ақсораң болса, Шүкең де «ергежейлі пенделерге» сол Ақсораңның биігінен қарап тұр.
Ауданның Құрмет тақтасына суреті ілініп, Құрмет кітабына есімі жазылды ма, білмеймін. Шүкең үшін Құрмет тақтасы да, Құрмет кітабы да – елінің жүрегі. Оның ерен еңбегі мен биік парасаты, адами келбеті ел жүрегіне жазылып қалған!
Ерсін МҰСАБЕК