Адал бәсекелестік алға бастырады
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті өңірдегі тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне 12 түрлі талдау жүргізуді аяқтады. Нәтижесінде, бірқатар кәсіпорындардың көтерме сату нарығында монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері анықталды. Қазір тергеп-тексеру жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аталған департаменттің тергеу бөлімінің бастығы Айкүнім Жаңабекова мәлімдеді.
Айкүнім Әділқызы бір талдау нәтижесі бойынша көтерме сату нарығында монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері анықталғанын айтады. Атап айтар болсақ, «Нәтиже» Сүт фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі баға белгілеуде сүзбенің бағасын өзге компаниялармен салыстырғанда жоғары немесе төмен етіп қойған.
Дәл осындай заң бұзушылық «Аркада Индастри» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де анықталған. 2000 жылдан қызметін жүзеге асыратын компания қиыршық тас пен құм өндіреді. Осы екі компанияға қатысты бүгінде тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, мән-жайлары анықталуда.
Айкүнім Жаңабекова аяқталған тергеп-тексерулердің де бар екенін айтады.
– «Қарағанды Жарық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басқа нарық субъектілеріне тауар нарығына кіруге немесе тауар нарығынан шығуға кедергі келтірген. Одан бөлек, «Химимпорт», «Семдел Group», «EastOK» жеке кәсіпкерлері, «KRON Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Каустик» акционерлік қоғамы сауда-саттықтағы бағаларды көтеру, төмендету немесе ұстап тұру, сауда-саттық, аукциондар мен конкурстардың қорытындыларын бұрмалау бөлігінде, оның ішінде лоттар бойынша бөлу жолымен монополияға қарсы заңнаманы бұзған. Дәл осындай заң бұзушылыққа «Kaz Motor» және «Volvo Group Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері де жол берген, – дейді Айкүнім Әділқызы.
Жалпы, Кәсіпкерлік кодекстің 195-1-бабының ережелеріне сәйкес, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі шаралар жүйесі монополияға қарсы комплаенс болып табылады. Ол бизнеске монополияға қарсы органмен бірлесіп, тауар нарығындағы саясатты және адал бәсекелестік қағидаларын қорғауды көздейді. Ал, монополияға қарсы сәйкестікке қол қою арқылы компаниялар адал бәсекелестікке ұмтылуды растайды.
Мәселен, биыл департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары саласындағы және ритейл-сектор компаниялармен монополияға қарсы 11 комплаенстің сыртқы актілеріне қол қойған.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті баға реттемейтінін айту керек.
– Департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттемейді және белгілемейді. Біздің міндетіміз – табиғи монополия субъектілері ұсынған нарықтардан басқа, доминанттар мен монополистер болып табылатын субъектілер тарапынан монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілеріне ден қоямыз, – дейді Айкүнім Жаңабекова.
Айкүнім Әділқызы биыл жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін де қарайды. Мәселен, «Балхаш универсал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Балқаш қаласының әкімдігі қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауды және тасымалдауды жүзеге асыратын компаниялар арасында нарыққа қатысушыларды айқындау конкурсын өткізбегенін айтып шағымданған. Одан бөлек, «Теректі-Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі электрмен жабдықтау нарығындағы шектеу бөлігінде Қарағанды өңірлік энергетикалық компаниясына қатысты хабарлама қалдырған.
Сондай-ақ, департамент квазимемлекеттік кәсіпорындардың, оның ішінде «Сарыарқа» Хоккей клубы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Шахтер» Футбол клубы» акционерлік қоғамы қызметіне де мониторинг жүргізді.
– Аталған компаниялар қызметінің түрлері тізбе талаптарына сәйкес келмейді. Салдарынан мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысу шегі бөлігінде Кодекстің ережелері бұзылған. Осыған байланысты, «Сарыарқа» Хоккей клубы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Шахтер» Футбол клубы» акционерлік қоғамының құрылтайшысы – облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының атына тізбеге сәйкес ведомстволық бағынысты заңды тұлғалардың қызмет түрлерін сәйкестендіру туралы ұйғарым шығарылды, – дейді Айкүнім Жаңабекова.
Басқарма монополияға қарсы органның ұйғарымдарымен келіскенімен, спорт саласында жүзеге асырылатын қызмет түрлерінің тізбесінің болмауына байланысты, нұсқамаларды орындау мүмкіндігі жоқ. Осыған байланысты аталған субъектілерді бәсекелестік ортаға беру туралы мәселе қаралуда.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде департамент облыс әкімдігіне «Сарыарқа» Хоккей клубы» ЖШС және «Шахтер» Футбол клубы» АҚ жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына енгізу мәселесін қарастыру туралы хат жолдаған.
Сондай-ақ, департамент жанында нарықтарға кіруге, бәсекелестік нарықтық экономиканы қалыптастыруға қиындық тудыратын кедергілерді анықтау үшін Кедергілер жөніндегі кеңес жұмыс істейді.
Кеңес қызметінің нәтижелері бойынша әзірленген ұсынымдар «Кедергілер картасын» қалыптастыру және бәсекелестікті бұрмалайтын факторларды жою жөніндегі жұмысты одан әрі ұйымдастыру үшін жіберіледі. Сондай-ақ, бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны қалыптастыру және өзектендіру кезінде пайдаланылады.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz