Облыс әкімдігінде

Абзал НҮКЕНОВ: «Қарағандыда жағдай – қалыпты»

Еліміз сын сағаттарды басынан өткеруде. Елдігімізді сақтау үшін бір тудың астына бірігетін кез келді. Өйткені, еліміздің барлық аймағында, соның ішінде Қарағанды облысында қалыптасқан жағдайға байланысты 5-19 қаңтар аралығында Төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Бұл – елдегі тыныштықты сақтап, ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалған аса маңызды қадам. Аталған жайт барлық қазақстандықты алаңдатып, көңіліне кірбің түсіргені анық. Осы өзекті мәселе бойынша, облыс аумағында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ жедел сұхбат берді.

Абзал Нүкенұлы, алдымен, Төтенше жағдайға байланысты облыс аумағында қолға алынып жатқан жұмыстардан бастасаңыз.

– Бүгінгі күні елдегі қалыптасқан жағдай ескеріліп, аймақ бойынша Төтенше жағдай режимі енгізілгенін өздеріңіз де білесіздер. Осыған байланысты тиісті шаралар қабылданып жатыр. Дейтұрғанмен, бүгінде облыс бойынша базарлар, сауда орындары және басқа да қоғамдық орындар штаттық режимде өз жұмысын жалғастыруда. Әрине, екінші деңгейлі банктердің жұмысына байланысты туындаған сұрақтар бар. Ол сауалдар бойынша тиісті орталықтармен бірге шешім қабылдауға күш салып жатырмыз.

Облыс аумағындағы жағдай жөнінде не айтасыз?

– Қазіргі уақытта Қарағанды облысы аумағында жағдай – тұрақты. Десек те, осы күні аймақтағы еңбек ұжымдарында туындаған белгілі сұрақтардың бар екенін көріп отырмыз. Осы туындаған сауалдардың оң шешілуіне жауапты органдармен тиісті жұмыстарды жүргізудеміз. Түсіндіру жұмыстары және басқа да өзекті мәселелерді шешу шаралары бойынша жұмыс жоспар бойынша жүріп жатыр.

Облыс тұрғындары Тәуелсіздік алаңына келіп, өз талаптарын қойғанын білеміз. Бұл бағытта нендей жұмыс атқарылуда?

– Иә, Қарағанды облысының азаматтары да орын алған ахуалға алаңдаушылық білдіріп, алаңға шығып, өздерінің сұрақтарын, талаптарын қойды. Бұл – азаматтарымыздың заңды құқығы. Мен алаңға өзім барып, азаматтармен сөйлестім. Қойылған талаптары мен ұсыныстарын жазып алдық. Осы мәселе жөнінде жауапты мамандар һәм қоғам белсенділері жұмыла жұмыс істеп, тиісті нәтиже шығаруға тырысудамыз. Бастысы, шеру бейбіт түрде өтті, ешқандай тәртіпсіздік орын алған жоқ.

Ал, облыс орталығынан тысқары Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш қалаларындағы жағдай тұрақты ма?

– Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш өңірлерінде де іргелі еңбек ұжымдарының өз жұмыс жағдайына, жалақысына байланысты қойып жатқан сұрақтары, белгілі бір талаптары бар. Бұл мәселелер бойынша да жергілікті билік өкілдері кәсіпорын басшыларымен кездесіп, тиісті жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алаңдауға орын жоқ.

Аймақ тұрғындарының елімізде орын алған келеңсіз жағдайға көзқарасы жөнінде не айтар едіңіз?

– Жалпы айтсақ, халықтың көңіліндегі алаңдаушылық әрине, түсінікті. Елдің басына үлкен сын түсіп тұр. Елдің тағдыры, болашағы таразыға тартымды десе де болады. Бірақ, осындай сын сағатында мен облыс жұртшылығына үлкен түсіністікпен қарап, азаматтық танытып жатқаны үшін ризашылығымды білдіріп, алғысымды айтқым келеді. Меніңше, бұл – қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатын, ұстанымын толыққанды түсініп, қолдаудың нәтижесі.

Осы күрделі жағдайдан шығып, қалыпты өмірге оралу үшін аймақ тұрғындарына не айтар едіңіз?

– Облыс тұрғындарын, ел азаматтарын осы жауапты сәтте ауызбіршілікке, бірлікке, еліміздің болашағы үшін жұмыла жұмыс істеуге шақырамын. Өйткені, береке – бірлікте. Ортақ Отанымыздың тыныштығы мен берекесін сақтау үшін бізге бірлік қажет. Тәуелсіздігімізді сақтап, азаматтарымыздың қауіпсіздігін иық тіресе жүріп, қамтамасыз етейік, құрметті жерлестер!

Уақыт тауып, жедел сұхбат бергеніңізге рахмет!

Әңгімелескен Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button