Қарағанды

Абзал аға – сексеннің сеңгірінде

   «Қайратты ерге бақ тұрар» дейді қазақ. Маңдай термен келген абыройдан бағалы атақ болмас бұл жалғанда. Ағамыз Рахымжан ӨТЕБАЕВ – ерен еңбегінің, қалтқысыз қызметінің арқасында ел құрметіне бөленген жандардың бірі.

Рахаң – бүгін сексеннің сеңгіріне көтеріліӨтебаевп отыр. 1937 жылы 29 маусымда Шет ауданындағы бұрынғы Қарғалы қосалқы шаруашылығында дүниеге келді. Балалық шағы соғыс жылдарына дөп келген ағамыз буыны бекімеген шағынан жұмысқа араласты. Ал, 1955 жылы сол Қарғалыда жұмысшы болып, ресми еңбек жолы басталды.

Бұл – бүкілодақтық тың игеру науқаны басталып кеткен кезең еді. 1957 жылы трактордың рөліне отырған Рахаң сол жерде тапжылмай он бес жыл тер төкті. 1971 жылдың орта шеніне дейін тракторымен тусыраған жерге түрен салып, ел ырзығын еселеуге үлес қосты. Ол кезде ескі темір табан тракторлар қолданыста болды. Қазақ оны «шотаяқ» дейтін. Рахаңа «шотаяқ» айнымас серік болды.

Еңбекте қатарының алды болды. 1958 жылы «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталды.

Тындырымдылығымен көзге түсті. Партия жүктеген тапсырмаларды уақытында орындайтын белсенділігінің арқасында 1964-1965 жылдары алғысқа ие болды. 1970 жылы Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай «Ерен еңбегі үшін» медалін жарқырата кеудесіне тақты. 1982 жылы «Коммунистік еңбек екпіндісі» атағы берілді.

Осы аралықта ағамыз Отан алдындағы борышын өтеп келді. Үш жыл бұрынғы Ленинградта болды. 1957-1960 жылдары мінсіз қызметі үшін үш рет демалыста ауылға келіп кетті. Әскер қатарындағы үлгілі еңбегі үшін 1960 жылы «Коммунистік еңбек бригадасының мүшесі» атағын иеленді.

Армиядан оралған соң шаңырақ көтерді. Балаларының қамын ойлаған, барынша жақсы білім беруді мақсат қылған Рахаң 1971 жылы Ақшатау кентіне қоныс аударды. Ақшатау кен байыту комбинатының механизаторлық цех бөлімшесіне 4-ші разрядті слесарь болып жұмысқа орналасты. 1976 жылы шахтаға электр слесарі болып ауысып, 1988 жылға дейін осында еңбек етті. Осы жерден зейнетке шықты.

Рахаңның ғұмыр жолындағы ерен еңбегі егемендік жылдарында да елеусіз қалмады. 2004 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Тың игеруге – 50 жыл» төсбелгісімен мерейі бір мәрте асқақтады.

Бүгінде Рахаң Ақшатау кентінде тұрады. Ақарлы-шақарлы әулеттің зәулім бәйтерегі. Немере-шөбере сүйіп отырған жайы бар. Сексеннің қырына көтерілген ағамызды биігімен құттықтаймыз.

Ақ айдынға салып бақыт кемесін,

Жарқын жүзбен, қуанышпен

келесің.

Құтты болсын сексен жасың,

ағашым,

Өзіңізді бір құдайым демесін.

Бақ орнасын әрдайым басыңызға,

Жас қосылсын, ағашым,

жасыңызға!

Отбасына қуаныш сыйлап талай,

Амандықпен жетіңіз жүзге қарай.

Бала шақтан кеудеңде таласты

үміт,

Қаныңда жоқ әу бастан оғаш

қылық.

Өз күшіңмен келесің, асыл аға,

Бақытыңды сәтімен қаластырып.

Той тойлаған жақсы ғой

отбасымен,

Құда-жекжат, нағашы, қариямен,

Жүзге дейін талмастан,

қажымастан,

Жүзе бергін Ұлы Өмір-Дариямен!

Шынарбек БАЛАПАНОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button