ҒАБИДЕН ҚҰЛАХМЕТ
2010 жыл.
8 наурыз.
Шу базары
Алтын бекет – біз түскен
Шу базары,
Жатыр екен теңіздей тулап әлі.
Арулары Алаштың осында екен:
«Қарбыз ал!» деп «Қауын ал?!.
Шулағаны…
Жоқтық келіп қол байлап
сірестіріп,
Жалынышты дауыстар
тұр естіліп.
« – Түк те алмаймыз…» деп еді Ғабиден сал,
Мың теңгеден бәріне үлестіріп…
Сауданың да сол күні
жолы болып,
Сұлу біткен Ғабеңнің
соңына еріп;
Алматыдан атымтай
жомарт келді,
Шу базары шулады соны көріп…
Соңымыздан қошемет ілесіп кіл,
Көңірсіген көңілде гүл өсіп бір;
Кіріп келсек купеге, қазы-қарта,
Жеміс-жидек дегенің сіресіп тұр!
Жерге қарап, елге де,
Жасымаған,
Ез болғанда – еркегі,
Ғасыры – алаң;
Алмағайып заманда жанын
жалдап,
Осы әйелдер Алашты асыраған…
Жетім еді біреуі, жесір еді,
Тар жол, тайғақ кешуді кешіп еді,
Сыр білдірмей, жібектей есіледі;
(Қалтасынан бір ұлы беріп
кеткен,
Өкіметі бермеген несиені…).
Шолпанның жарығы
Шығыс жақта бір жер бар
Шолпан деген,
Оянғанда күн сайын сол
таңменен;
Бір сағыныш сандалтып,
сарғайтады,
Қол-аяғым…
Кеудемді… қолқамменен…
«Елді сүю – ерінің мұраты» деп,
Жүретұғын дүрілдеп дүр ақын-ед;
Енді маған қайтып кеп көріспейтін,
Сонда қалды Ғабиден Құлахмет…
Арыстар-ай, кеудесі көк тіреген,
Ақталғанда алқынып
жетті де өрен:
«Енді бізге жамандап
жақсыларды,
«Жақсы» атанар кезең де кетті!» деген!
Әулиедей көрген сол арыстарды,
Қайран, уақыт, қалайша
алыс қалды?
Гу-гу етіп жүргенде
дәлдүріштер,
Гүр-гүр етіп жүретін
Арыстан-ды!
Сары Арқада тамырдан
қаным ысып,
Соған қарай кетеді жаным ұшып;
Көктен Шолпан жарқ етсе,
Асқақ Рух –
Шығыстағы Шолпанмен
шағылысып…
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ