Бас тақырыпРуханият

Ғабеңнің ғибраты

Қазақ әдебиетінің классигі, қара сөздің хас шебері Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповпен өмірімде екі рет жүздесіп, ғибратты әңгімелерін тыңдаған едім. Алғашқысында ол Бұқар жырау ауданының (бұрынғы Ульянов) сол кездегі Қылыш Бабаев атындағы кеңшар орталығындағы біздің үйге 1980 жылдың маусым айында қонақ болды.

Қаламгерді әкеммен бұрыннан досжар академик Ебіней Арыстанұлы Бөкетов бастап келді. Екі машинамен жеткен сыйлы меймандардың арасында академик Өмірзақ Айтбаев, Ғабеңнің кейінгі жұбайы Ғазиза, оның бауыры, Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Базарбай Жұманиязов, тағы басқа кісілер бар еді. Ебіней Арыстанұлы Қарағандыдағы Химия-металлургия институтында директор болып жүргенінде туған нағашым, бүгінде химия ғылымдарының докторы, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың профессоры Кенжебек Түсіпұлы Рүстембековтің кандидаттық жұмысына ғылыми жетекшілік жасап, сол арқылы әкем Мәз Имашұлы Қарасартовпен араласып-құраласып, жақын жолдас болып кеткен. Бұл уақытта кеңшардың прорабы болып істейтін әкем Мәз бен анам Тұрымтай дастарханы жиылмайтын өте қонақжай адамдар еді. Сондықтан да, ол әр жолы қаншама игі жақсылармен бірге түстеніп, не қона жатып қайтатын. Сондайда олар жақсы демалыс, әңгіме-дүкен құрып, ағаш арасында сейілдеп, суға түсетін. Ал біз, ағам Мейрам екеуіміз қонақтар кеткенше ол кісілердің қолдарына су құйып, күтімін жасасып, ұлағатты сөздерін тыңдайтынбыз.

Әсіресе, Ғабит Махмұтұлының бет-бейнесі, сөйлеген сөздері әлі күнге жадымда. Ол өте сырбаз, нағыз зиялы, қайратты жан еді. Әр әңгімесін баппен, майда қоңыр дауысымен салмақтап айтатын. Ағам екеуміз де студентпіз. Бірінші келгенінде біз одан Алаштың ардағы, аталас туысымыз, жазықсыз жаланың құрбаны болып кеткен жазушы Жүсіпбек Аймауытов туралы не білетінін сұраған едік. Сонда ол сәл күрсініп алып:

– Мен Жүсекеңді ұстаз санаймын. Жаңа қалам ұстай бастағанда оған жазған-сызғандарымды көрсетіп, ақыл-кеңестерін көп тыңдаған жанмын. Жерлесім Сәбит Мұқанов та сөйтетін. Жүсіпбек өте келбетті, сегіз қырлы, бір сырлы азамат болатын. Ол ағылтып шешен сөйлеп, нені болсын мөлдіретіп жазып, бар аспапта шебер ойнайтын. Әнді тамаша айтып, орысшадан жасаған аудармалары керемет, жазуы да маржандай еді. Әттең, небәрі 40 жасында жазықсыз жаламен ұсталып, екі жыл Москваның Бутырка түрмесінде жатып, 1931 жылы 42 жасында атылып кетті ғой. Әйтпесе оның халқына берері әлі де ұшан-теңіз еді-ау. Аймауытовтың жазықсыз атылуына басты себеп болған жағдай – оның 1929 жылы болған Созақ көтерілісінің үндеуін жазып берген деген жала. 1957 жылы репрессия құрбандары Сәкен, Ілияс, Бейімбет тағы басқа арыстарымыз ақталып жатқанда, мен сол комиссияның мүшесі ретінде оны айыптау ісін мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен алдырып, шұқшия қарап, зерттедім. Сонда тігілген қағазда көтеріліске үндеудің стилі де, қолтаңбасы да Жүсекеңдікіне мүлдем ұқсамайды. Соны дәлелдемек болған менің сөзіме ешкімде құлақ аспады. Бірақ ол түбі ақталады, – деп сырын шерткен.

Ғабеңнің сол айтқаны дәл келіп, Жүсіпбек Аймауытов 1989 жылы түпкілікті ақталды да. Өкініштісі, оны Ғабең көре алмады.

Біз бұл жолы бұдан басқадай көп жайттарға қанығып, оның әдебиет, мәдениет жайлы ой-толғамдарын тыңдадық. Сырт көзге тәкаппар, кірпияз болып көрінетін ол бізді баласындай, тең адамдай сөйлесіп, пікірлесті.

Тамақ ішіліп, ет желініп болған соң, құрметті қонақтар суға түсіп салқындамаққа өзенге барды. Сондағы көргеніміз – ерке Есілдің жағасында туып-өскен Ғабең мен Ебекең (екеуі де Солтүстік Қазақстан облысынан) суда балықша жүзгендері. 

Осы жолы ғалым Өмірзақ Айтбаев айтқан қаншама әнді де тыңдадық. Соның ішінде Біржан салдың «Теміртас» әнін одан асырып айтқан әншіні әлі кезіктірмеппін. Осы ән Өмірзақ ағамыздың айтуымен қырғыздардың «Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері» фильмінде шырқалатынын елдің бәрі біледі. 

Екінші ретінде Ғабит Мүсірепов 1981 жылдың жазында Қарқаралыдағы «Шахтер» шипажайына демалуға келді. Бұл туралы әкейді Ебіней Арыстанұлы хабардар етіп, ол бір семіз қойды сойып, басын үйтіп, қымызды молынан алып, шешей мен Мейрам екеумізді қасына алып, нағашым Жағалтайдың «Жигулиімен» жолға шықтық.

Біз барғанда, Ғабең мен Ебекең, Қарқаралы аудандық партия комитетінің сол тұстағы бірінші хатшысы Махмет Бекшин үшеуі қалың ағаштың саясында арқалы ұзын орындықта отыр екен. Құшақ жая қарсы алған Евекең бізді өздері түскен бөлмеге бастады. Заматында дастарқан жайылып, ет желініп, қымыз ішіліп, гу-гу әңгіме қызды. Ел, жер тарихы, көрнекті тұлғалар туралы сөз қозғалып, сыр шертілді. Сонда Ғабит Мүсіреповтің:

– Мен шетелдерге сапарлап барғаным болмаса, өз еліміздің көрікті жерлерінде тынығып, демалғанды жақсы көремін. Өзіміздің Көкшетау, Баянауыл, мына Қарқаралымыздың Швейцариядан кемдігі бар ма?! – деп шалқып сөйлегені күні бүгінгідей құлағымда.

…Бұдан кейін Ғабеңнің біздің жаққа жолы түспеді.

Ержан ИМАШ. 

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button