Абайдың ізін, Мәдидің рухын таныдық
Таңсәріде бас жағымда тұрған оятқыштың дауысы бөлме ішін жаңғыртып кетті. Қолымды дереу созып, өшіріп тастадым. Бір байқағаным, күндегідей емес, ұйқым қанып қалыпты. Десе де көңілім әлденеге алаң. Немесе, әлденеге шаттанып тұрғандай. Көзімді аша сала басыма бірінші келгені: «Көліктен қалып қоймадым ба екен?» деген ой. Киелі мекенге сапарлап барамын. Бірақ, мен үшін бұл жай сапар емес, тағылымы мол, мазмұны терең сапар болмақ. Осы ойдың жетегімен есіктің аузында тұрған сөмкемді мойныма іле сала жоспарланған жерде күтіп тұрған көлікке бет алдым.
Бұл жолғы бағыт – киелі де қасиетті Қарқаралы өңірі. Құнанбай мен Абай бабамыздың ізі, Мәди батырдың мол мұрасы қалған мекен. Дауылпаз ақын Қасымның кіндік қаны тамған топырақ. Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынов алғаш рет мектеп ашып, қазақ балаларын сауатын ашқан осы Қарқаралы еді. Кешегі қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров те осы киелі мекеннің перзенті.
Әлгінде бізді күтіп тұрған көлікке жеттік. Бізді бастап бара жатқан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы. «Елтану» жобасы аясында «Ұлы Дала Елі» танымдық экспедициясына ҚХА мүшелері, мемлекеттік тілді меңгерген түрлі этнос өкілдерімен бара жатырмыз. Ондағы мақсат, киелі мекендегі қасиетті орындарға ат басын бұрып, тәу ету. Құнды жәдігерлерін тамашалау. Яғни, өзге ұлт өкілдеріне Қарқаралы өңірін таныстыру.
Көлік орнынан қозғалды…
Қарқаралыға таяп қалсақ керек, ауа температурасы ылғалдана түсті. Әрі жұпар иіс те танауды жарып барады. Бұл – дала иісі. Күнделікті күйбеңмен мекенжайыңнан екі көше әрі аса алмай жүрген біздер үшін саф ауа бірден сезілді. Самал жел қарағай басын әлсін-әлсін тербетіп тұр. Салқыны бойыңды сәл қалтыратқанымен, бет қаритын ызғар жоқ. Күз келсе де, бұл өңірдің желектері сарғаймапты. Керісінше, одан бетер сұлуланып тұр…
Лық толы көлік ауданның кіреберісінде тұрған «Алаш арыстары» ескерткішінің алдына келіп тоқтады. Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Ахмет Байтұрсынұлының келелі кеңес құрып отырғандағы бейнесі. Тарихтан белгілі, 1921 жылы Алаш арыстары Лениннің тұсында сегіз сағат дауласып, Қазақстанның шекарасын белгілеп алған еді. Сол бір болған оқиғаны белгілі мүсінші Талғат Байоразов 2019 жылы қоладан құяды. Еңселі ескерткіштің биіктігі тұғырымен қоса есептегенде – төрт метр. Әр персонажға екі тоннадай қола кетіпті. Ескертіш тұғырының қабырғасында Алаш қайраткерлерінің қанатты сөздері де жазылған. Ауыл үлкендері ескерткіш тарихымен бөліскеннен кейін экспедиция мүшелері гүл қойып, баба аруағына тағзым етті.
Бұдан әрі халық ақыны Мәди Бәпиұлының ескерткішіне бет алдық. Осы ескерткіштің артқы жағында түрме болған деседі. Сол түрмеден қашты деген сылтаумен ақынды дәл осы ескерткіш тұрған жерде атып тастаған екен. Бүгінде сол оқиға орынында баба ескерткіші бой көтерді. Одан шыға бере Құнанбай мешітіне жол түсті. Мешіттің құрылысы 1850 жылы басталып, 1851 жылы аяқталған. Қарқаралы округіндегі ислам дінін уағыздауға, балалардың сауатын ашуға қызмет етіпті. Одан әрі орналасқан ақын, философ Абай Құнанбайұлы тоқтаған үйге кірдік. Бұл – 1850 жылы салынған бір қабатты ғимарат. Биіктігі – 5 метр. Құнды жәдігерлер жайлы толық ақпарат алып, саяхатымызды одан әрі жалғадық…
Саяхатшы, географ, этнограф, фольклоршы Григорий Потанин тоқтаған тарихи үймен де таныстық. Негізінде бұл үйді 1870-1880 жылдар аралығында орыс көпесі Василий Рязанцев қызыл кірпіштен салдырған. Григорий Потанин Қарқаралыға келген уақытында осы үйге тоқтаған екен. Сапар барысында ел арасында тараған аңыз-жырлардың сан алуан нұсқасын жинап, қазақ фольклорын зерттеумен айналысыпты. Өз еңбектерінде Қарқаралыда болғаны және көпес Василий Рязанцевтің үйіне тоқтағандығын ашып жазған. Әрі бұл жөнінде кітапхана ғимаратының сыртында ғалымның тоқтағаны жөнінде жазылған мемориалдық тақта да ілулі.
– Григорий Потанин бұл үйде 1913 жылдары болған. Ал, Шоқан Уалиханов та Қарқаралыға сапары кезінде осы үйге келіп тоқтаған. Өмірден өтерінің алдында осы жерде жатып қазақтың ауыз әдебиетін, өлең жырлары, дәстүрлерін жинап алып кеткен. Қарқаралыға келген атақты тұлғаның бәрі осы үйге келіп тоқтаған тарихи үй бұл, – деді жергілікті өлкетанушылар.
Одан кейінгі тағы бір тарихи нысан – қала басындағы көк шатырлы татар көпесі Халиолла Бекметовтің «Көк үйі». Алшынбай аға сұлтан болған жылдары қызмет бабымен үш мәрте келіп, үшеуінде де осы жерге ат суытқан. Абай да Қарқаралыға үш мәрте келіп, осында тоқтапты. Дәл осы үйде 1905 жылы атақты Қарқаралы петициясы жазылған. Ол петицияны Ахмет Байтұрсын, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев, Имам Әлімбеков сынды арыстар жазып, «Қоянды» жәрмеңкесінде 14 мың 500 адам қол қойған.
Қарқаралы тарихи-өлкетану музейіне, «Қызыл кеніш» сарайына барып, жергілікті өлкетанушылармен кездесу өткіздік. «Қызыл кеніш» сарайы – XVI-XVII ғасырларда Жоңғар хандығы тұсында салынған екі қабатты, айқыш тәріздес архитектуралық ескерткіш. Құрылыс материалына, осы өңірдің қызыл тасы қашап пайдаланылған. Қызыл Кент үйіндісінің маңынан бидай тұқымы бар бірнеше қыш құмыралар, будда дінінің заттары табылған.
Түс ауа Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов ашқан Ақтерек ауылындағы мектепке жол тарттық. Қазіргі уақытта бұл жерде мектеп жасына дейінгі балалар тәрбиеленуде. Ғимараттың бір бөлмесінен ұлт ұстазының дәріс берген сыныбы ретінде мұражай ашқан екен.
– Бұл – тарихи орны бар ағаш үй. Бізде тоғыз жылдық мектеп бөлек. Ғалым Ақжан Машанидің айтуы бойынша 1980 жылы «Ұлан» газетіне «Қарқаралыдағы тұңғыш қазақ мектебі» деген атпен үлкен мақала жарық көрді. Сол мақалада Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов 1904-1908 жылдары осы жерде сабақ берген деген дерек бар. Сонымен қатар, әліппені де осы жерде құрастырған деген дерек бар, – деді А.Байтұрсынов атындағы №26 негізгі орта мектебінің директоры Светлана Әбенова.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz