Басты тақырыпЖаңалықтар

«Абайдың балалық шағы» анимациялық фильмі көрсетіледі

Міне, «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесінің басталуына 21 күн қалды. Астанада баламалы энергия көздерін іздеу жолдары сарапқа салынады.

Төл мәдениетіміз бен әсем табиғатымызды тамашалауға да жаһан жұрты ынтық. Бір сөзбен айтқанда, байтақ еліміздің бай тарихы – Әлем назарында. Ресми дерекке сүйенсек, Көрме аясында жеті мыңнан астам мәдени іс-шара өтеді. Соның бірі – «Абайдың балалық шағы» анимациялық фильмінің көрсетілімі.

Жағымды жаңалықты елдегі бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Марқайып қалдық. Рухани жаңғыруымыздың да бір нашаны осы емес пе?!

Бүгінгі балақай қазақ мультфильмдерінен кенде емес. Дегенмен, «Дара мен ботиды» көріп жүрген қара домалаққа Ұлы Абайдың балалық шағымен танысу он есе олжа емес пе?!

Көп сериялы фильм Қытайдың Үрімші қаласында түсіріліп жатыр. 3D сапасында.

«Абай жолы» компаниясының директоры Ғұсман Қажытай мәлімдегендей, фильмді қазақ тіліне дубляж жасағандар – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрының актерлері.

Қандасымыз Ғұсман Қажытайдың мамандығы – экономист. Бірақ, бала кезінен сурет салуға бейім өскен. Ол өзі басқаратын компанияның фильмді түсіруге қызығушылық танытқанын осылай сабақтастырады. Мақсаты – Ұлы бабамыздың балалық шағын көрсету арқылы ұл-қыздарға тәрбие беру. Абайдың өскен ортасын жас ұрпаққа мультипликациялық фильм арқылы көркем түрде жеткізу. Құлыншақтарды жастайынан Абай тәліміне баулу.

Мамандар осы фильмді әзірлеуге аса үлкен мән беріп отыр. Қуанышты, әрине. Ұлы тұлғамыздың балалық шағы халық фольклоры негізінде суреттеледі. Осылайша, шығарманың ішкі мазмұнын байыта түседі.

Фильмде қазақ даласының көз тартар жерлері де қамтылған. Бала Абай бейнесі арқылы қазақ баласының болмысы ашылады. Туындыда ұлттық тәрбиеміз, салт-дәстүріміз де қамтылған. Халқымыз­дың бала тәрбиесіндегі өнегесі насихатталады. Сондай-ақ, бүлдіршіндерімізді жан-жануарлар әлеміне құрмет көрсетуге, ізгілікке шақырады.

Анимациялық фильмді түсіру жұ­мыс­­тарына Күн шығыс елі қаржылай көмек көрсеткен. Сол елдегі «Аз ұлттардың мәдениетін қорғау және қолдау» саясатының негізінде. Әзірге қытайлық телеарна мамандары фильмге оң бағасын берген. Тіптен, жобаға Малайзия, Тайвань, Тайланд және Сингапур сияқты басқа да мемлекеттердің 200-дей телеарналары қызығушылық танытуда.

Р.S. «Той атымен тон тігіледі». Көрмеден күтер олжамыз көп.

Ұлы Дала Елі – Мәңгілік Елі­міздің мұратты мұрагерлері де базарлықтан құр қалмайды.

Көрмені көзбен көруге асы­ғыңыз!

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button