Қарқаралы

Абай тоқтаған үй

Қасиетті қара топырағында топ бастаған шешендер мен қол бастаған батырлар дүниеге келген Қарқаралы – талай ұлылардың табаны тиген жер. Тұмса табиғатынан бөлек, тарихы тереңнен тамыр тартқан қарт Қарқаралыны білмейтін жан кемде-кем шығар. Қайталанбас тарихымен, тамаша табиғатымен аты аңызға айналған Сарыарқаның төсіндегі киелі өңір. Ұлылардың ұясы атанған өлкеде тарихи-мәдени ескерткіштер өте көп. Соның бірі – татар көпесі Халиолла Бекметовтің үйі.

Қарқаралы тарихы аға сұлтан Құнанбай мен оның ұлы Абаймен тығыз байланысты. Қарқаралы уезд орталығы болып тұрған тұста Құнанбай жұмыс бабымен Қарқаралыда жиі болады. Келген сайын бала Абайды да ертіп әкеліп жүреді. Бүгінде сол бір кезеңдерден қалған мәңгілік мұра, рухани қазына – Құнанбай салдырған мешіт. Одан кейінгі мәдени орынның бірі – Бекметовтердің үйі.

Сол кездегі сәулет өнерінің һас туындысы саналатын ағаш үйде әкелі-балалы Құнанбай мен Абай түсіп, демалатын, жұмыс жасайтын арнайы бөлмелері болған деседі. Бөлмесі көп, төбесі биік ғимараттың сәулеті де ерекше. Әрі сол кезде қабырғаға жапсарлас салынған ұзынша келген домалақ темір пештері әлі күнге дейін сақтаулы. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында бұл үй туралы «Құнанбай кішкене қаланың тап ортасындағы көк шатырлы, үлкен ағаш үйді жатақ еткен», – деп жазған еді.

Абай тоқтаған үйдің ғимараты біздің заманға толық сақталып жетті. Абай аралап көрген бөлмелер мен Абай қолы тиген діңгектер жақсы сақталып, қаз қалпында тұр. Өйткені, бұл ғимарат көп жылдар бойы мектеп, балабақша ретінде пайдаланып, қайта қалпына келтіру жұмыстары басталғанда толығымен босатылды. Жөндеу жұмыстары 1993-1995 жылдар аралығында жүргізілді.

Жөндеу жұмыстарын бастар кезде ғимараттың шатырының әбден тозғаны анықталған. Қаңылтыр жабынның әр жерінен су тамшылап тұрған. Реставрацияның ең қиыны осы болыпты. Қаңылтыр бар, ал, оны «байлап төсейтін» шеберлер ол кезде жоқ болатын. Төбенің мұржа шығатын тұстарын көмкеру жұмыстары бірнеше рет қайта жасалып, зорға қалпына келтірілді.

Бұдан кейін ғимараттың қабырғасының ахуалы бағамдалды. Мамандар «қабырғаның ағашы сол қалпында, тек, астыңғы іргетаста салынды. Ерекше есте қалғаны – еден тақтайлары сапалы болған. Бөлмелердің табалдырығынан төріне дейін бір шегесіз, сыналап төселген, қалыңдығы бір табан қарағай ағаштар күні бүгінге дейін кеше ғана орманнан әкеліп төселген қалпындағыдай жатыр екен.

Бұл ғимаратқа 2002 жылы республикалық «Жібек жолы» бағдарламасы аясында толыққанды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ең алғашқы кейпіне келтірілді. 2018 жылдың қараша айында ғимараттың шатыры ауыстырылды.

Алайда, үйдің бірінші қабатында орналасқан жертөлесі қалпына келтірілген жоқ. Уақытша жабық тұр. Сол заманда Халиолла көпестің қызметші, күтушілері осында тұрып, ас дайындап, басқа да шаруалар атқарған.

Бүгінде бұл үйге алыстан арнайы келушілер қарасы қалың. Аудан қонақтары ғимарат ішін аралап, қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы Абай атамыз қонған бөлмені көруге ынтығып келеді.

Сағыныш ӘБІЛ

Басқа материалдар

Back to top button