Әдебиет

Абай сөзі

Осынау жалған өмірде

Қуаныш, шаттық, не таптың?

Көлеңке күпті көңілде,

Орыны қайсы ынсаптың?

Қанағат сезім қапысыз,

Қалт етпес мерген оғындай.

Қара жол болса шоқысыз,

Жүйткисің жорға торыдай.

Күйбең бір тірлік, күйкі өмір,

Күн мен түн арбап бір-бірін.

Қияға сүйреп жыр көңіл,

Көмейге қонса бұлбұл үн.

Даурығып босқа дабырлап,

Дүрлігіп кетер дүмбілез.

Алқына шауып арындап,

Алдыңнан шығар бір-бір ез.

Жақсының жыртып жағасын,

Жымысқы жүлде алып жүр.

Ала алмай әділ бағасын,

Алыптар артта қалып жүр.

Бес күнгі тірлік осы ма?

Бос әуре бәрі сияқты.

Сыр айтсаң сеніп досыңа,

Ол аттап кетер ұятты.

Мың қатпар сауал алдымда,

Жеңе алмай келем бірін де,

Көтерер жүгін нардың да,

Құндақта жатыр тілім де.

Қанағат, сезім ақыл-ой

– Адамның асыл көрігі.

Алдампаз бермес абырой,

Желөкпе жынның серігі.

Құмырсқа илеу – қу тірлік,

Алаңдап алға қараймын.

Кеудеме кірме күпірлік,

Мен, сөзін айттым Абайдың.

Батырбек МЫРЗАБЕКОВ.

Басқа материалдар

Back to top button