Бас тақырыпРуханият

Абай оқулары – әлем назарында

Газеттің өткен бейсенбідегі санында аймақ жұртына әйгілегенбіз. Ести сала, алғашқылардың бірі болып пікір білдірген де біздің «Орталық» болатын. Қазір Қазақстан ғана емес, Еуразия кеңістігінде өріс алып кеткенін қайта сүйіншілеп қоюдың артығы жоқ, ендеше. Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа оқу эстафетасын айтам. Біздің облыс та бір кісідей атсалысуда. Облыс әкімі Ерлан Қошанов бастап, мәдениет өкілдері қоштап ала жөнелді. Бір айтары, үн қосуға сіздің де қақыңыз бар. Ұлы дүбірге үн қатам десеңіз, еркіңізде. Кеттік онда…

Газет бетінде «Абай әлемі – Алаш жолы» деп үн қатқанымызда, әлеуметтік желілерде (facebook, instagram, т.б.) содан бір күн бұрын ғана басталған эстафета Әзірбайжан, Ресей, Қырым, Саха елдерін аралап кетеді деген кімнің ойында бар. Тіпті, Димаш Құдайбергеннің құрлықтың арғы бетіндегі жанкүйерлері де атсалысып, Абай өлеңдерін жатқа оқып жатқан көрінеді. Ұлы ақынның 175 жылдығы қарсаңында қолға алынған шараны басында әркім өз парақшасында жариялап, бір-біріне жолдап жүрген-ді. Осыдан бес-алты күн бұрын ғана Ләйлім-Шырақ Рысқали есімді «Балапан» арнасының кішкентай жүргізушісі эстафетаны жалғастырып, батылы барып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген қазақ, Президент хакімнің «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқып, жеке парақшасына салып, әйгілі әнші Димаш Құдайберген, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке жолдап, қазір бұл эстафета әлемді шарлап кетті. «Адамзаттың Абайы» деп тегін айтылмайды ғой! Министрлерді айтпағанда, қазақ тілді өзге ұлт өкілдері де қызу қолдап жатыр.

Әлемді шарлап жүргенінің бір дәлелі, әйгілі әнші Димаш жоралғыны жалғастырып, оны Ресейдің атақты композиторы Игорь Крутойға жолдаған. Әншінің бұл сәлемін қуана-қуана қабыл алған ресейлік композитор эстафетаны Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағанбетовке табыстап, Абай өлеңдері қазір әлемді аралап жүр.

Қазақстанда қалыптасып қалған Абай өлеңдерін жатқа оқуды Түркі әлемінің құлағына тигізген – Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі. Ол кісі қырғызстандық белгілі манасшы Рысбай Ысқақовқа, әзірбайжандық танымал журналист Аида Эйвазоваға, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы, түркиялық Якуб Өмероғлу және белгілі абайтанушы ғалым Ғарифолла Есім мырзаларға жолдапты. Түрік әлемі жас жазушылар одағының басқарма төрағасы, Әзірбайжан Республикасының белгілі ақыны, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Екбер Гошалы (Ekber Qoşalı) эстафетаны Аида Эливазовадан қабылдап алғанын мәлімдепті. Әзірбайжан ақыны Екбер Түркі халықтарын шексіз сүйеді, қазақ халқын қатты құрметтейді. Ақындығы бір бөлек Облыс әкімі Ерлан Қошанов хакімнің «Сегіз аяғын» оқығанын желіден екі-үш күн бұрын көрдік. «Шалқыма» концерт залының алдындағы Абай ескерткішінің алдында оқыпты әкім. «Қайнайды қаның, Ашиды жаның, Мінездерін көргенде» дейтін Абайдың «Сегіз аяғы» – өте күрделі шығармаларының бірі.

«Мен Абайдың классикалық шығармаларының бірі – «Сегіз аяқтан» үзінді оқып бермекпін. Ол осыдан тура 130 жыл бұрын жазылса да, күні бүгінге дейін өзекті. Мәнін жойған жоқ» деді аймақ басшысы Ерлан Жақанұлы. «Біріңді – қазақ, бірін – дос, Көрмесең істің бәрі бос» деп аяқталатын өлеңмен қайыруы тегін емес әкімнің. Абай сынаған қазақ сол заманның ахуалынан алыстап кете қойған жоқ әлі.

Оқушылар арасында өтетін Абай оқуларына бала күнімізде қатысқан біз өткендегі «Абай әлемі – Алаш жолы» мақаласында бұл тақырыпқа қатысты азды-көпті пікір білдіргенбіз, түсінгенге. Ақын Серік Ақсұңқарұлының мынадай өлеңі бар: «Алашсыз Абайдың, Абайсыз Алаштың жоқ күні, Қара өлең екен қазақтың биік шоқтығы. Дипломсыз Абай аспанға жөнеп, жұртында Абдырап қалды қаншама ғылым докторы…» – дейді. Осының бәрін қорыта келгенде, белгілі күйші әрі жазушы Таласбек Әсемқұлдың мына бір естелігі еске түседі:

«Асекең (Асқар Сүлейменов) бірде: – Абайды оқу бар да, Абаймен кездесу бар, – деген еді. – Көп адам Абайды оқыдық, білеміз деп ойлайды, алайда, Абаймен кездескен адам кемде-кем. Өте аз. – Ал, мен ол шалмен күнде кездесемін, – деді көзімдегі үнсіз сұраққа жауап беріп. – Күнде кездесеміз, күнде дауласамыз. Дауласпаған күніміз болған емес. Асекең күлді.

  • Кейде жанжалдасып, төбелесіп те аламыз. Рабиндранат Тагордың айтқаны бар ғой: «Жаратқан Ие, мені асау кезімде құрметтеуші еді, ал аяғына жығылғанымда үстімнен аттап кете барды» («Всевышний, уважал меня, покуда бунтовать я мог, когда ж я пал к его ногам, он мною пренебрег») деп. Абай да осындай, құлша бас игенді, табынғанды жек көреді. «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті надан адамның» демей ме, бір сөзінде.
  • Тізерлеп тұрмайынша бұлақтан су іше алмайтының сияқты, Абайдың алдында да бас ию керек, – деді содан соң сөзін үстеп. – Бірақ, бас июдің, яки тізерлеп тұрудың да жөні бар. Мынау Ресейдегі дворян заманында ақсүйектердің ақтас сарайларында дворецкий дегендер болған. Сол әулеттің бүкіл үй жайын, шаруашылығын басқарып отырады. Батыс Еуропада олар әлі бар. Ағылшын, француздар оларды «мажордом» деп атайды. Олардың жүріс-тұрысы мен әдебі – биік мәдениеттің көрінісі. Сол мажордомның бас игенін көріп қайран қалдым. Осынша тәкаппар иілуге болады екен. Құлдар сияқты белінен екі бүктетіліп емес – желке тұсынан. Тәкаппар иілген басқа қарап тұрып, мажордомның абыройы мен беделі қожайыннан артық болмаса, кем емес екенін байқайсың. Міне, қазақтар да осылай иіліп үйрену керек».

Біз болсақ, Абайдың «Толық адам» тұжырымын түсінген күні қазақ өркениеттің өріне шығады дер едік.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button