Тұлға

Абай эстафетасының ақсақалы

Ошақбай Суханберлин туралы жазуға бұрын бірнеше рет оқталғам. Сәті түспеді. Бастысы – қызмет мойын бұрғызбады. Тағдыры – қызық. Оны Ерсін Мұсабек майын тамызып жазған. Сонымен, әлқисса.

***

Жаппай компьютерге көшу үрдісі басталған кез. Газет әлбетте алғашқы лекте жүреді. Жаңаарқалық жақсы әріптес ағам Қалиақпар Әбілдин жарықтық осы Ошекеңді алып, алдыма келді. Өзінің жазған-сызғандарын тікелей маған берді де, Ошекеңді таныстырды.

– Ошақбай Суханберлин деген ағаң. Өзі – математик. Қатар оқыдық. Әдебиетке өте жақын. Математиканың интегралдарын шемішкедей шаға жүріп, қазір компьютердің құлағында ойнайды. Пайдасы тиеді. Жазғансызғандарына оң көзіңмен қарарсың, – деп Қалиақпар ағам өзімсініп өктем сөйледі.

Тосылып қалдым. Жасы үлкен осы ағаларым түгілі, өзім де компьютерге жоқпын. Кейін естідім, жастар осындай ағаларын «шәйнек» деп атайды екен. Оған да шүкір. Шәйнек шай қайнатып ішуге жарайды ғой. Қош, сонымен Ошекеңді редакцияның компьютер орталығындағы қызметкерлермен таныстырып, қабілетін көруге қызықтым. Шынында ағып тұр екен. №7 мектепте компьютер сыныбын жүргізіп, әрі оқушыларды оқытып, әрі үлкендердің сауатын ашып жүрген жайы барын білдім. Сонымен, газетіміздің жақсы авторларының біріне айналды. Жазғандарын көп түземейміз. Жорғадай тайпалып тұрады.

Студент кезінде «Лениншіл жасқа» жазып тұрыпты. Жастар газетінің Қарағандыдағы меншікті тілшісі әйгілі Шерхан Мұртазаев Ошекеңді шақырып алып, батасын бергенін осы жолы білдім.

Газет шықпайтын күні сәл қол босайды. Мұны Қалиақпар ағам жақсы біледі. Журналист қой. Сейсенбі мен бейсенбі күндері ай аралатып осы қос ағам келеді. Кейде екі-үш ай араға түсіп кетеді. Жиналыс, басқа да шаруаларды жиып қойып, екі ағама еркелеп, ере жөнелем. Қайдағы-жайдағы ескі әңгімелерін әй бір ағытады.

 Тыңдайтын құлақ бар. Ол – мен. Ертеден сырқаулы Қалиақпар ағам бір күні арамыздан кете барды. Редакцияға Ошекең сыңарынсыз келді.

– Жалғыз қалдым. Жүрші, әңгіме соғайық, – деп сол Қалекең бекітіп кеткен график бойынша Ошекең келіп тұрады ай аралатып. Жай келмейді. Мақала, хабар әкеліп тұрады. Басылуы кешіксе, менің мазамды алмай жаухатшыға, болмаса орынбасарларға хабарласып, естеріне салып жатады. «Білем, ресми дүниелерің көп қой. Тек хабар «өліп» қалмасын. Дер кезінде жарияланса, ақпарат пәрменді болады» деп өзіміз жақсы білетін журналистика талабын елеусіздеу етіп еске салып қояды.

Содан жұмыстан менің ада-күде қолым босады. Ошекеңнің қатарына қосылдым. Бір күні хабарласты.

– Ал, енді қолың тиетін, мына бізге мойын бұратын мезетің. Көрмегелі көп болды. Асықпай отырып, әй бір әңгіме соғайық, – деді.

Сырқат біраз меңдеп, сәл оңалып қалған едім. Келістім. Ұзамай кездестік. Ағам да ептеп ауырыңқырап жүр екен. Сексеннен асу оңай ма?! Кәрі қасқырдай сыр бермейді. Қыл қысқасы бірі пышақ қырындай, екіншісі сәл жуандау көп оқылып, көнеленген кітаптарды алдыма қойды. Бірі – Қасым Аманжоловтың «Дауыл» кітабы, екіншісі – осы өңірдің тумасы, біреу біледі, біреу білмейді мықты ақын Қабыкен Мұқышевтың «Алтын Арқа» жыр жинағы. Екеуі де 1948 жылы шыққан. Ұ қарпі У болып таңбаланыпты. Ұлы Сталин улы Сталин болып кетіп, талай редактор мен журналистің басын жұтатын қаріп. Баспаханада у-дың төбесіндегі сызықша не майысып, не ұшып кетеді екен. Бұл азапты біз көрмедік. Алдымыздағы аға журналистерден естігенбіз. Қолыма алып парақтап қарап, сипай бердім. Тираждары он мыңнан екен. Қызығы – Қасым кітабына осы Қарағандының тумасы Рамазан Нәрешев корректор болыпты. Кейін «Орталықта» әдебиет, мәдениет жағын жүргізіпті.

 Айтбай Нәрешев, Бүркіт Ысқақов, тағы біршама айтулы азаматтар – Қарағандыда жүріп, қазаққа азаттық сұраған сол заманның батырлары. Солардың бәрі айдалды, сотталды. Көрмеген көрешектері жоқ. Рамазан мен Айтбай – ағалы-інілі адамдар. Қасым кітабына Рамазан ағамыздың корректор болуы кездейсоқтық па, жоқ тылсым бір күштің пәрмені ме? Ойлана беріңіз…

Бұл тақырып енді жеке қаузауға сұранып тұр. Мен Ошекеңе оралайын. Өте кішіпейіл, мәдениеттің иісі аңқып тұратын ағам сол кітаптардың көлеміндей блокнотын алдыма қойды.

– Бұрын бір көрсеткем. Жиналысқа асығып, апыл-ғұпыл қарағансың. Енді қайда асығасың, – деп жымиды. Рас еді. Бірінші бетін ашып жібердім. Сәбит Мұқановтың адресі тұр. «Алма-Ата, ул.Калинина, 77. кв 11». Белгілі жағдай ғой. Сұрай бастадым.

– Сәбеңнің «Өмір мектебі» шығармасы әуелі «Менің мектебім» болып шыққан. Құнығып оқыдым. Бастан кешкендері – тура менің өмірім. Тіпті, бақырға бидай қуырғанына дейін дәлме-дәл. Студент кезім. Алматыға баратын болдым. Сәбеңді көргім келді. Бұл 1959 жылдар. Ақтоғайлық қатар оқыған, кейін диктор болған М.Қуатбеков біледі екен үйінің адресін. Сонда жазып алғам, – деп Ошекең қарап отыр.

Әрине, күнделік жазу тек қана ақынжазушылардың ісі деп ойлаймыз. Шыны керек Әзілхан Нұршайықовтың, Герольд Бельгердің күнделіктерін оқыдым. Қоспасы мен қойыртпағы жоқ. Күн қалай өтті, солай қағазға түскен. Ошекеңдікі мүлде бөлек.

Көңілім құлағаны – күнделік 1955 жылы басталыпты. Мен туған жыл. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бөлек болатыны – Ұлы Абайдан бастапты. Ол кезде кітап – қат. Абайдың оқып үлгерген өлеңдерін күн сайын блокнотына конспектілеп, маржандай етіп жаза берген. Дәуіт пен қаламмен. Сиясы мұндай мықты бола ма? Пәленбай жыл өтсе де күңгірт тартпаған, өшпеген. Тиянақтылығы сондай, Абайдың 1938 жылғы кітабынан алдым, деп сілтеме жасап қояды. Әр өлеңнің соңына қай жылы жазылғанын келтіреді.

«Күшік ит, бөрі ала ма жабылса да

 Тәңірі сақтар, табандап, тап ұрса да,

Арсыз адам арсаңдап арсылдайды

 Әр жерде-ақ керегеге таңылса да» – деген өлеңі 1899 жылы жазылған деп келтіріпті.

Содан әрі жылжыдым. Ошекең Абай өлеңінің екі жолын алып, екі жолын өзі қоса бастапты. Мұны сұрамай тұрасың ба?!

– Абайды әуелі конспектіледім. Жаттадым. Жиырма беске жетпеген балаң жігітпін. Бірін түсінем, бірін ұға қоймаймын. Содан білгенімше жанымнан қосып, терең ойларына бойлағым келді. Қалқып шыға бердім. Ақыры өзім өлең жаза бастадым. Әлі күнге дейін жазам. Өзім үшін. Бүгінде бәрі – ақын. Білмеймін. Әрім-перім ақындар қаптап кетті ғой. Оқымаймын, – деп бір қойды.

Мұндайда ойың оқтай шапшаңдайды. Абай эстафетасы басталып, Жәнібек Әлиман қаламгер бауырым Абайды тақылдап жаттағаннан, ұғынып санаға сіңірейік, деп ой тастаған мақаласы есіме түсті. Осы ойыңды тез жаз дегенім де бар. «Орталық» – осы үрдісте. М.Мағауин бес жасында Абайдың бүкіл өлеңін жатқа біліпті. Хат таныған сәтте «Абай жолын» оқып тастаған. Енді бәріміз классик жазушы бола алмаймыз, әрине. Дегенмен, Хакім айтқандай «Болмасаң да ұқсап бағу» керек.

Менің ойым айтады – Ошақбай ағам Абай эстафетасын өткен ғасырдың елуінші жылдары бастап кеткен. Жатқа білген, жазып алған, жанына оттай жалаулатқан. Күнделікте не жоқ дейсіз. Сократтан бастап, Жекен Жұмаханов жазушының айтқандарына дейін таңбаланыпты. Өзінің де оқшау ойлары бар. Міне, өз ойы: «Қашан сөзіңді сыртқа шығарғанша, ол – сол адамның тұтқыны.

Ал, сөз айтылғаннан кейін, адам – сөзінің тұтқыны» – деп жазыпты.

Тіпті, тәжік тілінен аударылған Кабус-намеден үзінділер бар. Ағамыздың күнделігін түгел түбірлеу мүмкін емес. Ең бастысы – ақсақал жастық шағын Абайды оқудан бастапты. Бұл енді бүгінгі кәрі-жасымызға өнеге.

Ағамыз қарап отырған жоқ. Октябрь аудандық ардагерлер ұйымының белсендісі. Жастармен, оқушылармен кездесіп, Абайдан бастап бүгінгі белгілі қаламгерлердің, газетжурналдардың насихатшысы. Заты орыс демесең, жаны қазақ Татьяна жеңгемізбен өзге ешкімнен емініп сый-құрмет сұраған емес. Алдағы Білім, ұстаздар күні ағамыз ұмыт қалмаса екен деймін.

 Бұл жағы облыстық білім саласын басқарып отырған Ошекеңнің әріптес бауырларының парызы болу керек.

***

 Шығарып салдым. Ақсақалдың басында – ковбойлар киетін шляпа. Сәл шау тартса да, сыр беретін түрі жоқ. Шыжыған ыстықты елер емес. «Ал, мен Абайды оқуға кеттім» деп қайыр қош айтысып аяңдай берді. Абай эстафетасының ақсақалы.

Мағауия СЕМБАЙ,
Қазақстан Республикасының
еңбек сіңірген қайраткері,
Президент сыйлығының иегері

Басқа материалдар

Back to top button