Жаңалықтар

Абай – біздің замандасымыз

Өткенге тарихи шолу жасап, бұдан 100 және 200 жыл бұрынғыны айтқанда, ол – қас-қағым сәт немесе бір минут деген көкезу сөздерді жиі естисіз. Бұл тұрғыдан Абайдың туғанына 176 жыл толуы да аз уақыт сияқты. Мен шынымен де солай деп ойлаймын. Енді мен ұлы ойшылдың есімін алғаш рет саналы түрде қабылдай бастағанымды ойлап, қорытындыға келдім. Абайдың есімі жусанның иісі бар жылы леппен жеке өмірімді жаулап алғандай болды.

Студент кезімдегі досыммен болған талас-тартысқа толы оқиға есіме түсіп отыр. Бұл медицина студенттеріне арналған әскери жиында, 1980 жылы болған еді. Албырт жас Шота Руставели – барлық кезеңнің ұлы ақыны деген көзқарасты қорғады, ал мен Шотаның ұлылығын жоққа шығармай, оған Абай туралы айттым. Сонда бірді-екілі адам ғана менің көзқарасыма қолдау білдірді. Сол жылдары көптеген құрдастарым Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын», ұлы Абайдың «Қара сөздерін» оқымаған да еді. Бірақ, оның күйлерін көпшілік сүйіп тыңдап, «Көзімнің қарасы» әнін нақышына келтіре орындайтын.

1967 жылы Артекте өткен Кеңес Одағы пионерлерінің слетінде, Бүкілодақтық жиналыста өзімді туып-өскен Қазақстанның өкілі ретінде сезініп, елімнің ыстық күнге қақталған даласы мен халқының емен-жарқын мінезінің күнгейі мен көлеңкелі тұстарын туындыларына арқау еткен ақынның шығармашылығы туралы мен ерекше бір шабытпен әңгімелеп берген едім.

1970 жыл. Анам екеуміз Қазақ КСР ХШЖК-де болдық. Анам Балқаш теледидарына халық шеберлерінің көрмесі, қазақтардың сәндік өнері туралы репортаж дайындауға кірісті. Міне ғажап, тағы бір Абаймен күтпеген кездесу. Оның іздері алыс тұрмыстағы белгілерде, ат әбзелдерінде, Жидебай ауылының зергерлік күмісінде сайрап тұрғандай.

Шынымды айтсам, сирек кездесетін көрменің экзотикасынан немесе қорапқа салынған асыл тастар сияқты артефактілерде жасырылған сан қатпарлы тарихты сезіну сияқты әсерден де болмауы мүмкін, әйтеуір бұл сезім бірден пайда болған жоқ. Бірте-бірте, там-тұмдап тым алыс дәуірден ерекше тұлғаның, менің замандасымның, пікірлес адамның қиын және даңқты тағдырының сұлбасы қалыптасты. Мен ХХІ ғасырда ғұмыр кешсем де Пушкинді, әл-Фарабиді, Руставелиді және Абайды ерекше мағынада замандас деп санаймын.

Басқа ортада ер жеткен жас қазақстандықтың мені түсінуі қиын болар. Мен – пионер болдым. Кейін Кеңес елінің комсомол қатарында жүріп, коммунистік қасаң идеологияның тәрбиеленушісі ретінде ақынның асқақ ой-арманын, ізгі ниетін, тұлғалық даралығын, философиялық көзқарасын революциялық сана призмасы арқылы қабылдадым, ұлы трагедияға, оның шығармашылығының биіктігіне әрең ұмтылып, оның күресі, өз уақытының кереғарлығын жеңудегі арпалыстың Абайға оңайға түспегендігін түсінгендей болдым. Ол көпшілік жиі айтатындай, уақытынан озық туған, өз заманының ойшыл данагөй тұлғасы.

Өз халқын жанынан да жақсы көрген ұлы ақын елінің ертеңіне алаң болып, «оны қайтып биіктерге көтерем» деген ұмтылысы, «мыңмен жалғыс алысқан» талпынысы бекер болған жоқ. «Соқтықпалы, соқпақсыз» жермен жүрсе де халқының өзгелерден ерек қасиеттерін басқаларға таныта білді. Бүгінгі таңда, қазіргі әлемде ұлы ақынның асқақ арманының астары кеңінен танымал бола бастағандай.

Ақынның заманауи әуендері мен өлеңдері, оның қара сөздері біздің заманымызбен біте қайнасып, қазіргі ке­зеңнің кәдесіне жарап отыр емес пе? Халқының озық туған ойшылының келешек ұрпақтарына арнап айтқандары біздің генетикалық жадымыздың қатпарларында сақталып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді.

Өткен жылы Семейдегі Абай мұражайында болдым. Одан алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Өзімді жаңа бір әлемге қадам басқандай сезіндім. Кіреберіске қойылған жәдігерлер қарапайым тіпті жұпынылау болса да, түсінген адамға тарихи құндылығының терең еді. Бірақ, біртіндеп, бөлмеден бөлмеге кіріп, бір экспонаттан екіншісіне назар аударғанда мен белгісіз бір әлемге, тарихтың, өмірдің, Абай ойының тұңғиығына үңілгендей болдым.

Сол алған әсерден әлі күнге арыла алмай келемін. Мен үшін Абайдың «Қара сөздерінің» алатын орыны – ерекше. Міне, Абай Сократтың шәкірті Аристотольмен әңгімесін жеткізетін жиырма жетінші сөзі күрделі философиялық дуэль, теологиялық дау Сократтың әңгімелесу рухында егжей-тегжейлі берілген. Бұл – Абайдың қаншалықты терең білімді адам болғанын дәлелдейді. Абай Жаратушы туралы пікірталас арқылы адамның гуманистік тағдыры туралы, өзіңді-өзің тәрбиелеуге қажетті ризашылық сезімі туралы ой қозғайды.

Отыз бірінші сөзі – Абайдың ұрпақтарына арнаған ең қысқа үндеуінің бірі. Қателеспеу, асығыс іс-әрекет жасамау үшін ойшыл бізге ақылды адамдардың кеңестерін тыңдауға, айтылғандардан тиісті қорытынды шығара білуге шақырады. Ол үшін, біріншіден, сіз күшті болуыңыз керек. Сөзбе-сөз айтсақ: «Әуелі – көкерегі байлаулы берік болмақ керек». Мұнда ұлы ақынның ақындық қарым-қабілеті, туа біткен ерекше дарыны барлық болмыс-бітімімен танылады. Одан әрі Абай: «Ақылды сөздерді жүрегіңмен, бар жан-тәніңмен қабылдау керек, олармен шөліңді қандырғандай болу керек», – дейді. Осы орайда Сәтімжан Санбаевтың орыс тіліндегі тамаша аудармасын айтпай кетуге болмайды. Ұлы ақын: «… адамның ақыл-ойын тоздыратын және жинақталған білімін жоғалтуға мәжбүр ететін нәрселерден аулақ болу (абайсыздық, қолайсыздық, жеңілдік және үмітсіздік немесе тәуелділік) керек» деді. Бүгінгі таңда Абай – шын мәнінде біздің замандасымыз. Адамға деген адал және ащы да болса шындық көзқарас қажет, өмірде бұдан басқа жолды іздеп табу мүмкін емес. Бұл ең негізгі credo – «мен шексіз сенемін!» Мен дәуірдің ұлы замандасы Абайға сенемін.

Вилен МОЛОТОВ-ЛУЧАНСКИЙ, ҚХА мүшесі, еврей мәдени орталығының төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа материалдар

Back to top button