Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы – 75 жаста

Серік ҚИРАБАЕВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі:
«Біздің дәуіріміздің Моцарттары әдебиетте көрінгенмен, Сальерилері әлі халыққа таныс емес. Осы саладағы жаңа ізденістердің бірін мен Серік Ақсұңқарұлының «Моцарт пен Сальери (осы заманғы нұсқа)» атты шығармасынан («Егемен Қазақстан». 16 шілде. 2014) көргендеймін. Талантты ақын ой батылдығына қоса, бейнелі суреттермен заман мен адам өмірі туралы танымын паш еткен.
Бұрыннан өзіме таныс тақырыптың сырына, қайғылы оқиғалар легі мен әрқилы тағдырлар бастан кешкен өмір шындығына қайта бір көз жіберіп, ойланып қалдым. Жақсы жыр оқығанда, қашан да осылай. Тоқтайсың. Ойланасың. Оған парасатты поэзия биігінен қарайсың. Серік ақынның болмыс-бітімі бөлек өлең үлгісіне сүйенген, ойы да батыл, ашық, бояуы да айшықты жырына сүйсіндім. Оның жақсылық пен жамандықты тең ұстап, жарқын сурет пен қара бояуды өз шындығына сай талдап, аша білгеніне қуандым».
Шерхан МҰРТАЗА, Қазақстанның Халық жазушысы:
Адам дәрігері адам кеселін емдейді. Бір кісіні, екі кісіні, көп кісіні… Ал, ақын, егер ол ақын болса, ол шын ақын болса, бүкіл адамзатты емдейді. Сондай нағыз ақындардың бірі – қасиетті Қызыларай тауында туған Серік Ақсұңқарұлы.Соңғы жаңа кітабы – «Адам ата – Һауа ана» жинағы қолыма түсті. Сүйсіндім. Ақсұңқарұлы баяғы-баяғы бабасы Күлтегінді іздейді. Таба алмай шарқ ұрады. Түрік әлемінің абыройын асқақтатқан Күлтегін заманын аңсап, Иисус Христостың оралуын зарыға күткен христиандар сияқты, ақын да ұлы рух пайғамбарларының қайта келуін аңсармен армандайды. Күлтегіннің өзі армансыз деп кім айтты? Оның да сатқын уәзірлері болған. Бәлеқор, жалақор, парақорлар сол заманда да сүмелеңдеп жүрген. Алып бәйтеректің өзегіне құрт түссе – бәрінен де сол жаман. Қысық көз, қисық тістілердің әккілігіне, парасына қызығып, елін, Отанын сатқан сұмырайлар ақыры айбынды түрік дүниесінің іргесін ірітті. Ақсұңқарұлы өткір өлеңмен осы көң тарихты тірілтті. Дәл осы кезде, тәуелсіздік таразысының екі басы алма-кезек қалтыңдап, теңесе алмай тұрған шақта бұл поэма – қаһарлы қатаң ескерту. «Маңдайымның соры неге бес елі?!» – дейді Ақсұңқарұлы. Қайғылы да қаһарлы сұрақ.
Мұхтар МАҒАУИН, Қазақстанның Халық жазушысы:
Егер Тәңірі саған қуат берген болса, дарын берген болса, көкірегіңе бір сәуле құйған болса, оны аялап ұстаған абзал. Бұл дарын аз ба, көп пе – сен оны ешкімнен тартып алған жоқсың. Берсе оны саған Алла берді! Басқа саланы айтпай-ақ қояйын, өзімізге етене таныс жазу-сызу төңірегіне ой салсақ, Тәңірі ақын болсын, жазушы болсын деп бір пендесін таңдады. Көкірегіне сәуле құйды. Менің Серік бауырым сияқты. Алла сәулесін ақын Ақсұңқарұлының кеудесіне құйды. Онымен қатар қанжығаласа туғандарға ондай қасиет берген жоқ
(Прага, 2011 ж.).
Ілия ЖАҚАНОВ, композитор:
Серікті оқып, тереңіне бойлау үшін көнедегі көшпелі халықтың, әсіресе, Түркілер дәуірін, Алаш ұранды елдің ежелгі тарихын жақсы білу керек. Дала төсінде емін-еркін көшіп-қонып, әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған көшпелі елдің рухы – азаттық пен еркіндіктің символы. Серік жасаған соны образ! Қазақ хандығының айбынды заманын жырлау арқылы ерлік пен өрлікті ту еткен елдік сананы оятады. Отаншыл рухқа бастайды. Мемлекеттік, ұлттық сана-сезімді жоғары ұстап, ту қылып көтереді.
Есенғали РАУШАНОВ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
Қазақ ешқашан тұлпар мен жабыны бір бәйгеге қоспаған. Біздің заманда сол мүмкін болып тұр. Мысалы, анау бір кісінің мынау бір туысы, інісі, құдасы Мемлекеттік сыйлық алады, оған ешкім таңғалмайды. Есесіне, Тынымбай Нұрмағанбетов, Серік Ақсұңқарұлы немесе Жәркен Бөдеш алмай қалуы мүмкін. Баяғы заманда мұндайға таңғалатын едік, қазір таңғалатын түк те жоқ.
Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ, ақын, сыншы:
«Қазақ ұлтының адамзаттың ұлы көшінде басынан кешірген нəубет науқандардағы қилы да қиямет тағдыры
туралы жас ақын толғаныстары топтастырылған «ХХ ғасырдың 20 сəті» кітабының қолжазбасы «Жалын» баспасына 1980 жылы тапсырылса да, ол қайта-қайта кері қайтарылып, ақыры араға табаны күректей төрт
жыл салып, 1984 жылы əрең жарыққа шықты. Онда да қысқартылып, күзеліп-түзеліп дегендей. Сол кезде аталмыш баспада басшылықта болғандықтан мəселенің мəн-жайын жақсы білемін. Ақын риза болмаса да, тұңғыш кітабының тұсауы кесіліп, жолы ашылсын деген ізгі ниетіміз болған. Біздің қолдан келгені осы еді. Сол кездегі цензураның қырағы сынағынан амалдап өткенбіз… Ақ ниетіміз ақталды. Содан кейін, құдайға шүкір, Серік ақынның айы оңынан туғаны ақиқат…».