Руханият

Аққыз салған ән қандай?!

М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында әсерлі ән ке­ші өтті. Балалар «Өнер» мек­тебінің ұстазы, Шашубай Қош­қарбайұлы, Манарбек Ержанов, Асылмұрат Ақанов атындағы дәстүрлі ән байқауларының жүлдегері, әнші Аққыз Құнарбекова бал­қаштықтар мен қала қо­нақтарына «Айналдым, елім!» атты есептік концерттік бағдарламасын тарту етті.

20 жыл бойы өнерге қалт­қысыз қызмет етіп келе жатқан өнерпазын халық ыстық ықыласпен қарсы алды. Кеш иесі алдымен қолына қара домбырасын алып, Жетісу жері мен Алтайды өзінің әсем әніне бөлеп, Алакөл мен Арқа атырабын жыр­ға қосқан дүлдүл ақын, бұлбұл әнші әрі дарынды сазгер, аққуға үн қосқан күміс көмей, ақиық өнер иесі – Әсет Найманбайұлының «Қысметімен», халық әні «Харараймен» шымылдық ашты. Бұдан кейін әншінің шәкірті Бейбарыс Молдабай Абайдың «Сегіз аяқ» әнін әуелетті.

Сонымен қоса, ұстазы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кенен Әзірбаев, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков атындағы ән байқауының жүлдегері, манарбектанушы Дәуренбек Әркеновпен «Аққулар» әнін нәшіне келтіре орындады. Бұдан кейін әнші Дәуренбек Әркенов сырнайын қолына алып, сұлу әніне салды. Домбырашы Арман Айнабаев күй тартып, әншінің өнердегі қос бауыры Дамир Жанқұтты мен Нұрхат Тұманшин ән айтып, осы кеште бой көрсетті. Атап айтқанда, Аққыз Құнарбекова «Керім ғой атамекен» әнін ерекше орындап шықты. Музыкалық сүйемелдеген – Жанар Тілеулина. Сондай-ақ, «Қарағойым», «Сағынғанда», «Өмір», «Айналдым, елім!» әндерін айтып көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Әншіні құттықтай келген Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Данияр Серіков, «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков, Балқаш қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ізбасар Шәкенов шығармашылық табыс тілеп, Алғыс хат тапсырды.

– Жастайынан өнерге ғашық болып, сахна төрінде әуелете ән шырқаған Аққыз қарындасымыз бүгінде өзіндік тыңдарманы қалыптасқан, ән қоржыны әсем әндерге толы әнші атанды. Бала кезінен басталған шығармашылық жолына тоқталар болсақ, сахна десе дүбірге құлақ тіккен тұлпардай бір орында тұра алмайтын талапты жан 5 жасынан ән айтып көзге түсіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Біз Әсеттің, Шашубайдың, Манарбектің әнін сағынғанда, көңіл пернемізді дөп басып, ән өнерінің бір сұңғыласы Аққыз Жанқұттықызы әнін әуелетті, – деді Бекзат Алтынбеков.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button