Жаңалықтар

Ақыретсіз жерленген Қапас батыр

Адамзаттың алты жылғы (1939-1945) бақыты Екінші дүниежүзілік соғыстың еншісінде кетті. Шайқалмаған шаңырақ қалмады. Алдына мақсат қойып, артына ұрпақ қалдырып үлгермеген миллиондаған боздақтың қаны төгілді. Ел басына күн туған шақта «Отан-Ана!» деп атқа қонған азаматтардың дені поштабайдың дорбасымен қара қағаз болып оралды. Мыңдаған боздақтың артынан хат-хабар үзіліп, қара қағаз да келмеген. Олар Жартқанның әмірімен белгілі соғыстың белгісіз сарбазына айналды. Қалай десек те, ХХ ғасыр қанды ғасыр болды. Сол қанды ғасырдың мәңгі қасіретіне айналған 1941-1945 жылдардағы сұрапыл күндер жарасы әлі күнге жазылған жоқ. Жер-Ананың төсін, адамзаттың жүрегін жаралаған бомбалар мен қорғасын оқтарда оғландардың обалы, жетімдер мен жесірлердің көз жасы бар. Мәңгілік құрғамайтын көз жасы!
…Тәуелсіздік пен технологияның дәуірі басталды. Тәуелсіздік тәу етер киемізге айналып, маңдайымызды күн сүйіп, таңдайымыз бақыттың дәмін сезді. Ал, технология дәуірі де теңдессіз мүмкіндіктер әкелді. Мәселен, майданға аттанып, хабарсыз кеткен талай боздақты үйде отырып, интернет арқылы тауып жатырмыз. Соғыс өрті шарпыған аумақтағы (Ресей, Украина, Белоруссия т.б) қызыл ізшілер жасағының тынымсыз ізденісі майдан даласында оққа ұшқан боздақтар рухымен қауыштыруда. Олар туралы тың деректерді «Мемориал», «Подвиг народа», «Пруссия 39» секілді сайттарға жүктеп, асылын жоғалтқан шаңырақтардың өшкенін жағып, өлгенін тірілтіп жатыр.
1943 жылы қаңтар айында Шет аудандық әскери комиссариаты арқылы «Қызыл теңдік» (қазіргі «Қызыл ту» ауылы) ауылынан майданға аттанған Қапас Нұраұлы Оразбеков те оралмаған. 1944 жылдың соңғы күндеріне дейін үкілі үміттерге толы үшбу хат үзілмеген-ді. Жасампаз Жеңістің жарқын сәті жақындаған 1945 жылдың қаңтар айынан хабарсыз кетеді. Майданға 17 жасында аттанған қыршын жас үйленіп, соңына ұрпақ қалдырып та үлгермеген екен. Фотосы да сақталмаған. Тек қана туысқан қарындасы Дәниім Омашқызы:
– Қапас ағам бойы сұңғақ, жүзі – мейірімді, барынша бауырмал, азаматтың ажарлысы еді. Өте сымбатты, көздері – көкшіл, ақсары жүзі ойымнан кетпейді. Майданға аттанып бара жатқанда да жанарынан мұң көрмедік. Сондай қайсар, қайратты еді, – деп еске алып отырады екен.
Сонымен, хабарсыз кеткен Қапас Нұраұлы туралы дерек 72 жылдан кейін белгілі болды. Жолбарыс жүректі, арыстан айбатты қазақ сарбазының майдандағы ерлігі де, қаза болып, жерленген жері де анықталды. «Мемориал» сайтынан жүктелген құнды деректерді алып, редакциямызға жеткен Қапас Оразбековтің жиені (жауынгердің немере қарындасы Сарадан туады), Арқаның Атымтай-Жомарт ұлы Айбол Бидайбеков:
– Нағашымыз туралы бір дерек білу менің марқұм анамның арманы еді. Қапекеңнің ағасы Шахмет те – соғыс ардагері. Ол кісі де бауырына қай жерден топырақ бұйырғанын біле алмай, арманда кетті. Басқа да бауырлары Әлғазы, Ерғалы, Қамен, Ермектердің де ғұмыры Батысқа қарап, хабар күтумен өтті. Тағы бір қарындасы Запирадан қалған ұрпақтар да Орталық архивке сұрау салудан шаршаған жоқ. Бүгінгі таңда Астанада тұратын қарындасы (Қапекеңнің ағасы Шахметтің қызы) Зәру мен күйеу баласы Саржан да тынымсыз ізденді. Ақыры, бүкіл әулеттен сүйінші сұрау бақыты осы Зәру апамыз бен Саржан жездемізге бұйырды. Өткен 2017 жылы наурыз айында «Мемориал» сайты арқылы Қапекең туралы бүкіл дерек табылды,– дейді.
Қапас Нұраұлының артындағы бауырлары үшін ең құнды құжат – осы сайтқа Орталық архивтен жүктелген (№89/238) награда парағы. Бұл құжат жерлесіміз Қапас Оразбековтің жанқиярлық ерлігі үшін жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталғанын растайды. Қызыл әскер Оразбековті наградаға ұсыну хатында оның ерлігі егжей-тегжейлі бандалады. Қанқұйлы жау жендеттерінің қарасы қалың шоғыры қалтарыстағы Оразбековті аңдамаса керек, өрге қарай бет алған. Жауынгер Қапастың ойына олардың жолын бөгеу оралады да, сайтанның сапалағындай сап түзеген фашистерге тұтқиылдан оқ жаудырады. Шілдің тезегіндей шашырай қашқан жендеттерде ес қалмайды. Сол жолы жаудың 15 сарбазын жер жастандырған екен. Оразбековтің ерлік жасаған күні «1944 жылғы 8 қазан» деп мұрағаттан алынған ресми құжатта айқын көрсетілген.
Омырауына «Қызыл Жұлдыз» орденін жарқырата таққан кіші сержант Қапас Оразбековтің әрі қарайғы жорық жолдары Шығыс Пруссия майданы, Кенигсберг әскери округінде жалғасқаны туралы да дерек бар. ІІ-дәрежелі Суворов орденді 117-ші танк бригадасы құрамында радист-пулеметші ретінде талай кескілескен ұрыстарға қатысқан. Жарақат та алған. «Мемориал» сайтынан алынған құжаттар майдангер жерлесіміздің 1945 жылы 20 қаңтар күні Калининград облысы, Тапиау қаласы маңындағы Толпакен поселкесі түбінде қаза тапқанын нақтылайды. «Т-34» танкісінің ішінде қаза болған және сол төңіректегі Большие Горки селосындағы бауырластар зиратына (суретте) жерленген.
Алла сәтін салса, жат жерден топырақ бұйырған Қапас Оразбековтің бауырлары мен жиендері жолға дайындалып жатыр. Қапекең жерленген бауырластар зиратына туған жерінің топырағын апарып, жауынгер аға рухына тағзым етпекке. Бұл – айтылмаған аманат. Айтылмаса да, орындалған аманат, өтелген парыз!
…Айбол ағама ақ жол тілеп, қаламға қол создым. Тұла бойымды ауыр ой тұмшалап алды. Аманаттың жүгі ауыр ғой.

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button