Ақын жайлы аңыздың басы
Ақын Төлеген Айбергеновтің еш жерде жарияланбаған суреттері мен ол жайлы естелік табылып отыр. Оны редакциямызға хабарласқан осы материалдың авторы жіберді. 8-наурыз Төлеген Айбергеновтің туған күні һәм биылғы мерейтойы қарсаңында соларды жариялауды жөн көрдік.
Редакциядан.
Қазақтың талантты ақыны Төлеген Айбергеновтің жалындаған жастық шағы, студенттік кезі туралы естеліктерде Шымкентте, Сарыағашта, Алматыда жүргенін баян етушілер болды. Біз бұл мақаламызда кезінде Ташкент қаласындағы Низами атындағы педагогикалық институтта 1954-1959 жылдары ақын ағамызбен бірге оқып, бір бөлмеде тұрған, студенттік шақтарын бірге өткізген, қазір Теміртау қаласында тұрып жатқан Тұрсын Әбілов және ақын жары Үрниса апаймен жатақханада бір бөлмеде тұрған, сырлас құрбы-достары Күләш Әлқожаева, Базар Қалжановалардың айтқандарын естелік етпекпіз.
Т.Айбергеновпен бір бөлмеде тұрып, бес жыл бірге оқыған Тұрсын Әбілов ағамыз ақын туралы былай деп сыр шертеді:
«Мен 1954 жылы Ташкенттегі Низами атындағы пединституттың қазақ тілі және әдебиеті бөліміне оқуға түстім. Сол жылы Қарақалпақ Автономиялық Республикасынан үш жігіт келді – Төлеген Айбергенов, Кеңес Төлепбергенов, Іскендір Сапаров. Мен, Төлеген, Іскендір және үш өзбек жігіті Ташкент қаласы, Педагогический көшесіндегі 64 үйде, институт жатақханасының 11-ші бөлмесінде бірге тұрдық. Менің сол кезде аңғарғаным – Төлегеннің мінезі өте жеңілтек, ұшқалақ, тезтап еді. Бірақ, өте ақкөңіл, кімге болса да қолынан келген көмегін аямайтын, адамгершілігі мол, жақсы жігіт еді. Бойынан бір ерекшелік сезіліп тұратын. Кітапты көп оқитын. Әзіл айтып, қалжыңдасқанды жақсы көретін. Төлгеннің ақындығы бірінші курста-ақ белгілі болды.
– Тұрсын, тыңдашы, – деп жаңадан жазған өлеңдерін оқушы еді. Мен оқыған өлеңдері туралы өз білгенімше мына жері жақсы, мына жері кемшін деп сын айтушы едім, оны қабылдай ма, қабылдамай ма ол жағын өзі біледі. Бірінші курста онша мән бермедік пе, әлде өлеңдерін көп оқи қоймады ма, ақындығын білгенмен, мықты ақын екенін сезбеппін. Оның шынымен талантты ақын екені екінші курста белгілі бола бастады. Жазған өлеңдерін оқығанда таң қалушы едік. Кейде түн жарымында тұрып, жарықты қосып, бірдеңелерді дәптеріне жазып жататын. Сөйтсе, түн ортасында шабыты келіп, ойлар туып, жырлар жазып жатады екен ғой. Студенттер кештерінде, басқа да отырыстарда жалындап өлең оқушы еді. Өнерлі еді, домбырамен ән салатын. Бір күні бізбен бірге оқитын Ұлы Отан соғысына қатысқан, майдангер бізден жасы үлкен, оқуға түспес бұрын газетте журналист болып жұмыс істеген әдебиеттен хабары мол, әрі ақын (кейін белгілі ақын, журналист болды) Иса Әлиевке Төлегеннің жазған өлеңдерін көрсеттім. Ол кісі өлеңдерді оқып, таң қалды.
– Тұрсын, сенің мына досың тек емес, болашақта үлкен ақын болады, өлеңдері өте тамаша, айтары мол, – деді. Осы кезден бастап Төлеген студенттер арасында, қаладағы жырсүйер қауым ортасында ақындығымен ерекшеленіп, жастар мен студенттер ортасында жақсы құрметке, ұстаздардың мақтауына ие болды. Екінші, үшінші курстарда оқып жүргенде Ташкент облысының қазақ аудандарының газеттерінде өлеңдері жарияланып тұрды. Ол кезде студенттерді мақта терімге жіберетін. Тәртіп өте қатал, күнделікті белгіленген жоспарды орындамасаң кешке жиналыс болып, қатаң есертулер айтылатын. Мақта терімнен кетіп қалу – оқудан шығумен аяқталатын. Мақта теруде жүргенімізде Иса Әлиев ағамыз мені оңаша шақырып алып:
– Өздерің ұйымдастырып, Төлегенді он күнге босатыңдар, Алматыға барып өлеңдерін газеттерге бастырып, жарыққа шығарсын, – деді. Сонан кейін қазақ жастарын жинап, «мұғалімдерге кеткенін білдірмей, Төлеген үшін жинаған мақтамыздан әркім өз шамасынша қосып, күнделікті жоспарын орындап отырайық, ол Алматыға барып, өлеңдерін газетке бастырып келсін» дедім. Бәрі келісімін берді. Бұл 1957 жылдың күз айы болатын. Төлеген жазған өлеңдерін алып, Алматыға кетті. Содан он күннен кейін қайтып келді. Өлеңдерін «Лениншіл Жас» газетіне бастырып келіпті. Бұл Төлегеннің өлеңдерінің республикалық басылымда тұңғыш рет жарық көруі еді. Төлеген сонымен бірге институттың ай сайын өтетін әдебиет үйірмесін басқарды. Бізден кейінгі студенттердің жазған өлеңдерін, шығармаларын оқып, жақсы жақтарын айтып, кемшіліктерін көрсетіп ақыл-кеңесін беріп жүретін, – деп еске алады Тұрсын аға.
Төлеген Айбергеновтермен бір жылда институтқа түсіп, сол институттың математика бөлімін бітірген, ақын жары Үрниса апаймен жатақханада бір бөлмеде тұрған, сырлас досы қазір Теміртау қаласында тұрып жатқан Күләш Алқожаева апай ақынның студент шағынан, ақын жары Үрниса апаймен арасындағы сүйіспеншілік туралы естелік әңгіме айтты.
– Төлеген – өте ақкөңіл, ашық мінезді, жүрген ортасын қызықты күлкіге бөлеп жүретін, қалжыңқой, елгезек жігіт еді. Домбырамен ән салатын. Отырыстарда тамаша өлеңдер оқып, ортасын жырға бөлейтін. Әлі есімде, қолтығына кітабын қысып алып, төменге жүгіріп түсіп, қайтадан жоғарыға жүгіріп шығып, тез-тез басып, асығып жүретін. Қолтығына қысып жүретін кітап – қазақтың атақты ақыны Қасым Аманжоловтың өлеңдер жинағы екен. Ол кезде біз де Қасым Аманжолов жырларын сүйіп оқитын едік, ал, Төлеген Қасым өлеңдерін жатқа білетін. Жатса да, тұрса да қолынан тастамайтын. Абайдың, Қасым Аманжоловтың өлеңдерін сауық кештерде, отырыстарда жатқа айтатын. Біздер жатқан бөлмеге жиі келіп тұратын. Үрнисаны қатты жақсы көретін. Қаланы аралап, қыдырып қайтатынбыз. Бірде, Ташкенттің Бесағаш базарына қыдырып барғанымызда:
– Қыздар, мен сендерге көп ақша шығындамаймын, төрт тиынға пирожки, бір тиынға су аламын, – деп қалжыңдағаны есімде. Жырлары сол кездің өзінде бізге керемет әсер ететін. Ол туған жер, махаббат туралы жырларын оқығанда, арқаланып, сондай ерекше күйге еніп, өзгеше көрінетін. Студент кезінде-ақ болашақта үлкен ақын болатыны сезілетін. Ақын жары Үрниса өте аңқау болатын, не айтсаң да сене қалатын. Төлеген сөз салып жүргенде біз:
– Жігітпен жүруге болмайды, сен әлі жассың, – десек, соған сеніп қалатын. Бірақ, Төлегенді қатты жақсы көретін. Төлегенге сөз берейін десе бізден ұялып, келісімін бермейін десе, Төлегенді жақсы көреді. Қанша дегенмен арадағы сүйіспеншілік, махаббат бір-бірін табыстырды. Сонымен, екеуі сөз байласып жүрді. Айтпақшы, соңғы курстарда оқып жүргенде Төлеген Үрнисадан басқа қызбен жүріп кетті. «Төлегеннің мұнысы несі?» деп таң қалып жүргенбіз. Кейін Үрнисамен қайта табысып, екеуі отбасын құрып, үйленді. Сөйтсе, «Маған шығармашылыққа керек болды» депті Төлеген.
Күләш апай Т.Айбергенов пен жары Үрниса апайды осылай еске алады.
Оңдасын ОРАЗОВ,
№4 қазақ орта мектебінің
мұғалімі.
ТЕМІРТАУ қаласы.
СУРЕТТЕРДЕ: Сол жақтан екінші тұрған Т.Айбергеновтің ақын досы Ө.Қожамұратов, Б.Қалжанова, Т.Айбергенов, Н.Смағұлов (Б.Қалжанованың күйеуі).
К.Алхожаева мен ақынның жары Үрниса. Ташкент қаласы, 1958 жыл.