Ақын рухына құрмет
Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде танымал мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек САЛЫҚОВТЫҢ туғанына 85 жыл толуына орай өткізілген «Сырымды жанға айтпаған айтады өлең» атты тағылымды іс-шара жұртшылық тарапынан Жезқазған-Ұлытау аймағының әлеуметтік-экономикалық және рухани тұрғыда дамуына өлшеусіз үлес қосқан біртуар азаматтың рухына жасалған лайықты құрмет ретінде қабылданды.
Көпшілік көңіліне аса қонымды болған іс-шараға Ұлттың ұлағатты ұланының ұлы – Ерлан Кәкімбекұлы, қаланың Құрметті азаматтары, шығармашыл зиялы қауым мен БАҚ өкілдері, жалпы өнерге іңкәр, өлеңсүйер қауым қатысты.
Келісті кешке қатысушылар алғашқы кезекте «Ұлы Дала ұландары» экспозициясымен жете танысты. Одан кейін жиналғандар Кәкімбек Салықұлының өнеге тұнған өмірі туралы баяндайтын деректі фильмнен үзінді тамашалады. «Айгөлек» балабақшасының бүлдіршіндері зерделі қаламгердің туындыларын жатқа айтып, ел ықыласына бөленді. Шара барысында музей қызметкерлері Еркебұлан Камалиев пен Қолқанат Іскендірова да ақынның өлмес өлеңдерін нақышына келтіре оқып, қалың қауымды жыр мәйегімен сусындатты.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Тайжан Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармонияның әншісі Ғалым Мұхамедин сыршыл ақынның сөзіне жазылған белгілі композитор Жақсыкелді Сейіловтің «Жезкиік» әнін тамылжыта орындады.
“Бір суреттің тарихы” тақырыбы аясындағы сыр-сұхбат кезінде Кәкімбек ағамен бірге түскен суреттері хақында өлкетанушы, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Сағындық Қожамсейітов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Зинаида Чумакова, №7 мектеп-лицейінің директоры Нұрия Жұмажанова әдемі әңгіме өрбітіп, естеліктерімен бөлісті. Пікір алмасулар сәтінде ардақты тұлғаның адами кескін-келбетіне тән ерекшелік мәнері, оның өмірлік ұстанымдарының өзгелерге үлгі боларлық тұстары, қаламгерлік қарым-қабілетінің басқаларға беймәлім қырлары мейлінше айшықталып, тереңірек таныла түсті.
Өзінің жүрекжарды лебізінде Ерлан Кәкімбекұлы елге еңбегі ерекше сіңген тұлғаның есімін жадында сақтап, оны жаңғыртып отыруға ден қойған жұртшылыққа риясыз алғыс сезімін білдірді. Әкесінің Жезқазған-Ұлытаудағы ұлт руханиятының қамқоры әрі тірегі бола білгенін мақтан тұтатынын айрықша атап өтті.
Тағылымы мол тұлға рухына кіршіксіз құрмет көрсетілген әсерлі кеш өнер жанашыры, жергілікті сазгер Бауыржан Әбиевтің айтулы ақынның сөзіне жазылған “Сағынтпа” әнімен түйінделді.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.