Бас тақырыпРуханият

Ақын мен адамзат

С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры биылғы маусымды Рахымжан Отарбаевтың «Фариза мен Мұқағали» пьесасымен ашты. Қыркүйек айының соңғы күндері Алматыға сапарлап қайтқан қара шаңырақ онда аталған спектакльмен қатар, «Сәкеннің соңғы сапары» және балаларға арналған «Қожа мен спорт» ертегісін қойып, көрерменнің құрметіне бөленгенін естіп-білгенбіз. Ақын-жазушы, мемлекет және қоғам қайраткерінің 125 жылдық мерейтойы құрметіне қойылған «Сәкеннің соңғы сапары» қойылымы талғампаз көрерменнің көңілінен шыққанын ғаламтордан оқып қалғанбыз. Кісі көп болыпты. Сол сапардан келе сала сахналаған «Фариза мен Мұқағали» былтырғы маусымның ашылуы мен жабылуында қойылғаны есімізде. Былтыр «Жан мен жазмыш» атты жазбамызда біраз тоқталғандықтан, биыл театр маусымының жабылуында да жазылғандықтан, қысқа қайырамыз.

Рахымжан Отарбаевтың үш көріністі «Фариза мен Мұқағали» драмасын оқып шықтық. Ал, оны қоюшы режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов аз-маз өзгерістер енгізген. Өйтпесе, болмайтын да шығар. Сахнаның тілі мен үні бөлек қой. Бірақ, қосымша бояулардың сәтті, сәтсіз шығып жататын тұстары да бар. Мәселен, жазушының түпнұсқасында ауруханада жатқан Мұқағалидың көңілін сұрап бауырлары келеді. Үзінді келтірейік:

«(Осы кезде аулаға Қалтай Мұхамбетжанов пен Әбілмәжін Жұмабаев келіп кіреді. Сәлемдеседі).

ҚАЛТАЙ: Мұха, қалайсыз, реңіңіз жақсы, шырайлы екен.

ӘБІЛМӘЖІН (бас шұлғып): Иә, иә, өткендегіге қарағанда…

МҰҚАҒАЛИ (әбден еті сылынған оң қолын көтереді): Ат арыса – тулақ, ер арыса – аруақ. Қал осы, қос бауырым. Алладан медет күтіп отырмыз. Балаларым шиеттей жас еді. Сары уыз балапан. Інім аурулы. Шешем бағусыз. Жер бетіндегі бар бітірген шаруам осы.

ҚАЛТАЙ: Қой, Мұқа, артыңда халқың бар.

ӘБІЛМӘЖІН: Асыл қазынаң бар. (Осы кезде жамбасын сипап, есік көзіне әлгі Күшеншек ақын да шығады. Бұларды көріп түрленеді)». Түпнұсқа – осылай.

Ал, спектаклде осы Қалтай мен Әбілмәжін үлкен жазушылар ретінде көрінеді де, олармен тәп-тәуір, ашық-жарқын сөйлесіп отырған Мұқаң үшеуінің әңгімесі үстіне тағы бір топ жас кіріп келгенде Қалтай мен Әбілмәжінді елемей, әлгі жастарға мұңын шағып кетеді. «Жаңа ғана алдыңғы екі қонағымен жақсы сөйлесіп отырған Мұқаңның мұнысы қалай?» деп қараптан қарап өзіміз біртүрлі болып қалдық, шынында.

Ақындық биіктіктің аяғына оратылып, кесе-көлденеңдей берген пенделік күйкілік, заман бұрауындағы әділет, ар жолын кес-кестеген өлермендік, тағысын тағы… Бір сөзбен айтқанда, өмірден биік өнер иесінің тағдыры! Мұқағали – ән мен жырға айналып кеткен асқақ құбылыс. «Өмірдің өзі ән емес пе?» десек, нағыз өмір сүрген Мұқағали мен Фариза! Автор (Рахымжан Отарбаев) оқиға орнына аурухананы таңдағаны шығарма мазмұнын, тіптен, тереңдеткен. Жердің бетін ауруханаға айналдырып жіберген – адамзаттың өзі. Бұған дейін Мағжан, Сәкендерді абақтыда, айдауда атып құртса, 1960 жылдардағы буынның барлығы дерлік 45 жастан аспады, жүректен кетті. Қасым, Жұмекен, Мұқағали, Кеңшілік, Жұматай – бәрі сол кептен аса алмапты. Саясат тірідей іштен жеуге көшкен. Ақын өлтіру ойынының бір тәсілі – талантты байқатпай жүйке тамырынан қию. Шымылдық ашылғанда, түнгі аурухана көрініс береді. Не дерт, не шалық қысқаны белгісіз ақ киген Мұқағали өң мен түстің арасында. Ақ киген. Айналасын қара кісілер иектеп алған. Қағып бір, соғып екі өтеді…

Осы тұсты айқынырақ бір көрініске құрған да жөн бе еді?! Драматург «қара киімділер Мұқағалиды шыр айналып, өлім биін билейді» дегенмен, шымылдық ашылған бетте қарапайым көрермен қабылдай алмай қалатын сияқты. Негізі, жазушы мұндай көріністі драманың үшінші бөлімінде қолданбай ма?

Таңертең талып жатқан ақынды палаталасы Күшеншек Барболсын оята бастайды. Бауыржан Сүлейменов Күшеншек рөлін тамаша алып шықты. Кейіпкер табиғатын аша алды. Мұқағалиды сомдаған – Ахай Жұмамұратов болса, Фариза – Дина Заитова. Бұлардың бәрі – аталған театр әртістері. Қайшылық осы жерден басталып тұрған жоқ па? Шын ақынды дәлдүріш жазарманмен бір ауыртып, ортақ палатаға жатқызып қойған… Күшеншек қанша оятса тұрмайтыны белгілі, талықсып жатқан ақынның бетін медбике қыз ғана бері қаратқан болады. Медбике – Мұқаңның өлеңдерін жатқа оқитын, оқырман қыз. Қызық оқиға – аурухана басшылығы Күшеншектің шығармашылық кешін өткізеді. Оған жоғары мәртебелі коммунистер келіп сөз сөйлейді. Ондай кешке бармайтын Мұқаңды Күшекең алдын ала көндіріп қояды. Автор кері кеткен заманның іріп-шіріген жүйесін осылай аурухана арқылы бере салған, меніңше.

Ауру мен жан дертінен қапалы ақынның қалын біліп, Фариза келеді. Фариза! Армандай қыз емес, аспандай ақын Мұқағали үшін. Өмірді көркем шындық деп таныған екі ақынның арасындағы жоғары түйсікті спектакль тілімен түсіндіру қиын шығар, бірақ, осы жерден бастап эстетикалық биік талғам ту көтеру керек-ті. Мұқағали мен Фариза кейпіне ену – қиынның қиыны, ғажаптың ғажабы емес пе? Адам асқақ болу үшін оның ішінде соншалықты сәулелі күш жатуы керек. Осы тұрғыдан алғанда, екі ақынның талғам-таразысы, қарым-қатынасы бірсыдырғы көрінді қойылымда.

Оның сыртында партиялық жиналыстарда, басқа жиындарда сөз сөйлеген ақынсымақтардың бетбейнесі ашылып отырды. Иә, «концертте» ақын ар биігінде ақиқатты айтады, Күшекеңдер коммунистік пиғылда «өлең» оқып, өздерін әшкерелейді. Ақыр соңында жастар Фариза мен Мұқағалиды қаумалап, хормен Мұқағалидың әнін шырқап кетеді. Мұқағали әнін шырқап тұрғандардың арасына сіңіп бара жатады да, жалғыз шындық қалып қояды. Ол – кеңістікте мәңгі қалып қойған ақын Фариза болатын. Шымылдық!

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button