Басты тақырып

Ақын да, батыр да – өзі

Дәстүр дегеніміз – ұрпақтан ұрпаққа көшетін тарихи қалыптасқан әлеуметтік, адамзаттық қасиет, қоғамының даму барысындағы бұрынғы мен бүгінгі кезеңдердің байланысын білдіретін жалпы ұғым. Дәстүрге ғасырлар бойы қалыптасқан, сұрыпталған әдет-ғұрыптар, жол-жобалар, көзқарас-түсініктер жатады.

Дәстүр әдет, салт, дағды ғұрып деген ұғымдар кең мағынада адам мінезі мен тіршілігіне байланысты қанға сіңген қасиеттерді білдіреді. Мезгіл мөлшерімен алғанда дәстүр – ұзақ дәуірдің жемісі. Дәстүр, салт адам жан дүниесіне, мінезіне байланысты қалыптасатын тұрақты құбылыс. Ұлттық дәстүр халықтың белгілі бір дәуір ішінде өзгермейтін, жоғалып кете қоймайтын немесе аз өзгеріске ұшырайтын қасиеті. Сонымен дәстүр әр ұлттың болмысын, санасын, қабілетін, мәдениетін, ой-өрісін сипаттайтын негізгі ұғым.

Таяуда қолыма ақын, этнограф, публицист Қасымхан Бегмановтың «Дәстүр» атты төрт томдығы тиді. Баспадан шыққанына көп бола қоймаған төрт томдық – ғылыми-танымдық кітап, халқымыздың рухани алтын қоры іспеттес екен. Бұлай деуіме себеп, тұтас бір институтқа жүк болатын осыншама мол қазынаны игеру және оны халыққа ұсыну – екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа.

Қасымхан Бегманов қазіргі бейбіт заманның батыры деп ойлаймын. «Ақын болу міндет емес, азамат болу парызың» деген ұғым бар. Міне, сол қасиеттерді мұрат етіп, барлық күш-қуатын ел, аруақ, рух алдындағы азаматтық қарыз бен парыз етіп алған батыр азамат. Қасымханның белгілі ақын екендігі жыр кітаптары мен бұқаралық ақпарат құралдарынан жұртшылыққа белгілі. Біз ол туралы сөз қозғамаймыз. Оның поэзиясы туралы жылы лебіздер кеңінен айтылып та, жазылып та жүр. Ақындығынан бөлек оның басқаларға ұқсамайтын ерекшелігі – азаматтығы мен қайсар қайраткерлігі.

Қасымханның тәуелсіздік алғаннан кейін Алаш арыстарының бірі – Мұстафа Шоқай мұрасына сіңірген орасан зор еңбегі. Кезінде Шоқай туралы өсек-аяң, неше түрлі топшылаулар негізсіз кінәлар айтылып жазылды. Осы кезде Шоқайдың туған жері Наршоқыдан бастап ол жүрген ондаған қала, мемлекеттерді аралап, жүздеген адамдармен кездесіп, мыңдаған бұрын белгісіз архивтердегі құжаттарын тауып, Шоқайдың жұбайы Мария жерленген Францияның Шелль қаласына дейін барған. Осы сапар қорытындысының нәтижесінде Шоқайдың бүкіл саналы өмірін түріктердің басын біріктіруге арналғанын, сол үшін де жанын пида еткенін дәлелдейтін «Мұстафа Шоқай жолы» атты толықметражды деректі фильм түсіріп, халыққа тарту еткені – ерлік емей не?!

Фильм шығысымен Өскеменнің тәуелсіз «Флеш» деген газетінің бас редакторы және тілшісі «Мұстафа Шоқай Қазақстан мен Орта Азияның бола алмай қалған әміршісі, фашистік ұйымның басшысы, фашистермен сыбайлас болған» деп мақала жазып, қаралап шыға келген. Қасымхан сонда Мұстафа Шоқайды оларға қорлатып қоймай, Алаш арысының туыстары атынан сотқа шағым жолдап, қазақ зиялыларының көмегімен Мұстафа туралы жинаған барлық құжаттар арқылы оның ақ екенін дәлелдеп, сотта Шоқайды қорлаған екі орысты жеңіп, «Флеш» газетіне 100000 теңге айыппұл төлетіп, қазақ халқынан кешірім сұратыпты. Әлгі ақшаны қайырымдылыққа берген Қасымханды батыр демей көр!

«Даламызға шапағатын шашты кім, Кімдер келіп жасамады қастығын. Айтыңдаршы, ағайындар, күні ертең, Сақталмаса, не боламыз Дəстүрің?» деп жырлайды Қасымхан. Жырлап қана қоймайды, бойындағы барлық күш-жігерін сол дәстүрді қайта қалпына келтіріп, жинап, келешек ұрпаққа қалдырды. Бұл саладағы сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін көріп жүрміз. Орыстар қазақ халқын 300 жылдан артық уақыт бодандықта ұстағанда әдейі, жоспарлы түрде барлық дәстүріміз бен құндылықтарымызды ұмыттырып, мәңгүрт қылып жіберуге таяп қалыпты ғой. Әйтпесе, қазақ халқының дәстүрі мен құндылықтары басқа халықтардікінен әлдеқайда жоғары және ерекше маңызды екенін шетелдің көптеген прогресшіл ғалымдары мойындап, пікірлерін айтуда.

Сол жоғалған салт-дәстүрімізбен әдет-ғұрыптарымызды қайта жаңғыртып, кеңінен насихаттау үшін Қасымхан мойнына «Дәстүр» ұлттық-этнографиялық көпшілікке арналған журналды шығару жауапкершілігін алады. Не деген қайсарлық, еңбекқорлық десеңізші?! Сол журнал, міне, 8 жылдан артық уақыттан бері үзілмей шығып келе жатыр. Осы уақыт ішінде бұл журналдың көмегімен қаншама халық ұлтымыздың орыс империясы әдейі ұмыттырып жіберген құндылықтарымен табысып, біліп жатыр.

Осындай күрделі де қиын жұмысты атқару анау-мынау мемлекеттік мекемелердің де қолынан келмейді. Журналдың әр нөміріне көз майын тауысып, материалдар табудың өзі қаншама уақыт, қажыр, ізденіс, қайратты қажет етеді.

Қасымхан «Дәстүр» журналын шығарумен бірге тағы бір керемет ауқымды жобаны іске асырыпты. Ол қолымыздағы халқымыздың құндылықтарының қайнар көзі –дәстүрімізді жинап, болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге ету мақсатында «Дәстүр: кеше, бүгін ертең» атты көпшілікке арналған ғылыми төрт томдық жоба. Аталған ұлттық жобаны іске асыру үшін еліміздің байтақ даласын Атыраудан Алтайға, Жетісудан Қостанайға дейін аралап, бүкіл қазақтың жеріне саяхат жасап, ұлт дәстүріне, құндылықтарына қатысы бар деген жүздеген адамдармен кездесіп, әңгіме-сұхбат құрған.

Қасымхан Бегманов жобаның «Дәстүр – қазақпен бірге жасайтын мәңгілік тақырып» деген алғысөзінде «Менің міндетім – зиялы қауымды ұлттық салт-дәстүрімізді жан-жақты жетілдіріп, дамыта түсуге, осы игілікті шараны көп болып қолға алуға шақыру. Әдет-ғұрып – ұлттың рухани тамыры, нәр алар бастау-бұлағы. «Уықты – басқұр, ұлтты дәстүр сақтайды» деп тегін айтпаса керек бұрынғылар. Ол дәстүрді кім сақтайды? Әрине ұлт сақтайды. Міне, ендеше, осы бағытта атқарар шаруалар шашетектен» дейді. Осындай міндетті алдына еліне деген асқан сүйіспеншілігі бар Қасымхан сияқты ұлтын шексіз сүйетін азамат қана қоя алады.

Ұланғайыр Отанымыздың түкпір-түкпіріне сапар шегу – оңай шаруа емес. Қасымханды осындай қиын да, күрделі сапарға шығарған – мойнына жүктеген қазақ ұлты алдындағы парызы мен қарызы деп түсінеміз. Ол салт-дәстүр, әдет-ғұрып туралы көп білетін ғұлама азаматтармен әңгімелесе алмай қалды, олдардың біразы ол дүниелік болып кетті. Енді ең болмаса қалған білікті де, ұлт құндылықтарын терең білетін құйма құлақ қарттар әңгімелерін сақтап қалу ниетімен сапарға шықты Қасымхан. Оны ешқандай қиындық тоқтата алмады, өйткені ол асықпаса уақыт ешқашан ешкімді де есіркемейтінін түсінді. Соның арқасында Қасымхан бәленбай қызметкері бар ғылыми-зерттеу институттары атқара алмай жүрген істі бір өзі тындырды. Алла оған күш-қуат берсін.

Қасымхан Бегманов «Елді ел, ұлтты ұлт ететін де, бойына қан жүгіртіп, өзегіне нәр беретін де сол ұлттың өзіне ғана тән салт-сана, әдет-ғұрыптары. Дәстүрі ұмытылған, тарихы бұрмаланған, тілі шұбарланған ұлттың ғұмыры қысқа болары анық. Дәстүрінен айырылған ұлт жоғалады. Сондықтан да, Қасымхан қазақ елінің ұлан байтақ өңірін аралап, ұлттық дәстүрге арналған төрт томдық сүбелі еңбегін оқып шыққаннан кейінгі қуанышымызды, қымбатты оқырмандар, сіздермен бөлісуге асықтық.

Қасымханның «Этнографпен әңгіме» деген еңбегінің өзі неге тұрады? Ғажап дүние ғой. Әлкей Марғұлан кезінде «тірі энциклопедия атаған» Жағда Бабалықұлы – ғұлама ғалым, зерттеуші, этнограф, аса көрнекті шежіре қария. Осы ғажап азаматтың аңшылық, төрт түлік мал, аспан әлемі, ел мен жер, тіл, тарихы тереңде жатқан еліміздің кейбірі бұл күндері ұмыт бола бастаған әдет-ғұрып, ырым-тыйымдарын, салт-дәстүр туралы пайымдауларын, онымен бірге жан дүниесі бай, көрген-түйгені мол қазына қарт өткен өмірін, елге еткен еңбегін тірі күнінде сұхбаттасып жазып алып, қағазға түсіргені де керемет ерлік емес пе?

Қолдарыңызға тигелі тұрған «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты төрт томдық ғылыми-танымдық кітаптың Қазақ халқына берер рухани тағылымы ұшан-теңіз. Біздікі тек «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халық даналығының үрдісінен шығу жолындағы риясыз пікір ғана.

Темірғали КӨКЕТАЙ,

профессор.

Қарағанды облыстық

«Қазақ тілі және мәдениеті қоғамы»

қоғамдық бірлестігінің

төрағасы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button