Ақын Қайрат Асқар өмірден өтті
Қазақ поэзиясында өзіндік үнімен, сыршыл өлең өрнегімен танылған белгілі ақын, ұстаз Қайрат Асқар мезгілсіз дүниеден өтті.
Қайрат Белгібайұлы 1977 жылы 13 қаңтарда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының Бесоба ауылында дүниеге келген.
Қарағанды қаласындағы Н.Нұрмақов атындағы №2 мектеп-интернатында оқып, кейін академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде филология мамандығы бойынша жоғары білім алды. Оқу орнын бітірген соң, өзі түлеп ұшқан мектеп-интернатта ұстаздық етіп, жас ұрпақ тәрбиесіне үлес қосты.
2003 жылдан бері Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінде, кейін Қарағанды қаласындағы «Болашақ» колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен оқытушы болып қызмет атқарды.
Ол — Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы.
2011 жылдың маусым айында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Жалын» баспасынан «Дауыс» атты алғашқы жыр жинағы жарық көрді.
«Saryarqa Aqparat» ЖШС ұжымы марқұмның жанұясы мен туған-туыстарына ауыр қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.