Ақын Абзал Бөкеннің шығармашылық кеші өтеді
Өлең өлкесіне өткен ғасырдың жетпісінші жылдары өзіндік үнімен келген белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Абзал Бөкеннің 75 жас мерейтойына арналға «Күн астынан күміс жамбы жаудырған» атты шығармашылық кеші өтеді.
Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өтетін жыр мерекесіне ақынның қаламдастары Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Иран Ғайып, Ғалым Жайлыбай, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, Жазушылар одағының хатшысы Дәулеткерей Кәпұлы, Бақыт Беделхан, Ержан Алаштуған, Қалқаман Сарин бастаған белгілі ақындар, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының әртістері қатысады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, аты аңызға айналған «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблі, Амантай Жұмашев, Дәуренбек Әркенов, Арайлым Жүкенова, Нұржан Жасымхан сынды талантты әншілер ақынның сөзіне жазылған әуезді әндерді шырқап, кештің көрігін қыздырмақ. Есті ән естіп, жауһар жыр тыңдағыларыңыз келсе, Абзал ақынның шығармашылық кешіне келіңіз, мәртебелі оқырман!
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.