Жаңалықтар

“Ақылды қалалар” көшбасшысы

Ауылдан қалаға көшерде «ақыл – алтау, ой – жетеу» деп сенделгеніміз бар. Сөйтсек, қалаға бізден сәл ертерек жетіп алған құрдастарымыз әрі жылжып, Астанаға қоныс аударып жатыр екен. Бәрінің айтатыны – бір. «Астана – арман қала, болашағы жарқын» деп, көшуін өсуімен сабақтастырады. Расында солай, мұндай ой елдің әр өңіріндегі, әсіресе, жас буынның санасына мықтап бекіп алған. Көзі ашық, көкірегі ояу адам жақсы түсінеді себебін. Міне, биыл Астанаға – 20 жыл. Бас қаламыз елдің жан-жақты дамуының драйверіне айналып қана қоймай, ғаламның өзге де дамыған қалаларымен, астаналарымен иық теңестірді. ЮНЕСКО-ның шешімімен (1999 жылы) «Әлем қаласы» деп танылуы – сөзіміздің бір дәлелі ғана… Жасыратыны жоқ, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бұл жоспарына үзілді-кесілді қарсылық танытқандар болды. Түрлі сылтауды алға тартып, ең аяғы, Астананың масасы қалың дегенді желеу еткендер. Тарихи шешімнің бағасын, әрине, уақыт берді. Мемлекеттік саясаттың «менеджері» саналатын Астанаға қарап, енді «Ақылды қалалар» көші бой түзеді.

Терең тарихтан – кемел келешекке

Әлем тарихына көз жүгіртсек, елдердің өз астаналарын ауыстыруы туралы деректер көптеп кездеседі. КСРО-ның тұсында қылтиған «кезбе астана» идеясын әрі қойғанда, АҚШ, Бразилия, Қытай және Түркия елдері бас қалаларын жиі өзгерткен екен. Біздіңше, әр түрлендірудің соңында – «уақыттың шаңына көміліп қалмау қажет» деген принцип тұрса керек.

Қазақ елі де ХХ ғасырдың өзінде-ақ бас қаласын бес рет ауыстырған екен. Бірақ, одан әріде Суяб, Құлан, Тараз, Баласағұн, Сығанақ және Түркістандай киелі жерлеріміз Алаштың астанасы болғанын жақсы білеміз. Қазіргі астанамыздың да бастау-бұлағын қомсынуға негіз жоқ.

Астана бұған дейін де, Целиноград қаласы аталған уақытында, Тың игеру өлкесінің орталығы саналды. Халқының саны 100 мың адамға жетті. Ырысты өлкеде тың игеру науқанының 24 жылында 250 миллион тонна астық өндірілген екен.

Одан әріде Қараөткелдегі Ақмола бекінісі болып (1832 жылы) көптің жадында жаңғырып тұр. Осы жерде Қыпшақ хандығының резиденциясы бой көтеріп, Шығыс Еуразияның дінимәдени орталығы қалыптасқанына тарлан тарих куә.

Археологтарымыз Астананың өткенін мұнымен шектеп қойған жоқ. Қыш кірпіштен қаланған «Бозоқ» қаласының тәбәрігін бүгінге тарту етті. Ғалымдар Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан «Бозоқтың» орнынан, тіпті, тас дәуірінде қолданылған қаруларды іздеп тапты. Зерттеушілердің айтуынша, кала, әсіресе, Х-ХІІ ғасырларда гүлденген болуы керек. Осы жерде зәулім мұнаралар және кесенелер тұрғызылған.

Қараңғы түннен – жарық таңға

«Астананы көшіру Қазақстанды жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде орнықтыруда зор рөл атқаратынына мен сенімді болдым». Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында осылай жазды.

Негізінен, Алаштың тәжі – Астананы бас қала ретінде таңдауда 32 өлшем ескерілген.

Астана – тоғыз жолдың торабында орналасқан қала. Дау жоқ, оның географиялық жағдайы елді басқару мен өңірлерді өркендетуде тиімді екенін осыдан-ақ аңғарасыз. Бірақ, таңдауға басымдық берген критерийлердің бұдан да маңызды тұстары болған. Геосаяси жағдай. Іргедегі алпауыттардың аузына жұтылып кетпеу керек. Мәселен, бұған дейінгі астанамыз – Алматы қаласы Қытаймен шекараға жақын орналасқан. Бағамдай беріңіз. Оның үстіне, солтүстіктегі көршіміз де «айбалтаң сай болсын» деген ұстанымды қалай ұмыттырсын? Кейбір қара ниеттілері қазақты жаншып өтіп, Үнді мұхитына етіктерін шайғысы келген. Турасын айтқанда.

Бұдан бөлек, елдің оңтүстік өңірлерінде халықтың көп шоғырлануы салдарынан шиеленістер жиілей түскен. Экология және демографиялық теңгерім мәселелері тағы бар.

Байқап отырғанымыздай, Президенттің астананы көшіру туралы шешімінің астарында терең мағына жатыр. Сөйтіп, елдің бас ордасы бұрынғы Ақмолаға көшірілді. Осы тұста қылаң берген қаланың атауын өзгерту мәселесін Елбасының зерделі ойы тарқатты. Бастапқыда астананы «Қазақстан» немесе «Нұрсұлтан» деп атау жөнінде де ұсыныстар айтылған. Бірақ, Елбасы астананы Астана деп атау туралы ұйғарым жасады. Ұлт Көшбасшысының ұсынысын жергілікті билік, Үкімет жанындағы ономастикалық комиссия, бастысы, халық қолдады.

Президент мәселе төңірегіндегі өз ойын: «Бір жолы түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз астана! Қазақша әдемі естіледі. Қомақты, ауыз толады, қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар. Астана!» – деп тарқатады.

Шынымен, «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді» (Абай). Президенттің қараңғы түнде жүрегіне қонып, жарық таңға Астана болып қадам басқан ойы.

Инвестиция – игілік

Сарыарқаға қазығын қаққан Астананы әлемдік өркениеттің көшіне қосу да – тынымсыз еңбектің жемісі. Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы жолда әлемдік тәжірибені жіті зерттеді. Революциялық жаңғырулардың озық үлгілерін зерделеп, ақыл-парасаттың таразысына жүгінді.

Әрине, астананы көшіру енді ғана етек-жеңін жия бастаған жас мемлекетімізге үлкен сынақ еді, сүрінбедік. Жасампаз басшымыз елдің дәулеті мен Астананың сәулетін арттыру үшін шет елдерден инвестиция тартуға күш салды. Өзге мемлекеттерге барған әрбір сапарында миллиондаған, миллиардтаған сомаларды Қазақстан нарығына тарту туралы келісім-шарттар жасасты. Нәтижесінде, Әбу-Даби даму қорының есебінен (72 миллион долларға) – Ақорда, Сауд Арабиясының грантына (12 миллион долларға) ҚР Парламенті Сенатының ғимараты бой көтерді. Катар мемлекеті бөлген 38 миллион долларға «Нұр-Астана» мешіті салынды. Бұл мысалдар – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тірнектеп жинап, Астанаға, жалпы елдің қазынасына құйғызған қаражатының бастамасы ғана. Одан беріде тартылған инвестициялар көлемі артпаса, кеміген жоқ.

Кемеңгер Көшбасшымыз Астананың бас жоспарын бекітуге де тікелей басшылық жасады. Жапондық сәулетші Кисе Курокаваға тиесілі жобаның үлгісі Ұлы Дала төсінде уақытпен үндесіп, үйлесім тапқанына төрткүл дүние куә. Мұның сыртында көнерген атауларды өзгерту сияқты уақыттың талабы тұрды. Ел Президенті бүгінде бұқара қызу қолдап отырған рухани жаңғырудың да алғышарттарын сол кезде-ақ ескерген. Астананың әр кірпішін қалаумен қатар, «өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей». Көше-көшеге тарихи атаулар беріліп, даңқты тұлғаларымыздың ескерткіштері бой көтерді. Әттегені, ескілікті көксеген кейбіреулер осы тұста да үнсіз қалмады. Мысалы, Парламент үйінің қарсы алаңынан «кеңестік көсемнің» ескерткішін алып тастау әжептәуір «жыр болған». Елбасының сарабдал саясаты осы сипаттағы кереғар пікірлердің де жігін жатқызды.

Жас Астана – жетістіктер айнасы

Жасыл желекке бөленген жас Астана қуатты Қазақстанның айбарын айшықтап тұр. Республикалық маңызға ие қаланың елдің ішкі жалпы өнімі көлеміндегі (өткен жылдың 9 айында 3 880 миллиард теңге) және өзге де параметрлер бойынша үлесі басым. Бір миллионнан астам халқы бар шаһардың күн санап көркеюі – туризмді түлетуге де сеп.

Былтыр бағаналы ордада баламалы қуат көздері сарапқа салынды. «ЭКСПО – 2017» көрмесі Астанада алты құрлықтың ортақ мүддеге жұмылуының басы да, соңы да емес-ті. ТМД елдерінің арасында бірінші болып Халықаралық көрмені өткізу мәртебесінің Астанаға бұйыруы да бекер емес. 2012 жылы жасырын дауысқа салған 103 ел жүзіктің тасы – Астананы таңдады. Түрлі экономикалық форумдар, дәстүрлі дін өкілдерінің съездері, басқа да алқалы жиындар, мәдени-спорттық шаралар да Астана төрінде өткізіліп келеді.

Бұл, біріншіден, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік саясаттағы биік беделін айқындаса, екіншіден, Қазақстанның һәм Астана қаласының жасампаздық жолындағы жетістіктерінің көрінісі.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button