Жаңалықтар

Ақыл-ой алаңы «ROBOLAND-те»

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында биыл 3-4 желтоқсан аралығында Қарағанды қаласындағы №2 Оқушылар сарайында балалардың шығармашылық белсенділігін дамытуға ықпал ету, техникалық пәндерді меңгерту, білім берудегі робототехниканың мүмкіндіктерін таныту мақсатында республикалық деңгейде «ROBOLAND – 2021» робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялардың VI фестивалі өтті. Сайысқа 289 оқушыдан құралған 141 команда қатысты. Оның ішіндегі 89 команда Қарағанды облысынан. Сондай-ақ, қатысушылар Шымкент, Павлодар, Алматы облысы, Жамбыл, Маңғыстау, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан облысынан және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келді.

Бұл сайыс 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Ең алғаш 5 номинация бойынша 30 команда жарысқа түскен. Сол жылы өткен фестивальдің қорытындысы бұл сайысты халықаралық деңгейде өткізуге болатынын айқындады. Келесі жылы «ROBOLAND – 2016» фестиваліне Ресей, Сербия елдерінен қатысушылар келді. Сондай-ақ, Қазақстанның 12 өңірінен 200-ден астам команда және 400 оқушы сынға түсті.

«ROBOLAND» фестивалі – Қазақстандағы алғашқы және ірі робототехникалық жоба, сонымен қоса, техникалық шығармашылық пен жаңа технологиялардың ең ауқымды форумы.

Пандемияға байланысты шектеулерден кейін қайта жанданған бұл сайыс биыл Қарағанды қаласында облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізіліп отыр. Мұндағы тіркеудің және қорытындылаудың электрондық жүйесі, сондай-ақ, тәуелсіз кәсіби төрешілер алқасы жылдағыдай, өзгерген жоқ. Тек санитарлық талаптарға сәйкес биылғы сайыс көрерменсіз өтті және жарыс алаңдары әр түрлі залдарға белгіленді.

– Бүлдіршіндерден бастап робототехникаға қызығушылық танытады. Сол себепті балабақшада, бастауыш сынып және негізгі сыныптар бойынша әртүрлі сайыстар енгізілді. 2 күнге созылған байқау 8 бағыт бойынша өткізіледі. Бұл балалардың шығармашылық деңгейін анықтау, бағдарламалау тілін меңгерту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Пандемиялық жағдайға байланысты биылғы фестиваль республикалық деңгейде өтуде, – деді облыстық білім басқармасының Білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Есбол Аринов.

Фестивальдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова биылғы фестивальдің ерекшелігін атап өтті:

Бұл фестиваль Қарағанды облысында 6-шы рет өткізіліп отыр. Өкінішке қарай, пандемияға байланысты бүгінде басқа елдерден қатысушылар келе алмады. Дегенмен, Қазақстанның түкпір-түкпірінен 141 команда қатысуға өтініш беріпті. Яғни, осы сайысқа 300-ге жуық бала қатысуда. Техникалық шығармашылықтың әуесқой жастары еліміздің 11 өңірінен келді. Балалар өздерінің деңгейін көрсетіп, болашақ мамандығына деген алғашқы қадам басуына, таңдау жасауына осындай фестивальдер көп үлес қосады.

Тәуелсіздік жылдары білім берудегі робототехника үлкен дамуға қол жеткізді. Біздің облыста осы сала бойынша 300-ге жуық кабинет жұмыс істейді, оған 6 мыңға жуық бала қатысады, – деді Гүлсім Шабданқызы.

«ROBOLAND» фестивалінде Robotmouse, роботты жинау және теңге алу, сондай-ақ жас ерекшеліктері бойынша шығармашылық бағыттағы сайыс, Сумо Grand, Су роботтарының лабиринтті бағыттары, лабиринт және робогеометрия бағыттары бойынша өткізілді.

– Фестиваль басқаша форматта өтіп жатыр. Биыл пандемияға байланысты командалар саны азайды. Әрбір категория бойынша 20 командадан көп болатын. Ал, қазір 8 бағыт бойынша 12 команда қатыса алады. Олардың әрқайсысында 2 немесе 4,5 адам төрелік етеді. Оқушылардың ІТ, робототехникаға деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Қашықтан оқыту кезінде де оқушылар робототехника үйірмелеріне келіп жүрді. Онда автоматты түрде жұмыс істейтін «Антисептикті» ойлап тапты, – дейді «Лабиринт» бағытындағы төреші Шоқан Мақанбаев.

Аталған бағыт бойынша 4 жастан 7 жасқа дейінгі балалар роботты жинау және робо-тышқанды басқару қабілеті бойынша сынға түсті. Бағдарламаға ұлттық нақыштағы «Теңге алу» жарысы енгізілген. Жұмыс алаңында мүмкіндігінше тосыннан берілген монеталарды жинауы керек. Қарағанды қаласынан қатысқан Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №41 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы Рамазан Қуатов «Теңге алу» сайысына жасаған роботымен таныстырды.

– Аз уақыт ішінде осы механизмді ойлап таптық. Берілген монеталарды осы механизммен жинау керек. Робот оны өзіне жинайтындай қылып жасадық. Бұл ұлттық «Теңге алу» ойынына ұқсас. Теңгені жинағанда робот өзіне дәл түсірсе, жоғары балл жинайды. Ал тек қағып кетсе, аз ұпай беріледі, – деді ол.

Бұл мектептен қатысқан команда аталған бағыт бойынша ІІ орын жеңімпазы атанды.

«ROBOLAND – 2021» фестивалінде жалпы командалық нәтиже бойынша Қарағанды облысы І орын жеңімпазы атанды. Ал Павлодар облысынан келген команда ІІ орынға тұрақтаса, Нұр-Сұлтан қаласынан келген команда ІІІ орынға ие болды.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген автор.

Басқа материалдар

Back to top button