Жаңалықтар

Ақыл мен насихат

Абай эстафетасын редакторлардың редакторы Мағауия Сембайдан қабылдап алдым («Оrtalyq Qazaqstan» газеті, 17.08.2019 ж., №90). Мағауия дос ұлы абайдың «Жетінші қара сөзіне» тоқтапты. Жан мен тәннің аражігін ажыратып айтып кеткен данышпан бабамыздың философиясын тілге тиек етіпті. Мүйізі қарағайдай батыс ойшылдарының бұл мәселе төңірегінде әлі күнге дейін бір мәмілеге келе алмай ойқастап жүргенін салыстыра жазыпты. Менің де көзім ашылғандай. Жан құдіретін мойындамай, тән рахатына құмарланған қоғам бізді қайда бастап барады? Сансыз сауал жан сыздатты. Сонымен, «Сегізінші қара сөзін» ой елегінен өткізуге тәуекел еттім.

«Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды?

Біреу – болыс, біреу – би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді. Олар өздері де үздік кісіміз, өздеріміз біреуге үлгі беріп, ақыл айтарлықпыз деп сайланады. Өздері түзеліп жеткен, енді, елді түзерлігі-ақ қалған. Ол не қылып тыңдасын және тыңдайын десе де, қолы тие ме?» – дейді хакім Абай сөзінің басында. Жүз елу жылдай бұрын ақбоз үйдің ішінде айтылған сөз. Дәл бүгін, таңғы шайдың үстінде көтерілгендей. Жағаңды ұстайсың.

Тура бүгінгінің болыс-билеріне арнап айтылғандай. Қызметке кіріп алғаннан соң, жұртпен жұмыс істеп, міндеттерін атқаруға қолдары тимейді. Немесе өрелері жетпейді. Сондықтан, бұқарадан қашқақтап, жоғарыға жалтақтап күн өткізеді.

Абай айтқандай, «Ұлығымызға жазалы болып қаламыз ба, елдегі бұзақыларымызды бүлдіріп аламыз ба немесе халқымызды бүлдіріп аламыз ба, яки, өзіміз шығымдап, шығынымызды толтыра алмай қаламыз ба?» деген тән күдігі бүгінгі күні зорайып бара жатқандай.

Лауазымды адамдардың сыбайластығы, жемқорлығы, жақындықпен, тамыр-таныстықпен қызметке келетіндігі анық болды. Ел бәрін біліп отыр. Олар айылын жияр емес. Біріне бірі ант беріп, ант қабылдайды.

Абай байлар туралы былай дейді: «…Өзінде жоқты малымен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білім – ешнәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса, Құдай Тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның діні, құдайы, халқы, жұрты, білімі, ұяты, ары, жақыны, бәрі – мал…» Қысқаша айтқанда, байлардың өмірі мал соңында өтеді. Адами тірлікпен айналысуға қолдары тимейді.

Бүгін де – осы. Түрлі жолмен байып алған дәулеттілер халқына менсінбей қарайды. Олар үшін әр нәрсенің бағасы бар. Кез келген адамды сатып алуға болады. Кез келген қылмысты жабуға болады. Демек, ұлықтар мен байлар ауыз жаласып біткен. Олардың ұл-қыздарының дені қазақ қоғамын ластап жүр. Қарапайым елдің ашуызасын туғызып жүр. Өз ұрпағын тәрбиелеуге қолы тимейтін мырзалардан не қайыр, не үміт?!

Сонымен, қайтсек елдің есін жиғызбақпыз?! Өмірінде үш мәрте болыстыққа сайланып, арасында билік құрған ақын Абай, хакім Абай мал мен жаннан кенде емес еді. Бірақ, мұқым қазақты бөліп-жармай, өзін халқына арнады. Халқын қорғайтын, тәрбиелейтін заң шығарды. Сөйтіп, адамзаттың Абайына айналды…

* * *

Бақанастың бойы естен кетпейді, Мағауия дос. Өзіңіз бастап барып, алдаспан жазушы Мұхтар Мағауинге ілескен күндердің несін айтасыз…

Мен сол Мұхтар ағаға жолықтырған сәтті сапардан кейін Абай шығармашылығына аса мән бере бастадым. Ой қорытуға талаптандым. Бір әңгімесінде Мұхтар Мағауин: «Мен Абайдың тізесіне келдім» – деп еді. Біздер тобығына жете алар ма екенбіз, Мәке?! Бай-бағланның түрі – анау. Мұның үстіне көбінің оқырманы жоқ, мүшелік билеттері бар қалың қаламгердің аракідік жаға жыртысып, бірін-бірі желкелейтіні тағы бар.

Әсіресе, соңғылар Мұхтар Мағауиннен үлгі-өнеге алса, қанекей… Ол бір өзі бүкіл Еуропа мен АҚШ-қа ұлы Абайдың шығармашылығын насихаттап жүр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастаманы тегін қолдап отырмағанын да түйсінетін кез жетті, қазағым…

Бұл – мемлекеттік көзқарас. Ендеше, ақыл үйреніп, насихат тыңдайық (Абай).

* * *

Абай эстафетасын әріптесім, «Saryarqa» телеарнасының директоры Берік Дүйсетаевқа жолдаймын.

Базарбай ӘЛЕУХАНҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

Басқа материалдар

Back to top button