АймақАқтоғай

Ақтылы қой өргізген

Бүгінде ақтылы қой өргізген Ақтоғай ауданына қарасты «Сәрсенбек» шаруашылығы қойды көбейтуге күш салуда. Асыл тұқымды дегерес ақ қойлардың санын арттыру үшін 90-шы жылдардағы тоқырау заманына қарамастан Алматыдағы арнайы ғылыми орталықпен бірлесе жұмыс істеген. Нәтижесінде етті бағыттағы асыл тұқымды қой санын 2 мыңға жеткізген.

Жақында «Сәрсенбек» шаруа қожалығына арнайы аттың басын бұрдық. Сапар барысында шаруашылық иесі Ернат Оспанов малды асылдандыруға, уақ малды көбейтуге қатысты өзіндік тың жоспарларымен бөлісті. Ауылында бүгінгі таңда заманауи мал қоралары салынып жатқандығын сөз етті. Сонымен қатар, мемлекеттің мал басын асылдандыру, көбейту, субсидиялау, жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша мән беріп, тиісті қолдаулар жасайтындығын да атап өтті. Осының негізінде қазіргі таңда «Сәрсенбек» асыл тұқымды мал шаруашылығының алдағы жылдарға жоспар құрып, тоқырау жылдары жойылып кеткен қойдың басын ауылға қайта қайтару мақсатында жүйелі жұмыстарынан хабардар болдық.

– Бабаларымыз «Мал өсірсең, қой өсір – пайдасы оның көл көсір» демеп пе еді?! Сыйлы қонағы, құдайы қонағы келсе де, қойдың басы мен жілігін алдына қойған халықпыз. Шопан ата түлігінің бағасы осы бір-ақ ауыз сөзге сыйып тұрғандай. Қой кешегі өндіріс тоқтаған, еңбекақы мен зейнетақы көзден бұл-бұл ұшқан қиын кезеңдерде де қазақтың берекесін сақтап, ақша орнына жүрді, азығы да, киімі де болды. Бүгінде елдің жағдайы түзелді, қой басын көбейту де қолға алынды. Түліктен алынған түрлі өнімдер ел экономикасының дамуына ықпал етіп, алыс-жақын көршінің нарығына жол тартуда. Кеңес кезінде Ақтоғай ауданының үлкен жетістігі – қой санын 250 мыңға жеткізіп, күллі одаққа атын шығарып, қой шаруашылығының өзіндік бренді­не айналған дегерес биязы жүн­ді қойының өсірілуі. Оның ерек­шелігі – етті-майлылығы мен тез жетілгіш қасиеті. Бұл көр­­сеткіш жөнінен олар елімізде бағылатын басқа қой тұқымдарынан көш ілгері тұрды. Сол қойдың қазір аталықтарының тірі салмағы орта есеппен 100-110, таңдаулылары 120-140 келі тартады. Аналықтарының көрсеткіші 65-75, кейде 80-90 келіге жетеді. Еркек қозылар енесінен бөлгенде 38-42, ұрғашылары 36-40 келі болады. Қой жайылымға жайлы, азығын тебіндеп жейді, – дейді «Сәрсенбек» шаруа қожалығының жетекшісі Ернат Оспанов.

Расымен де деректерге сүйен­сек, кезінде қой малының табыс көзі екенін зерттеген Кеңес үкіметі Қазақстандағы қой санын 50 миллионға жеткіземіз деп жоспар қабылдады. 1990 жылы қой саны 37 млн. болды. Негізінде, еділбай, дегерес, сарыарқа қойлары жерсіндірілді. Сонда басқа өңірлерден бөлек, Ақтоғайдың Жәмші, ХХІІ партсъезд, Ақтоғай шаруашылықтарында 250 мың қой болды. Қазір Ақтоғай ауданында 97 мыңнан астам қой бар екен. Бұл жерде өңірде қой мен жүннің терісі еш­қайда өтпегендіктен босқа рәсуа болып, далаға тасталып кел­­гендіктен қой санының төмендеуіне де белгілі бір мөлшерде әсерін тигізгенін ешкім жоққа шығара қоймас. Ернаттың әкесі Батырбек Оспанов 1992 жылы 500 қоймен шаруашылықты ашып, жұмысқа кіріскен тұста Қазақстанда дегерес қойын өсіру және жетілдіру бойынша еңбек сіңірген маман Қырғызбай Бегембеков­пен және Ақтоғай ауданындағы селекционер-маман Зәрузада Тәукеевпен тікелей жұмыс істеген. Осылайша, көп жылдар етті, әрі биязы жүнді дегерес қой шаруашылығын дамытуға атсалысқан.

Ернат Батырбекұлының айту­ынша, биылғы қысқа 1500 сау­лық қой, 250 қошқар және 250 тоқты түсетін көрінеді. Жемі мен шөбін де дайындап қойыпты. 1500 дана шөбін жаз айында қамдаған екен. 1992 жылы шаруашылық ашқан кездегі қыстауының 10 шақырым аумағына қоршау салып, келер жылы сол аумаққа екпе шөп өсіруді жоспарлап отыр екен. «Молалысу» жайлауына 2005 жылы үй тұрғызып, қора салған. Биыл «Молалысу 2» қыстауының басына 4 бөлмелі үйдің қабырғасын көтеріп, 1000 қой сыятын қора салып, саулықтарға арнайы орынды әзірлепті. 20 мың гектар жерінің өрісі отты, мал суаратын құдықтарды қаздыр­ған. Жолдың бойына жақын орналасқан соң қаладан қой іздеп, қымыз, сүт, қаймақ, май сұрап келетіндер көп екен. Ата кәсіпті, ұқсатып дамытып отырған шаруа иесі 250 жылқы қайырып, 400-ге жуық асыл тұқымды ақбас сиырды өсіретінін атап өтті. Биыл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 4 пайыздық несиемен 200 ақбас сиыр сатып алыпты. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарлама аясында жаңа трактор алған. Бүгінде шаруа қожалығы 8 адамды жұмыспен қамтып, әрқайсысына 150 мың теңге жалақы төлеп отыр. 2012 жылдан бері шаруашылықтың шопаны Оразалы Жексембеков­пен мал суаратын құдық басында жолықтық. Шопанда ауласы мен қора-жайлары аумағына ша­ғын жел станциясы мен күн батареясын орнатып алған қыстау жыл – он екі ай бойы жарықтан да тарықпайтындығын жеткізді.

– Күннің жинақталған қуа­тын қора ішіне орнатылған жа­рық көздеріне де жеткізіп, мал төлдету науқаны кезінде рақатын көрдік, – дейді шопан Оразалы Жексембеков. Оның айтуынша, үйден 100 метрдей жердегі құдықтан су шығару да қиын емес. Бұл үшін жерасты электр желісі арқылы су сорғышты іске қосып, қалағаныңша су жинауға мүмкіндік бар.

Қайта құрумен, тоқыраумен, дағдарыспен байланысты қиын кезеңдердің барлығын «Сәрсенбек» шаруа қожалығының иелері ауылдастарымен бірдей басынан өткерген. Әкесі де, анасы да жасынан адал еңбек етуге баулып, «Біреуден сұрағанның екі көзі шығады», кеудесінде намысы, көзінде оты бар, қол-­аяғы сау адамның біреуден тіленгені, әр нәрсенің басын шалып, берекесіз тірлік кешуі жарамайды», – деп ұдайы Ернат Оспановтың намысын қайрап, жігерін жанумен болған. Ернаттың бүгінгі күні ата-ана ақылының өте орынды екендігіне көзі анық жетіп отыр. Өмірлік қосағы Күмісжан екеуі үш бала тәрбиелеп, шаруашылығын дамытып отыр. Еңбекқор әулеттің үлкенінің де, кішісінің де астында «Джип» автокөлігі. Маң даладағы малшы үйі «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» емес. Қалалықтар тұрмысынан еш кемі жоқ.

«Сәрсенбек» шаруа қожалы­ғының басшысының айтқанындай, малдың басын көбейтуге, мал шаруашылығын дамытуға кедергі – тағы бір жайт ауылда мал бағатын адамның қалмай бара жатқаны. Осы орайда Ернат Батырбекұлы, ең алдымен, малшыға жайлы жағдай туғызу қажеттігін айтады. Малшылардың, механизаторлардың балаларын оқуға түсіруге жеңілдік жасаса, бейнет көріп, қысы-жазы мал соңында ыстығы пен суығына төзіп жүретін оларды зейнеткерлікке ертерек шығарса, басқа да әлеуметтік жағдайлар қарастырылса, мал бағуға баратын жастар, отбасылар табылар еді дейді.

Нұрдос КӘРІМ,
Ақтоғай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button