Ақтоғай петициясы: Шашубайдан неге шу шықты?
Ақтоғай ауданындағы іргелі кенттің бірі Шашубай ертеден-ақ бірлігі бекем елге мекен болған берекелі жұрт еді. Балқаш көлінің жағасында орын тепкен ауылда кейінгі жылдары әлеуметтік желі арқылы айрандай ұйыған елдің шырқы бұзылып, онлайн-петиция жариялау етек алды. Жақында Ақтоғай ауданының әкімі Руслан Кенжебековке қызметін босатсын деген шашубайлықтардың атынан петиция жарияланды. Мәселенің анығын білмекке Шашубай кентіне бардық. Тіпті, аудан әкімі сол күні жұртты жинап, мәселенің мәнісін түсіндіру мақсатында кездесу өткізді.
Алдымен түсінікті болу үшін петицияның мәтініне назар аударайық.
«Ақтоғай ауданына (Қарағанды облысы) Руслан Кенжебековтің әкім болып тағайындалуымен тұрғындардың мәселесі көбейді! Жарты жолда қалдырылған мәңгілік бітпейтін құрылыс нысандары, облыс әкімі мен облыс депутаттары биыл бастауға уәде еткен Ақтоғай ауданы, Шашубай ауылындағы қазандық мәселесі шешімін таппай жатыр. Оның үстіне, аудан тұрғындары 25 жылдан астам уақыт жолсыз, интернетсіз, ыстық сусыз, сапалы медициналық қызметсіз өмір сүруден шаршаған. Ауданда тіпті ірі супермаркеттер желілері жоқ, дәріхана мәселесі шешімін тапқан жоқ. Халық облыс әкімдері мен Ақтоғай өңірі депутаттарының уәдесін тыңдаудан шаршады.
Осы өтінішке қол қойған азаматтардың атынан Қазақстан Республикасының Президентінен Ақтоғай ауданының әкімі Руслан Кенжебековті, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасарлары Абылай Базылұлын, Серік Әміралин мен Саян Мұратұлын қызметінен босатуды сұраймыз», – делінген петиция мәтінінде.
Кездесу барысында қос тараптың, шындық іздеп шырылдаған жұрттың үнін естідік. Байқағанымыздай кенттің мәселесін алдыға тартқандар петиция жарияламағандарын мәлімдеді. Кездесуде сөз алған ауыл тұрғындары Желдібай Досымбеков, Темір Айтқұлов, Қордахан Түсіпбеков, Сергей Васильев, Мәкен Жұмаханова, Күлән Әбеуова, Зәуреш Камаубева, Бейбітгүл Ербекеева, Фарида Құрышева, Қанатбек Әміров, Арай Мұхамедиева, Күләш Жақсылықовалар кентте мәселелердің барлығын, бірақ уақыт еншісінде шешіліп жатқандығын айтты.
– Осы бүгін жиналғандардың барлығы – кенттің жанашырлары. Осыдан үш жыл бұрын көптеген мәселені көтердім. Ерғазы Серіков мәслихат депутаты болғалы мәселені көтеріп, біздің сөзімізді жеткізіп отыр. Ауылда өзгеріс бар. Мен шындықты айтамын. Бірқатар шаруалар атқарылып жатыр. Руслан Айткенұлы сіздің тағайындалғаныңызға алты ай болған жоқ. Ал, сізді қызметтен алу туралы шешім қабылдап, шашубайлықтардың, халықтың атынан сөйлеуге петиция жариялағандарға кім рұқсат берді? Осы шаруаны ұйымдастырған адам бүгін неге келмеді елшіл болса. Қазақта «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген мақал бар. Бұл – ауылдың көтерілгенін көре алмай жатқандардың қитұрқы әрекеті. Біздің ауылымызда білімді, саналы мықты адамдар тұрады. Үнемі шу шығарады деген ойдан алыс болыңыздар. Менің айтарым, біздің ауылдың атынан біреулердің сөз сөйлеуге хақысы жоқ. Мұндай қадамға барып, елді арандатып отырғандар заң аясында жазалану керек. Мен облыс басшысынан біздің жақсы жұмыс атқарып жатқан басшыларға тиіспеуін, қайта қолдау көрсетуін сұраймын, – дейді ауыл тұрғыны Фарида Құрышева.
Әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып жатқан петиция шындыққа жанаспайтындығын, қолдан ұйымдастырылған арандату екендігі айтылды. Шашубай кенті атынан сайланған мәслихат депутаты Ерғазы Серіков бітпес-қоймас дауды шығарушыларға наразылығын білдірді.
– Мәслихат депутаты болғаныма үш айдың жүзі болды. Үш айда бірнеше мәселені көтеріп, көп жайға көз жеткіздім. Ақтоғай ауданына Шашубайдан басқа 1 кент, 14 ауылдық окург, 35 ауыл қарайды. Әр ауылда шешімін таппай жатқан мәселелер кездесіп жатады. Ал, солардың барлығына қаншама қаржы қарастырып, шешу өзекті мәселе. Кейінгі жылдары Шашубайға қолдау білдіріліп, кенттің дамуына қаржы қарастырылды. Қомақты қаржы бөлінді. Шашубайлықтарды жаманатты қылуға ұмтылған адамның ойында не бар екенін түсінбедім. Бізге жұмыс жасап жатқандардың жұмысына кедергі келтірмегені, қазіргідей қиын-қыспақ шақта рухын түсірмегені маңызды, – дейді аудандық мәслихат депутаты Ерғазы Серіков.
Кездесу барысында ауыл ішіндегі алып-қашпа әңгімеден, ағайын арасындағы алауыздықтан қажыған тұрғындар әкімнің жұмысына сәттілік тіледі. Ағайынды алауыз қылған бұл дау көптің ырзығына кесірін тигізбесе екен деген алаңдаушылықтарын да жеткізді.
Бүгінде ел ішінде петиция жариялау жиілей түсті. Онлайн және оффлайн жарияланған петициялар атқарушы билікке нақты талап қойып, нәтижесінде біраз түйіткілді мәселелер шешілгені де рас. Бірақ, шектен тыс петиция жариялай беруге болмас. Біз Ақтоғай ауданы әкіміне жазылған хаттың салдары мен сабағын саралап көрдік. Қазіргі таңда петиция жазып, қол жинау сәнге, әлде әдетке айналып бара жатқан сияқты. Демократиялық елдерде халық үнін, өтінішін, тілегін билікке жеткізудің ең тиімді, ықпалды, бейбіт те, жылдам амалы саналатын петиция біздің елде еріккеннің ермегіне айналып кететін түрі бар. Тарихымызда ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бастап, Алаш зиялылары қол қойған «Қарқаралы петициясы» жұрт жадынан өшпек емес. Ол жерде тұтас халықтың мүддесі қорғалған еді. Ал, бүгінгі жабық аккаунтты ашып, өзінің қара басын ойлағандардың іс оң шаруа емес. Ел ішіне іріткі салушылардың петициясы алдағы күнде жауапты органдар тарапынан қаралатындығын және зерттелетіндігін айтып отыр.
Түйіндей айтқанда, петиция жазу өкениетті елдерде ол бір адам қол қойса да, мемлекет тарапынан арнайы комиссия құрылып, халық өтінішін тыңдап, тиісті нәтиже шығаруы тиіс ең мықты, ең ықпалды хат, дұрысы – халықтық өтініш саналады. Ол үшін петицияның өзі де орынды болуы тиіс.
Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz