Жаңалықтар

Аңшылық-саятшылық – асыл өнер

Тарихты білу – тағылымы мол тәрбие, өнегелі іс. Ұлт тарихына аса мән берілгені – жоғалтқанымызды түгендеп, барымызды бағалауға жасалған игі қадам. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы мемлекеттің тарихи мұрасына оның тарихи кеңістіктегі өзектілігі мен маңыздылығына баса назар аудартып отыр. Мойындауымыз керек, ақын Қадыр Мырза-Әлінің «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» демекші, тереңде жатқан тарихымыз Тәуелсіздік алғанша толықтырылмады. Бір ғана халқымыздың аңшылық-саятшылық дәстүрінің әрі кәсіп, әрі өнердің биік шыңы болғандығын жоққа шығарған кезеңдер де басымыздан өтті. Бұл мақаламыз арқылы тұңғиық тарихқа үңіліп, мол мағлұматпен ұғындыруға тырыстық.

Кеше күн түбіне жортқан бабаларымыз ерте заманнан аңшылықпен айналысқан. Бастапқыда аңшылық – күн көру, жан бағу амалы болса, кейін қызықты сауық құру, атақ-даңқты шығару, ұлттық өнер түріне айналды. Сонау VII-VIII ғасырлардың өзінде-ақ құс ұстап, жүйрік тазы ертіп, аң аулаған қазақтың саятшылығы – мән-маңыз бен мазмұнға бай.

Алдымен саятшының кім екендігіне аялдап, тарқата айтайық. Бүгінгілер тікұшақпен, жүйрік көлікпен аң аулағандарды саятшыға балап жүр. Бұл, тіпті, өнерге де жатпайды. Саятшы – аңшылық кәсіптің бесаспап маманы. Құс салып, ит жүгіртіп, қыран құсты балапан күнінен аңшылыққа баулып, астындағы атына дейін машықтандыратын ұлттық өнеріміздің өкілі. Өйткені, қасқыр мен түлкінің ізін, қоянның жымын, аң мен құстың өрісін, түнеген орнын барлап, бағдарлап, аңның жүні жетілгенде, құс ет алғанда ғана аңға шығатын адам – ерек саятшы.

Талай құсты тұғырына қондырған халқымыздың 3300 жылдан бері сұңқаршылық кәсіппен айналысқандығын қазақ жеріндегі қазба жұмыстарда дәлелдеп беріп отыр. Мәселен, Есіктегі сақ обасынан қазып алынған «Алтын адам» қазынасының жәдігерлерінде қыран құс бейнеленеді. Атыраудағы Құлсары кентінің солтүстік-шығысындағы атақты Бекет ата – Ақмешіт кешенінен алты шақырым жердегі Аралтөбе қорымында әйел мүрделерімен қоса жерленген бүркіттің қаңқасы табылған. Өскемен қаласына қырық шақырым жердегі Құрық қорғанының (б.д.д. IV-II ғғ.) біріне мәйітпен бірге 4 бүркіт жерленген. Бұл тарихымызда жыртқыш құстарды баулып, аңға салу дәстүрі ертеден келе жатқандығын айғақтайды.

Атақты Гильом де Рубруктың 1253-1255 жылдардағы саяхат күнделігінде «Көшпенділерде ителгі және сұңқар құстары өте көп. Олар құстарын оң қолдарына отырғызады және сұңқарлардың мойындарына кеудесінің ортасына дейін салбырап тұратын жіңішке қайыс тағады» деп жазады.

Әлемді шарлап, әр елдің тарихына қаныққан жиһанкез Марко Полоның Күйік ханның ордасында 4 айға жуық өмір сүрген кездегі жазбалары саятшылық-аңшылық өнердің тарихын айғақтай түседі. Күйік ханның Баян, Минган есімді екі ағайынды бектерін халық Кунчи деп атапты. Олар ханның қол астындағы 20 мың құсбегі мен аңшысын басқарыпты. Минган басқарған 10 мың адам қызыл түс кисе, Баян басшылық жасаған 10 мың көк түсті киім киіп, ханмен бірге саятшылыққа шығады екен. Екі күндік сапарға шығып, 10 мың құсбегімен қатар, 500 ақсұңқар алып жүретіндігін мәлімдейді.

Өзіміз саятшы ағаларымыздың қанжығасы қанданғанда ауыл ағаларына олжа байлауынан азаматтық пен ерліктің, қала берді, халықтық дәстүрдің таза жолын көретін едік. «Құсы да, иесі де қоразданар, Алпыс екі айлалы түлкі алғанда» дегендей, мұндайда аңшының мақтануы да, оны мақтау да орынды-ақ. Біздің қанға сіңген қасиет шығар. Сері, аңқұмар халық үшін өзі алмаса да әкелген аңды көру де бір ғанибет екендігі сөзсіз.

Бүгінде аңшылық-саятшылықты жалғастырып келе жатқан әнші Дулат Ақанов құс салғанда Алладан рұқсат сұрап, қыран алған аңды «сенің жазығың жоқ…» деп барып бауыздау керектігін айтады.

– Қолда үйретілген құсты жөнжосықсыз аң мен құсқа салмайды. Қыранды ашықтырмау керек. Өзің аш қалсаң да, құсың тоқ болуы керек. Және құсыңды балапан кезінен дұрыс тәрбиелеу қажет. Жалпы, сұңқарды бес-алты жастан кейін бостандыққа жіберуге міндеттісің. Өйткені, ол да ұрпақ қалдыруы тиіс, – дейді саятшы Дулат Ақанов.

Бағзыдан адамдар тұзақ, тор, қақпан, апан, найза, садақ пен жебе, кейіннен мылтықтың көмегімен аңшылық етіп, азығын тапқанымен, біздің халқымыз үшін ит жүгіртіп, құс салар аңшылық-саятшылық – ұлы өнер, киелі кәсіп болып қала бермек.

«Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын,

Біле алмассың, құс салып, дәм татпасаң», – деп Абай хакім айтпақшы, бабалар аманаты қашанда салмақты, әрі жауапты болмақ.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button