Жаңалықтар

Ақсақалдар институты панацея, әлде құқықтық-саяси жүйе рудименті?!

Қазақ қазақ болғалы ақсақалдар институтына жүгінбеген кез есте жоқ. Бейресми, бірақ ел ішінде әлеуметтік-саяси мәні зор институт туралы кейінде жиі сөз бола бастады. Бұған дейін біз пақырыңыз да жазғанбыз. Оншақты жыл бұрын «ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің сақталуын, ұрпақ сабақтастығын көргіміз келсе, кеше кеңес кезінде күресінге шығарылған құндылықтарымызды қайта аршып алуымыз керек. Соның бірі һәм бірегейі – Ақсақалдар алқасы» деген едік. Бүгінде бұл жөнінде пікір сан алуан. Әркімнің өз шындығы бар. Қолдаушылар да, қарсылар да табылады. Десек те, қазақтың әлеуметтік-саяси тарихында аталған институттың мәні орасан екенін ешкім жоққа шығара алмайды.

«Ақсақалдардың шешімі билер сотында, әдеттік құқықта маңызды орын алды. Билердің өзі маңызды шешімді ру ақсақалдарының қатысуынсыз шешпеді. Ақсақалдар кеңесі елдің ішкі мәселесінен туындаған жағдайда өткізіліп отырған» дейді тарихшы Ә.Исенов. Тіпті, ақсақалдар кеңесі ел басқаруға да қатысқанын айтады ғалымдар. Ал, бүгінде ше? Осы күні, жоғарыда айтқанымыздай, пікірлер қақ жарылған. Мақтау да, жақтау да, даттау да бар. Себеп-салдарына үңілсек…

Ақсақалдар институты мен заң үстемдігі

Ашық ресурста саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің қоғамда жария болған белгілі бір оқиғаға қатысты мынадай пікірі жүр.

«…Бірақ ХХІ ғасырдың жиырмасыншы жылында ақсақалдар институты ауыл тұрғындарының мәселесін шешетін панацея емес. Ақсақалдар институты біздің қоғам республикалық және капиталистік формаға көшкенге дейін өзінің тарихи миссиясын атқарды. Ал, қазір ақсақалдар институты қазақстандық құқықтық саяси жүйенің рудименті. Сондықтан, ақсақалдар институты – заң үстемдігін орнатуға бірден-бір кедергі қоғамдық институт. Ақсақалдар институты жоқ дегенде НСОД секілді консультативтік орган деген ресми статусы да жоқ бейресми институт. Аймақтарда «кешірім сұрау» деген дәстүрлі практика арқылы сотқа жетуі тиіс талай қылмыстық істің (қыз ұрлау, зорлау, ұрлық-қорлық жасау, төбелес, кісі өлтіру) жетпей қалуына осы ақсақалдар институтының үлесі айтарлықтай. Сол арқылы ол қылмыскерлердің жауапкершіліктен оңай құтылып кетуіне, тіпті, кейбірінің рецидивист болуына, азаматтардың бір-біріне деген қыжылының жылдап жиналуына, құқықтық сананың инфант деңгейде сақталып қалуына үлес қосып жатыр».

Ойландыратын көзқарас. Мұны бірден және жоққа да шығара алмайсыз. Әуелден қазақтың «қол сынса, жең ішінде, бас жарылса, бөрік ішінде» деген ұстанымы бары да рас. Солай дегенімен, оны түсінетін тентек табыла ма? Ел ішіндегі тентектерді ақсақалдар алқасы тезге салды делік, жөн. Заңмен жазаланбаған соң оның таңдайына тати ма? Оны да ойлау керек екен. Осы тұрғыдан келгенде саясаттанушының сөзінің жаны бар…

Таяқтың екінші ұшы. Кейде болмашы дүниеге ел іші дүрліккенде, заң емес осы ақсақалдар институтының қажеті туындайды. Заң-зәкүннен гөрі жұртына сыйлы қариялар сөзіне тоқтайтыны да жиі. Тіпті, ауылдың үлкенін, ақсақалын сұрап жататын жайттар да кездеседі тоқтамға келу үшін. Қандағы дәстүр-ғұрып соны талап еткеннен соң шығар. Ендеше, ақсақалдар институтын панацея, я рудимент деп кесіп айту – қанша қисынды?

Ақсақалдар алқасы туралы тарих не дейді?

Қазақ үлкенінің қадірлісін ақсақал деп әспеттеген. Қазақтың қаншама ғасырлар иінінде қалыптасқан әдет-ғұрпы – қашанда халықтың рухани азығы, қажеттi мұрасы. Оны халық өмiрiнiң айнасы десе болғандай. Әдет-ғұрыптан бастау алатын ақсақалдар алқасы институтының қазақ қоғамындағы орны етене бөлек, маңызы айрықша еді. Төртеу түгел, бесеу бүтін болсын дейтін ол қоғамның ұйымдық қажеті үшiн құрылып, қала берді өмiр заңдылығы, ел ішінде болып жататын құбылыстарын жiтi аңдап пайымдап отыру үшін құрылды.

Алқа мүшелігіне танымы кең, тәжірибесі мол, табиғи жаратылыстың, саясаттың сырына қанық, қоғамдық дамудың сан үрдiстерiнен хабары бар адам ғана сайлана алды. Аузы дуалы дейтін тектілер де осылардың қатарында. Бұл ел басқарудағықазақ халқының өзіндiк далалық демократияның жарқын үлгісі еді.

Панацея болмас үшін қайтпек керек?

Ғұрыптың заңға қайшы келмеуі үшін онымен алқаның өзара бірлестігі қажет. Оның нормалық құжаттарда көрініс табуы – шарт. Ақсақалдар институты уақытқа ілесе алмай келеді. Осы кезге дейiн бұл мәселе ерекше бөлек ғылым нысаны ретiнде қаралмады. Оның заңдық, құқықтық шеңбері анықталмады. Содан кейін кейбір әрекеттер саясаттанушылар айтып кеткендей, заңға томпақ. Аса қадірлі ғұрыптық институтты панацея, не рудимент ұғымынан арылту үшін осындай сауатты қадамдар жасалуы тиіс.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button