Ақ пен қара айқасы
Қазақстанда А.Брянцев атындағы жас көрермендер театрының ТМД елдеріндегі халықаралық фестивалі басталғаны баршаға мәлім. Фестивальдің шымылдығы Қарағандыдағы С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында ашылды. Онда сахналанған У.Шекспир шығармасының топтасқан нұсқасы «Қысқы ертегі» деп аталады.
– Жылдағыдай елордада емес биыл фестивальдің ашылуы Қарағандыда өтіп жатыр. Бұл менің ойымша жергілікті мәдениет сүйер қауым үшін үлкен мәртебе. Осыдан кейін театр көші Армения мен Қырғызстанға сапар шегеді. Ал, У.Шекспирдің «Қысқы ертегі» атты осынау туындысын әлемге танытқан А.Брянцев атындағы жас көрермендер театрының еңбегі еленуі тиіс. Сонымен қатар, қойылым LONG LIST жоғары ұлттық театрларының «Қысқы бетперде» сыйлығын алған. Қойылымға келер болсақ, ертегі деп тұрғанымен көрерменнің жас ерекшелігі 16-дан жоғары. Бұл үлкендерге арналған ертегі, – дейді Астанадағы Орыс мәдениеті орталығының басшысы Ольга Скальчук.
Расында, залға жиналған қалың қауым қойылымды тамашалау барысында небір өмірлік жағдайларға куә болды. Ол сатқындық пен алакөздік. Ақ пен қараның айқасы. Бір сөзбен айтар болсақ қойылым трагикомедия сыңайлы болды. Кез келген пенде басындағы қызғаныш айқын суреттелген. Қойылым режиссері Ұланбек Баялиевтің де көксегені осы болар бәлкім, кім білсін?! Сезім сеңіне мінген қос ғашықтың мына жалған дүниеде небір ашкөздікке душар болуы сонда да мақсатынан тайсалмай алған бағытынан қайтпауы да кісіге ой салады-ақ.
Богемия королі Поликсен өзінің бала кезіндегі досы Сицилия патшасы Леонтке қонаққа барады. Олар кішкентайларынан бірге өскен. Ержеткен соң әркім өз жайын күйттеп жеке кетеді. Жолдастар бір жолығу мүмкіндігінен айырылса да, достығын сыйлықтармен, хаттармен нығайтып араны суытпайды. Тіпті, бұл берік байланысты үзуге ешбір себеп те болмап еді…
Досының елінде біршама қонақ болған Поликсен Леонтке құшақ жая қарсы алғаны үшін алғысын білдіріп таңертеңгілік кері аттанатынын жеткізеді. Алайда, алаңсыз дос көңіл Поликсеннен қалуын өтінеді. Досының көңілін қалдырғысы келмесе де кету керектігін алға тартқан Поликсенді Сицилия ханшайымы Гермиона, яғни досының жары тоқтатады.
Кербезденген сұлу сұрағанда сері жігіт сырт қалсын ба?!
Бұл көріністі сырттай бақылап тұрып қалған Леонт ойға шомып кетеді. Ой болғанда кәдімгі қызғаныштың қызыл итін жалаңдатқан арам ой.
Осы сәттен бастап оның ойын сатқындық торлап алады. Жатса-тұрса ойлайтыны жүрегінің иесі Гермионаның жан досы Поликсенмен аймаласқаны. Тіпті, баласы жас князь Мамиллиустың өзінің баласы екендігіне де күмәнданып сырт айнала бастайды. Десек те баласының бет әлпетіне қарап, Леонте аздап тынышталады. Өйткені, оның және кішкентай ханзаданың ұқсастығы өте көп еді. Өз күдігін растағысы келген патша дворян және король отбасының жақын серіктесі Камиллоны сұрақтың астына алады. Бірақ Камилло Леонтқа не қажет екенін нақты түсінбейді. Сонда Леонт өзінің күдіктері туралы тікелей айтады және Богемия королін улауға бұйрық береді. Болып жатқан оқиғаларға толық сенбейтін Камилло әлгі бұйрықты орындауға келісуге мәжбүр болады. Не десе де бұйрықты патша берді. Ал, патша екі сөйлемейді. Камилло – нәпнәзік уылжыған жас келіншек. Ол Поликсен патшаны өлтіру қолынан келмейтінін әуел бастан білетін. Өйткені оған сырттай ғашық еді…
Оқиға желісі ескі заманнан бері жақсылық пен жамандық қосарласа жүретінін тағы бір мәрте еске салғандай. Пенде басындағы әуелгі болмыстың күнделікті күйбең тірлікпен өзгеріп сала беретіндігін, ашкөздікпен айналаға төндірген қауіпті аңғармай қалатынымыз, ашумен ақтара төгіп, артын ала бармақ тістеп өкініп, өкіріп жылайтынымыз осы қойылымда айқын көрсетілген. Десек те, режиссер шеберлігін танытқан тұс ол қойылым қанша қайғылы әрі трагедиялық жанрда өрбісе де арасында езу тартар комедиялық сәттері де қылаң бергені бар.
– Біз бұл қойылымда Жаратушы жаратқан барлық сезімнің, қатар жүретінін көрсеткіміз келді. Мысалы арамдық пен адалдық. Жақсы мен жаман. Ақ пен қара. Жақсы көру мен жек көру. У.Шекспир осынау адам басындағы қарапайым сезімдерді топтастыра отырып өмірдің негізгі тұстарын бейнелегендей, – дейді қойылым режиссері Ұланбек Баялиев.
Шығарма көрер көзге оңай танылғанымен одан ой өрбітіп тағылым түю қиын секілді. Бір көрмеге кез келген пенде басындағы бар дүние. Күнде көріп-біліп сезініп жүрсек те осыған мән беріп шешудің жолын ойладық па?…
Жан АМАНТАЙ.
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz