Ақпарат сапалы болмай, ұрпақ саналы болмайды
Қазір аласапыран ақпарат дәуірі. Жаһандану аядай ауылға айналдырған әлемде ақпараттың стратегиялық басымдығы күшейді. Шекараға бағынбайды. Әлемнің сан мың түрлі ақпараттық қайнар көздері еш дамыл таппай аптаның жеті күнінде тәулік бойы «online» жұмыс істеп тұр…
Әлемде ақпарат тұтынушылардың араны да қатты ашылған. Алайда, көп елдерде ақпараттық сауаттылық мәселесі шешілмегендіктен, оның дұрысы мен бұрысын талғамастан тұтынады. Ең көп ақпарат өндіретін елдер өзгелерге үстемдігін жасауда. Ал, жаһандық ақпараттар тасқынынан өз қоғамын қорғай алмаған қаншама ел өзгенің ақпараттық-идеологиясының боданына айналуда… Сырт елдердің ақпараттық психологиялық басқыншылығы мен насихаттық экспансиясынан құтылу үшін қазақ тіліндегі ақпараттық ресурстарды жылдам әрі барынша арттыру уақыт күттірмейді. Себебі, әлемде болып жатқан дүниелерді ұғыну үшін орыстілді ақпарат құралдарының көмегіне жүгінуден әлі күнге дейін аса алмай келеміз.
Индустриялдық дәуірден ақпараттық дәуірге бір-ақ аттадық. Қазір ақпарат ұлттың сапасына тікелей әсер ететін факторлардың көшбасшысына айналды. Сапалы ақпарат саналы ұрпақтың қалыптасуына әсер ететінін ұмытпаған абзал. Өйткені, ақпараттың сапасы тікелей ұлттың, ұлыстың сапасына ықпал етеді. «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор», демеп пе еді Алаш ардақтысы Міржақып Дулатов. Сонымен қатар, қазақ тілінің өрісі кеңіп, қазақ мектебін бітіретін жастар санының артып, тұтас бір буын өсіп келе жатқанын ойласақ, жер шұқып қалмау үшін өзімізді қамшылай түсуіміз керек…
Бүгінде әр адам ақпарат өндіруші (newsmaker). Қысқа посттар, кейде, тіпті, негізсіз сөйлемдер мен дәйексіз ойлардың қарасы қалың. Мұндай арзан ақпараттар легі бұқараның талғамын түсіреді. Жалпы алдағы уақытта мемлекеттік деңгейде ақпараттық сауаттылық туралы іргелі бағдарлама қабылданса ұлтқа үлкен олжа болар еді.
Қазір «баста ми, қолда малға талас қылған» (Абай) аласапыран заман. Солтүстік көршіміз бізге әлі күнге дейін ортақ ақпарат кеңістігі ретінде қарайды. Әлбетте, олармен бәсекеге түсу мүмкін емес. Десек те, түркітілдес елдермен ортақ ақпарат кеңістігін құру мәселесіне мән берген абзал.
Жаңа технологияларды, жаңа медианы ана тілдің әлеуетін арттыруға әлі толық пайдалана алмай келеміз. Ана тіліміздегі мазмұнды ақпарат көздері көп һәм сапалы болса, бүгінгі ұрпақ орыстың ақпарат әлеміне мойынсұнбас еді. Тілдері де қазақша шығар еді. Ал, олар қажет ететін ана тілдегі ақпараттар әлі де қат. Бізде әрбір сала бойынша сапалы сайттар, боттар, блогтар тағы басқасы болуы тиіс. Енді алдағы жылдары ағылшынша дерек көздері жас буынның басты таңдауына айналарына сенімім мол.
Қазір дәстүрлі медиадан гөрі жаңа медианың дәурені жүріп тұр. Сондықтан, оқырман сұраныстарына сай контент жасауымыз керек. Заман талабымен үндес ғылыми-технологияларды еңсеріп, цифрлық құндылықтарды игерсек қана бәсекеге төтеп бере аламыз. «Қазіргі уақытта мезгілі жеткен нәрсе – баспасөзді күшейту». Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың осыдан бір ғасыр бұрын айтқан бұл сөзінің өзектілігі бүгінде арта түскен.
Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ,
«ULYS» журналының Бас редакторы.