Ақпаннан бастап медициналық құжаттар ЭЦҚ арқылы рәсімделеді
Интернет желісінде 1 ақпаннан бастап дәрігерлерді науқастарды қабылдауды электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы растауға міндеттейді деген ақпарат таралуда. Бұл жағдайға Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі пікір білдірді. Кейбір медицина қызметкерлерінің айтуынша, енді ЭЦҚ арқылы қабылдау жазбаларын, ауру тарихын, жазылған рецепттерді растау қажет болады.

– Электрондық медициналық құжаттаманы жүргізу кезінде ЭЦҚ қолдану нормасы мемлекеттік медициналық қызметтің көрсетілгенін растауға бағытталған. ЭЦҚ – бұл пациент пен дәрігерді қорғау құралы, ол медициналық жазбалардың ашықтығын қамтамасыз етіп, жалған жазбалар мен шындыққа сәйкес келмейтін деректердің енгізілу қаупін болдырмайды, – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігінде.
Министрлікте қолданыстағы ЭЦҚ арқылы растау алгоритмі медицина қызметкерлері үшін қолайсыз екенін түсіндірді, себебі әрбір көрсетілген қызметтен кейін растауды талап етеді. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі жүйені оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
– Бүгінде дәрігерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту үшін министрлік ЭЦҚ-ны барынша жеңілдетілген форматта қолдануға мүмкіндік беретін шешімдерді енгізуде. Яғни, көрсетілген қызметті «бір рет басу арқылы растау», қайталанатын әрекеттер мен артық операцияларсыз, – деп қосты ведомство өкілдері.
Арайлым КӘРІҒҰЛ,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ IV курс студенті



