АймақАқтоғай

Ақ баталы ақ тәтем

Біз Нәкіжан әпкемізді ес білгелі «Тәте» дедік. Ол кісіні бүкіл ауыл солай атайтын. Менің үлкен әкемнің ағасының қызы. Бүгінде тоқсанға толып, жүзінші онжылдыққа қадам басты. Ойы анық, санасы сергек, сөз мәнерінен әлі жаңылған жоқ. Өткен-кеткен әңгіменің бәрін жақсы біледі. Сұрасаң – майын тамызып айтып береді. Өзінің туған-туыстарына, бауырларына, балаларына, немерелері мен шөберелеріне ақ батасын арнаудан ешқашан тайған емес. Ол кісінің әкесі Кенжетай атамды бүкіл әулет болып «Үлкен ата» деп кеттік. Шын мәнінде ол кісі де бүкіл ауылдағы жасы үлкен ата болды. Дөрекі сөздерді араластырып сөйлеп отыратын. Бірақ ешкім оны көңіліне алмайды. Қонақта отырғанда: «Ауызды әкел! Ауызды әкел!» деп өз қолымен ет асататын. Қатар отырған адамдардың біреуіне, екеуіне асатады, үшінші-төртінші адамға келгенде ол да аузын ашады ғой. Сол кезде өзінің аузына салып жіберіп: «Әнәні», деп басын шайқап мәз болушы еді жарықтық. Отырған адамдар қыран-топан күлкіге кенеледі де қалады. Үлкен атамның үйіндегі Күнікеш шешеміз сол қолындағы ақ таяғына сүйеніп, оң қолымен маңдайына «күн салып», келе жатқан адамға, маңайға қарап тұратын еді.

Нәкіжан тәтем осы кісілердің жалғыз қызы. Тәтемнен үлкен Мәкет деген ағамыз болды. Ол кісі соғыстан 1945 жылы жаралы оралып, Буденный атындағы колхозда (Қызылтас ауылы) алты жылға жуық басқарма болды, одан соң өзіміздің «Еңбек» колхозына басқарма болып ауысқан соң көп ұзамай соғыста алған сол жарақаттың салдарынан көз жұмды.  Бүгінде сол жылдарды тәтеміз қабырғасы қайыса отырып:

– Ағам Қарқаралыдағы педтехникумды бітіріп, сонда жақсы қызмет атқарды. Қандай қызмет екенін білмеймін, әйтеуір бүкіл ел сыйлайтын. Содан ол кісі соғысқа кеткен соң жеңгем Бәтия мен кішкене бауырым – бір жасқа толмаған Рымхан үйде қалды. Қарқаралыда мектеп- тегі тоғызыншы класты бітірген соң оқуымды тастап, ауылда қалдым. Өйткені, ағам: «Үйге қайт, бауырыңа бас-көз бол» деп әскерден хат жазды. (Негізі мені біреу алып кетеді деп қорықты ғой деймін). Шынында да әкем колхоздың жұмысында, шөп машинасына, арбаға жегетін өгіздер мен аттарды бағады. Жеңгем ферманың сиырын сауады. Шешем үй шаруасынан босамайды. Сондықтан балаға қарау қажет. Ауылға майданнан «қара қағаз» келіп жатқан кез. «Әлдеқандай заман болады» деп, жалғыздан қалған жалғыз ұлды қалай да аман-есен өсіріп, артында тұяқ қалдыру керек болды, – деп еске алады бүгінде.

Содан 1952 жылдың қараша айында Қарағанды қаласындағы ауруханада көз жұмғанда тәтеміз ағасының жанында палатада болыпты. Басқа бала көтермеген жеңгемізді екі жыл отырған соң төркіндері алып кетіп, он бір жастағы Рымхан атасы мен әжесінің бауырында қалады.

Тәтеміз кемпір мен шалға, жас балаға өзі қамқор болды. Ақсақал өгіздің бірін екі доңғалақты тәшке арбаға жегіп береді. Сонымен бригада басындағы жер ауып келген немістерге машинаға тартылып, майы айырылған көк сүт апарады. Шөп басындағыларға сайман жеткізіп береді. Сол сияқты жұмыстарды атқарып, кешке қарай үйге зорға жетеді. Күзге қарай қырмандағы жұмыстар бар. Қол қалт ете қалса қырықтықшыларға көмектеседі. Әйтеуір бітпейтін бір тірлік. Әппақ манардай, қос бұрымы тақымына түскен, бетіндегі меңі өзіне жарасып, одан сайын әдемілендіре түскен жиырманың үстіндегі бойжеткенге ауылдың сол маңайда білетін жігіттерінің көзі түскенімен, қарт ата-анасын, жас бауырын қайда тастап кетеді?

Сөйтіп жүргенде тағдыр оң қабағымен қарап, айы оңынан туған еді. Ауылдағы сегізжылдық мектепке жоғары білімді мұғалімдер жолдамамен келе бастаған. Сондай жолдамамен келгендердің бірі біздің болашақ жездеміз Көген Бекмолдин еді. Қарағандының мұғалімдер институтының тарих факультетін бітірген жас маман әуелде колхоз басқармасы Қойшыбек Жағыпаров ағамыздың үйінде жатып қызмет атқарды. Ол кісі бүкіл ауылды аузына қаратқан, сөзі өтімді, айтқанын істететін абыройлы ағамыз болды. Ғарип жандарға, жетім мен жесірге қамқоршылық жасайтын ағамыз бұл жолы да сырт қалмайды. Үйінде жатқан жігіттің алғырлығын, адамгершілігін аңғарған болуы керек. Әңгімелесіп отырып, оның Қаракесектің Әлтеке тарауынан, бір үйдің көгенде қалған жалғыз қозыдай болған соң Көген деп атаған, тамам ұлдан қалған жалғыз ұлы екенін біледі. Содан: «Осында бір қарындасым бар», – деп айтып, үлкен атамыз бен әжеміздің алдынан өтеді де, біздің әпкемізге әкеліп таныстырады. Жездеміз: «Ойланып көрейін, анау-мынау» деген екен: «Әй, Көген, оттама, сен анау Нәкіжанға үйленесің, болды!», – деп («Оттама» деп сөйлейтін ол кісінің әдет еді) сөзді доғарады.

Ақыры Көген жездеміз бен Нәкіжан әпкеміз үй болып кетті. Өз қолдарынан тамаша үй тұрғызып алды. Үш ұл, екі қыз дүниеге келді. Көген жездеміз ағамыздың орнын басты. Ауылда ол кісімен «жезде» деп ойнаған ешкім болған жоқ. Қарияларды күтіп-бағып, қартайған шағында үлкен атамды сексен алты жасында, әжемді тоқсаннан асқанда арулап аттандырды. Жездемізді кейін сол өзі мұғалімдік қызмет атқарған №12 Еңбек сегізжылдық мектебінің директоры болып жүргенде Қызыларай ауылдық Кеңесінің төрағасы етіп ауыстырды. Сол орын- да абыроймен қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықты.

Осы жылдар жездеміз бен әпкеміздің шаңырағы шаттыққа, тамаша қызыққа бөленген уақыт еді. Бүкіл ұлдарды үйлендіріп, қыздарын тұрмысқа берді. Ел қатарлы қызықпен тамаша өмір сүріп жатқан. Бірақ өмірдің ойлы-қырлы жолдары, тағдырдың тәлкегі әпкемізді тағы да айналып өтпеді. Жоғары білімді азамат, болашағынан зор үміт күтіп отырған екінші ұлы, «Еңбек» совхозында бас агроном болып істеп жүрген Әзімхан Ақтоғай аудандық партия комитетіне қызметке ауысқан жылы жол апатынан мерт болды. Бұл үлкен соққы жездеміз бен әпкеміздің қабырғасын қақыратып, өзегін өртеп кетті. Бұл жан жарасы жазылып бітпей жатып, бауыры Рымханның зайыбы Мәрзия қайғылы қазаға ұшырады. Соның салдарынан ағамыз инсульт алып, сөйлеу қабілетінен айырылды. Одан соң үлкен қызы Әлияның жолдасы Қайыржан ауыр науқастан көз жұмды. Осылардың барлығы қарт анаға оңай тиген жоқ. Соған қарамастан, тәтеміз тағдырдың жазуына, Алланың сынағына қасқайып қарсы тұра білді. Көзінің жасын бір сығып алып: «Е-е, мен не көрмедім? Мен бәрін де көріп, бәріне де төзіп келе жатырмын ғой. Алла ендігі қалғандарына ғұмыр берсе екен. Енді осылардың жамандығын көрсетпесе екен», – деп Алладан медет сұрап, ақ тілегін алдымызға төгіп отырады.

Иә, бүгінде жүзінші онжылдыққа қадам басқан әулетіміздің үлкені, тағдырдың тәлкегіне мойымаған, бата берген кезде «бергенін белгілеп берсін, бермегенін сақтап берсін» деп саулататын әпкемізге тек жақсылық, мол денсаулық тілейміз.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

Қазақстанның Мәдениет қайраткері.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button