Ресми

Ақбөкендер өліміне алаңдар негіз жоқ

Қарағанды облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен «Ақбөкен» кең ауқымды табиғат қорғау акциясын өткізу туралы брифинг өтті. Брифингте «Охотзоопром» өндірістік бірлестігінің» Орталық өңірлік филиалының басшысы Шындос Омаров биылғы киіктер өлімі мен оның не себептен болғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ, Шындос Омаров «Ortalyq Qazaqstan» газеті бетіне шығып қозғалған қорықшылар жалақысының мәселесі өз шешімін тапқанын да жеткізді. Былтыр газетіміздің басты бетінен берілген «Атыңдардың» артында айтары бар» атты мақалада ақбөкен қорыған бір қызметкердің орташа жалақысы 170-200 мың және бұл басын бәйгеге тігіп, ғұмырын қару асынумен өткерген қызметкер үшін аз екендігін жазған едік. Ал, биылғы брифингте қорықшылардың жалақысы 100 пайызға өсетіні мәлім болып, табиғат жанашырларының тақиясын аспанға атқан күні болды.

Биыл ақтүтек боранмен Арқа төсін басып Бетпаққа бет алған киік санының көптігі көлденең көлік көзіне, қала берді жүргізушілер сөзіне айналды. Ұлытау облысына барып келгендердің айтар әңгімесі – киіктің көші.

Ал, наурыз айының ортасында Жаңаарқа ауданында киіктердің қырылғаны туралы дерек тарады. Бұл – шынайы факт. Оны жергілікті тұрғындар да растайды. Тұрғындар «Қарауылтөбе» деп аталатын атшабар маңында бірсыпыра киіктің өлексесін көрген. Әлеуметтік желіге арнайы жазылған видеотаспа да тарады.

– Қазақ даласының байлығы, мақтаныш нышанының теріскейге қарап теңкиіп жатқан жансыз денесін көруден асқан қайғы жоқ екен. Оның үстіне қазір күн күрт жылып, өлексенің иісі жергілікті тұрғындардың мазасын қашыруда. Аңқаны алар жемтіктің иісінен тіпті жылқы жеріп, осқырынады. Бір емес бірнеше бастың бұлай жаппай өлуіне не себеп? Бұл бір аң ауруы ма? Ол дерт болса бұл өлексе маңына мал жайылса одан тұрғындарға да қауіп бар деген сөз емес пе, – деп алаңдаушылығын жеткізді жаңаарқалық Толсын Бергенов.

Бұлай алаңдау орынды-ақ. Өйткені, киік те үй жануарындай шөппен оттайды. Егер белгілі бір аң ауруы кесірінен қырылған болса онда дереу мәселе мән жайын анықтаған абзал. Міне, дәл осы турасында Шындос Омаров маман ретінде пікірін білдірді. Және алаңдауға негіз жоқтығын алға тартып күпті болған көптің күдігін сейілтті.

– Ұлытау облысында 60-қа жуық киік өлімі тіркелді. Бұл рас. Алайда ақбөкен белгілі бір дерттен қырылған жоқ. Бұл – табиғи өлім. Жыл сайын киіктер көшіп қонады. «Текенің бұрқылында» ересек аталықтар өлімі жиілейтіні бар. Оның үстіне биылғы қыс қаһарынан қорықбас пен аналық ешкілер өлімі жиіледі. Оған себеп ақбөкеннің жасаған жасының әсері, суыққа төзу мен қоректің жетіспеушілігі. Жалпы киіктер жаратылысынан аз жасайтын жануар. Мысалы ақбөкеннің аталығы 5-6 жыл ғана ал, аналығы 7-8 жыл өмір сүреді. Осыларды ескерер болсақ, киіктің бұл санаулы өлімі ешқандай да қауіп төндірмейді, – деп сендірді Шындос Омаров.

Маман сөзінше, қазіргі таңда Жаңаарқа аумағындағы киіктер өлексесі жиналып жойылуда. Оны жергілікті мамандар қолға алған.

Дала сәніне айналған ақбөкеннің кешкен тағдыры мен тартқан тауқыметі туралы сөз қозғасақ, таңды-таңға ұрып айтуға болады әрине. Бір кездері бұл жануарды тіпті «жер бетінен жойылып кету қауіпі бар» деп те болжадық. Алайда, ақбөкен қандай тауқыметті басынан кешсе де, көшпелі тұқымының тұяғын сақтап қалған жер бетіндегі санаулы жануардың санатында. Оған арғы заманды айтпағанда тәуелсіздік жылдары орын алған зұлмат кезеңді мысалға келтірсек те жеткілікті. Ширек ғасырдың соңғы жылдарында киіктер бірнеше рет жаппай қырғынға ұшырады. Оның бірі 2015 жылы 200 мыңға жуық Бетпақдала популяциясының қырылуы. Сол кезеңдегі тау болған киік өлекселерін зерттеген ғалымдардың пайымынша жаппай қырылуға себеп пастереллёз — Pasteurella multocida екенін анықтады.

Бұл қоздырғыш әдетте ақбөкеннің тыныс жолдарында зиянын тигізбей өмір сүре береді. Дәл сол уақытта бактерия бақылаудан шығып кеткен. Бұл шөпқоректі жануарлар арасында уақыт өте келе болатыны белгілі көрінеді.

Десек те, одан бұрын ол дерттен киік өлім-жітімі 100 пайызға жетпеген-ді. Бұдан кейін біршама жылдың жүзі өтті киіктің саны қорғап-қолдаудың арқасында жалпы есеппен 1млн. 318000 мыңға артты. Оның 800 мыңы Орал киігі, 28 мыңы Үстірт, қалған 489 мыңға жуығы осы Арқа төсіне тараған Бетпақдала бөкені.

Жан АМАНТАЙ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button