Аққан жұлдыз
Жоғарғы Кеңеске үш дүркін депутат болып сайланған талантты кен инженері Шаймаған Серіковтің есімі ескерусіз қалып барады.
Шаймаған Серіковтің есімімен Қарағанды облысының алғаш энциклопедиясын шығарған жұмыс тобының мүшесі ретінде 1984-85 жылдардан жақсы таныспын. Түрлі азаматтар, тарихшы ғалымдар үш рет қатарынан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, трест басқарушысы болған деп ұсыныстарын айтып, кітапқа енгізуді өтінген. Алайда, партиялық принцип, алдын ала жасалып қойған критерий бойынша ол жолы сәті түспеді. Кеңестік «демократияның» бір көрінісі ретінде, тіпті, Жоғарғы Кеңес депутаттығына сол кезде қазіргідей кәсіби парламентарий емес, қарапайым еңбек адамдары көптен сайланатын. Мысалы, 1-шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне 1938 жылы 26 маусымда сайланған 300 депутаттың арасынан 112-сі жұмысшы, 116-сы колхозшы болыпты. Енді келіп, оларды кітапқа енгізуге шектеу қойылған. Тәуелсіздік алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткен уақытта, критерийді толықтырып, энциклопедияның кейінгі 2006-2008 жылдардағы басылымдарына белгілі депутаттарды, басқа да еңбек саңлақтарын, соның ішінде Шаймағанды енгізе алдық.
Дегенмен, ертерек қайтыс болып кеткендіктен бе, әлде соңынан қуатын жанашыр адамдар болмағаннан ба, Шаймағандай алғыр азаматтың есімі көмескіленіп, ұмытылып кетті. Обалы нешік, осы басылым, «Орталық Қазақстан» газеті ғасырлар тоғысында «Шаймаған деген шахтер ағамыз болған еді» (21.08.1999 ж. және қайтадан осы тақырыппен жаңғырық ретінде 30.06.2001 ж.) деген екі мақаламен есімі ескерусіз қалып барады деп дабыл қаққан еді (мақалалар авторы белгілі журналист Серікбай Алпысов). Екеуіне де мұрындық болған мазасыз зейнеткер-ұстаз, жерлесі Нығмет Төлеутаев деген азамат. Шаймаған туралы академик Әбілқас Сағынов та өзінің 1996 жылы жарық көрген естелік кітабында жылы лебіз білдіріпті.
Мұнымен қатар, Нығмет ақсақал қояр да қоймай жүріп, атағы дардай академик Ә. Сағынов пен оның үзеңгілес әріптестері: Мемлекеттік сыйлық лауреаты П. Матонин, ардагер кен инженері В.Склепчуктердің қолын жинап, 2001 жылдың 2 наурызында облыстық ардагерлер кеңесіне Ш.Серіковтің есімін мәңгі есте қалдыру жөнінде ұсыныс түсіреді, ардагерлер кеңесі ұсынысты мақұлдап, 12 наурызда қала әкіміне қатынас хат жолдайды. Сондай-ақ, сол кезде «Испат-Кармет» АҚ Көмір департаменті атқарушы директорының орынбасары А.Рысқұловқа жолығып, ол бассейннің іргетасын қаласқан, забойшыдан трест басқарушысына дейін көтерілген адамға қолдау білдіріп, 13 наурызда қала әкімі Корней Изаак пен қалалық мәслихат атына хат жолдайды. Бастапқыда бастарын изеп қарсы алған шенеуніктерден бірте-бірте мүлде хабар болмай кетеді. Содан жаңағы екінші мақала дүниеге келді. «Әлбетте, ақылға қонбайтындай, немесе аса мол қаражат қажет болатындай ұсыныс-талаптар қойылған жоқ. Бүгінгі гүл жайнаған Қарағандының жарқын болашағына көп еңбегі сіңген адамға тым құрығанда осынау үлкен қаланың бір көшесінің аты бұйырса ғой деген ғана қарапайым тілек болды», – деп қынжыла жазды әріптесіміз.
Нығмет ақсақал енді Шаймағандай есіл ердің өмірі мен қызметін газет-журналдарда насихаттауға кіріседі. Жоғарыда айтылғандай, энциклопедияның жұмыс тобына материал тауып берді, оның 2008 жылғы орыс тіліндегі басылымына фотосуреті де орналастырылды. Бір қызығы, кітапта оның суреті мен орнына «Ленинкөмір» тресінің басқарушысы болып келген қазақтың тағы бір талантты тау-кен инженері Файзолла Серғазиннің портреттері қатар тұр. «Азия-Транзит» журналына (№12, 2005 жыл) «Үшінші көмір ошағының шамшырағы» деген мақаласы шықты, оны сәл өңдеп, біз «Орталық Қазақстан» газетіне 2006 жылы 7 қаңтарда жарияладық. Мақаласында Майқұдықтағы бір кәсіптік-техникалық училищеге Ш. Серіковтің атын беру жөнінде мәселе қойылды, енді көше де беріліп қалар деп қуана хабарлап, үміттенеді. Бірақ, кеңестік кезеңнен белең алып келе жатқан бюрократияның мұзтауын, қалың сеңін бұзып-жару мүмкін болмады. Сондықтан, кейбір азаматтардың ұсынысы бойынша редакцияның тапсырмасымен биылғы Шахтер күні мерекесіне орай Шаймағандай өр шахтердің өмір жолы туралы әңгіме құрудың реті келді. Өмір жолын нақтылап, ресми құжаттарға жүгіну қажет болды.
Облыстық мемлекеттік архив қорында Шаймаған Серіков туралы құжаттардың екі тігіндісі сақталған екен. Алғашқысы Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, Өнеркәсіп академиясынан елге оралған кезде, яғни, 1941 жылдың 12 тамызында, екіншісі Жоғарғы Кеңеске 3 мәрте депутат болып сайланғаннан кейін 1951 жылдың 28 сәуірінде толтырылған (2-ші шақырылған Жоғарғы Кеңеске 1947 жылы сайланған). Депутаттыққа кандидат болған кезде газеттерде өмірбаяны басылып тұрды. Бірақ марқұм Серікбай Алпысов әріптесіміз айтқандай, «бір кездегі мемлекеттік-ресми тілде» жазылған мұндай өмірбаян, мақалалар бір сарынды еді. Атқарған жұмысы, оқыған оқуы, жоспарды асыра орындағаны туралы цифрлар келтіріледі. Тіпті, қол астындағы қызметкерге «Қарағандыкөмір» комбинатының бастығы, Социалистік Еңбек Ері В.Шибаевтың берген мінездемесі де жұтаңдау.
Өз қолымен орыс тілінде жазған өмірбаянында Шаймаған 1909 жылы Қарқаралы ауданының №17 ауылы, қазіргі Бесоба ауылдық кеңесі жерінде тудым деп жазған екен. Әріптес журналистер, осы ауылдың тумалары Гүлнар Бұхарбаева мен белгілі ақын, қаламгер Қайрат Асқаровтан сұрастыра келе бұл ауылдың негізінде «Жаңа ауыл» деген колхоз болғанын, кейін «Бесоба» совхозының Қызыл ту бөлімшесі атанғанын білдік. Содан жас Шаймаған 1928 жылға дейін мектепте оқып, шаруашылыққа көмектескен, ал 1928 жылы құрылыста балташы болып екі жыл жұмыс істеген. Жақын туыстарынан әкесі, «Жаңа ауыл» колхозының мүшесі деп әкесі Серік Ұлтарақовтың және үнемі бірге болушы еді деп немере ағасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Жағыпар Жалбыровтың ғана аттарын атайды. Әрі қарай: «1930 жылы Қарқаралы педтехникумының, 1931 жылы Қарағанды тау-кен техникумының дайындық бөлімшесінде оқыдым. 1932 жылы маусым айында №26 шахтаға жұмысқа тұрдым, онда забойшы, кен шебері және учаске бастығының көмекшісі болдым. 1935 жылы №3 және №26 шахталары біріккенде учаске бастығы болдым» деп қысқа ғана жазады кейіпкеріміз осы бір ауыр жылдар туралы. Шын мәнінде сол кездегі мыңдаған қазақ шаруалары сияқты Кеңес өкіметінің сұрқия саясатының кесірінен ашаршылыққа ұшырап, күнкөріс қамы үшін Қарағандыға келіп паналап, оқуын да аяқтай алмай, отбасын асырау үшін шахтаның қара жұмысына жегіледі. Қазылған көр сияқты көмір шахтасында қайбір қызыққаннан жұмыс істеді дейсің, қыр қазағына мүлде таныс емес кәсіп еді ғой бұл. Оның басынан кешкендерін бозбала кезінен таныс академик Ә.Сағынов жоғарыда аталған мақалаларда былай еске алады:
«1932 жылы мен онымен Қарағанды кен техникумында бірге оқыдым. Алайда, тұрмыс жағдайына байланысты оқуды тастап, шахтаға қара жұмысқа ауысуға мәжбүр болғаны есімде. Отбасында қанша жан барын, ағайын-туыстарын біле қоймаймын, әйтеуір табыс тауып, ағайын-бауырларын асырамақ мақсатпен жұмысқа түскенін білемін. Мен Днепропетровскіден 1936 жылы жазғы демалысқа келгенімде ол №3-26 шахтада учаске бастығы екен. Забойшы жігіт менің келер алдымда бір жыл бұрын шахтадағы кен десятниктерінің төрт айлық курсында оқып, учаске бастығына дейін көтеріліпті. Аз уақыт ішінде арнаулы білімсіз осынша өсіп кеткеніне таң қалдым. Бұл – табиғи зеректік пен тума таланттың нәтижесі екенін ұқтым. Ал, 1938 жылы келгенімде ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланыпты. Болашағы зор адам екенін аз уақытта-ақ аңғартып үлгерген еді, марқұм».
Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайлану білімі таяз қыр баласына үлкен мүмкіндіктер ашты. Алматыда одақтас республика болып қайта құрылған туған елдің ең жоғары билік органында болып, сессияларына қатысу, Жоғарғы Кеңестің алғашқы төрағалары Әбдіхамит Қазақпаев, Даниял Керімбаевтармен, Орталық Комитеттің хатшыларымен, үкімет мүшелерімен танысу оның қиялын шарықтатты, міндетті түрде оқып, білімін жоғарылатуды алдына мақсат етіп қойды. Сөйтіп, жергілікті партия ұйымдарынан қолдау тауып, Мәскеудің Өнеркәсіп академиясында оқуға жолдама алды. Бірақ өз өмірбаянында келтіргендей, екі жылдан кейін соғыс алдындағы күрделі кезеңге байланысты академия жабылып, бұл білімін Бүкілодақтық техниктер мектебінде жалғастырады. Осында жүріп партия қатарына өтеді. Саналы азамат ретінде қолына қару алып, Отанын қорғауға сұранады. Бірақ соғыс заманының өз заңдары бар. Жергілікті басшылар көмір үшін күрес ұрыс майданынан кем емес екендігін түсіндіріп, білікті мамандардың мынадай қиын-қыстау заманда Қарағанды шахталарына ауадай қажет екендігін түсіндіреді. Сөйтіп, «броньмен» әскери қызметтен босатылып, өзі еңбек еткен Киров атындағы шахтаға қайтып оралады. Оған салған беттен көмір майданында жауапты міндеттер жүктеледі. Әуелі бас инженердің көмекшісі болады да іле осы шахтада БК(б)П Орталық Комитетінің партия ұйымдастырушысы болып тағайындалады. Соғыстың қайнаған шағында, яғни, 1943 жылдың қаңтар айында Шаймағанға осы трестің №26, бис, ал, 1944 жылы бассейндегі ең ірі Киров атындағы №3 шахтасының бастығы болу міндеттері жүктелген.
1946 жылдың 15 қыркүйегінен өмірінің соңғы күніне дейін қазақтың талантты тау-кен инженері Шаймаған Серіков Қарағанды көмір бассейніндегі аса ірі және таңдаулы «Ленинкөмір» тресінің басқарушысы қызметін атқарды. Бұл трестің құрамына №№17, 17-бис, 19,19-бис, 20,20-бис, 28,41, 47, 48, 49, 50, 51, 52, 54 шахталары, орталықтандырылған электр-механикалық шеберхана, техникалық жабдықтау бөлімі т.б. кіреді (Қарағанды. Қарағанды облысы энциклопедиясы, 1990 ж.). Кейін трест құрамында жаңадан игеріле бастаған Саран учаскесінің №№104, 105,106 шахталары да болған. Ол кездің шахталары шағын, жұмыстың басым көпшілігі қолмен атқарылатын, әр түрлі көмір қабатында, күрделі кен-геологиялық жағдайда көмір алу және кен қазбасын дайындау жұмыстарын ұйымдастыру оңай болмайтын.
Шаймаған жауапты жұмысты атқара жүріп, білімін толықтыру жағын әсте естен шығармайды. Кейбір декректер бойынша 1949 жылы Свердловск қаласындағы тау-кен институты жанындағы Жоғары инженерлік курсты аяқтайды. Соғыстан кейінгі кезеңде тау-кен ғылымы күрт дамып, кен өндірісінде жаңа техника, тиімді технологиялар қолданыла бастаған. Жұмыс өнімділігінің артуы қауіпсіздік шараларын нығайтуды талап етті. Қарағанды шахталары метан газының қопарылуы мен газ бен көмірдің кенеттен атылуынан қауіпті болып есептелетін, сондай-ақ көмірдің оттегі араласқаннан кейін өздігінен жануы да қатер еді (атап айтқанда Шаймаған басқарған Киров атындағы шахтада). Лавалардың төбесін басқару да күрделі мәселе болып тұрды. Міне, инженерлер мен ғалымдар алдында осындай проблемаларды шешу міндеттері тұрды.
Осындай қайнаған жұмыс, қызу еңбек үстінде Қарағанды шахтерлері жоспарлы тапсырмалар мен міндеттемелерді асыра орындау жолында күндіз-түні дамыл таппай еңбектенуші еді. Шахталардың инженер-техник қызметкерлері мен басшыларында да маза жоқ болатын. Әсіресе, бірнеше шахтаны біріктірген трест басқарушысына да оңай соқпады. Сондай 1952 жылғы жаздың аптап ыстықты қарбалас шағында денсаулығына қарамай жұмысына берілген Шаймаған сынды талантты ұйымдастырушының қан қысымы көтеріліп, 21 тамыз күні небәрі 43 жасында кенеттен қайтыс болып кетті. Қарағанды қаласы қайғы жұтып, қара жамылды. Артында аңырап асыл жары Бәтима, әлі кәмелетке тола қоймаған үш ұл, бір қызы қалды. Кеншілердің мәдениет сарайынан ақтық сапарға шығарып салған қаралы шерудің фотошежіредегі қалың нөпірі көзі тірісінде ағамыздың өз ортасында қандай қадір-қасиеті жоғары азамат болғанын дәлелдейді.
Ол еңбектегі жетістіктері үшін үш үкіметтік медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің 2 Құрмет грамотасымен марапатталды. 1947 жылы тағайындалып, кен орындарын басқаратын инженер-техник қызметкерлерге берілетін Тау-кен бас директоры дербес атағының 3-ші және 2- дәрежесіне ие болды. 1951 жылы өткен Қазақстан Компартиясының V съезіне, облыстық, қалалық партия конференцияларына бірнеше мәрте делегат болды, қалалық кеңестің де депутаты болып сайланды.
Шаймағандай есіл ердің туған-туыстарын анықтамақ болып Қарқаралы ауданындағы Бесоба селолық округіне телефон шалғанымызда әкімі, елгезек жігіт Ержан Қуанышбаев ауыл кітапханашысы әрі шежірешісі, «Ауылым – алтын бесігім» (2015ж.) атты кітапты құрастырушы Ділда Мұрынбаева арқылы қала маңындағы Доскей ауылында тұратын, жерлестері ел арасында жүргізіп жүрген насихат жұмысы мен білімдарлығы үшін «академик» деп атап кеткен ескі танысымыз Нығмет ақсақал мен қайын жұртынан Үштөбе ауылының тұрғыны Бегайдар Асқаровтың телефондары мен адрестерін тауып берді. Зоотехник Бегайдар ақсақал да көпті көрген, көзі ашық, көкірегі ояу әңгімешіл адам екен және ол ақын бауырымыз Қайрат Асқаровтың әкесі болып шықты.
– Шаймаған қалың қаракесектің Асан тармағынан, – деп ол кісі қазақи тұрғыда әңгімені әріден бастады. – Әкесі Ұлтарақтан Серік пен Жалбыр туса керек. Серіктен Шаймаған мен Қаппар деген інісі және Ақдәрі деген қарындасы бірге туған. Ақдәрі осы Үштөбеде тұрады, бірақ қазір ауру, есін білмейді, сізге ештеңе айтып бере алмайды. Шаймаған біздің әкейдің туған қарындасы Бәтимаға үйленген, бірақ менің 5 жасымда әкей екеуі бір жылда қайтыс болды. Біз Алтай – Мойын – Саңай боламыз. Апай да осы Қызылтудан шыққан, көп оқуы жоқ, қызметі ауыр Шаймағанды, төрт баласын күтіп, өмірден өтті. Шаймаған Мәскеуде оқығанда бірге барды, оның қызмет бабымен іссапарлары көп болды. Аппақ қағаздай таза, қағілез адам еді. Ол кезде шахта басшылары пар атпен, пәуескемен жүреді деп еститінбіз. Кучері болған көрінеді. Пәуескемен сыңғырлатып театрға, қонаққа барып жүреді. Курорттарда бірге дем алып тұратын. Үш ұл (аттары Мақсұт, Витя, Марат), бір қызы болды. Бірақ балалары әке-шешесіне тартпады. Орысша өсіп, «көше тәрбиесінде» болып кетті. Ұлдарынан ұрпақ та жоқ. Тек қызы Нұржамалдан (өздері Алочка дейді) Қанат пен Айгүл деген екі немере-жиені бар. Шағын кәсіпкерлікпен айналысады. Айгүлі бухгалтер, ата-әжесінің мұраларына ие болып отырған қазір осы бала. Біз сұрасақ атасы мен әжесінің суреттерін тауып береді, – деді.
Айтқанындай, Айгүл бізге отбасылық альбомнан бірнеше фотосуреттер жіберген екен. Солардан қырқыншы жылдардың соңындағы қазақ интеллигенциясына тән пейілдері кең, мінездері жібектей, мейірім-шуағы төгілген бақытты отбасын көреміз. Бірақ отағасы өмірден ерте озғаннан соң шаңырақтары шайқалды…
Нығмет ақсақалды да тауып алдық, ол кісі бұдан ширек ғасыр бұрын Шаймаған есімін ұлықтауға байланысты жоғарыда айтылған құжаттардың көшірмелері мен газет-журнал мақалаларының қиындыларын әкеп берді.
Қарапайым шаруа отбасынан шығып, ірі өндіріс командирі атанған, республикалық заң шығару билік органына үш мәрте депутат болып сайланған қазақтың талантты тау-кен инженері Шаймаған Серіков, міне, осындай жолдан өтті. Қарағанды көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өтіп, ғайып болды. Бір ғажабы, осынау талантты азаматтың туған жері мен қызмет еткен мекені, өндірісті қала Қарағандыда оның есімін еске салатын бір белгі жоқ. Осыны облыстық әкімдікке, облыстық ономастикалық комиссияға, түрлі дәрежедегі депутаттарға, бір кезде Шаймаған еңбек еткен қара шаңырақ – қазіргі «Қармет» АҚ Көмір департаментінің басшылығына құлаққағыс етеміз.
Аман ЖАНҒОЖИН,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы