Аққалалар аллеясы
Кейінгі жылдары Саран шаһары құлпырып келеді. Қала тұрғындарының белсенділігі мен ұйымшылдығы сырт көзге сүйсінерліктей. Жуырда шаһар орталығында өткен «Үздік аққала» байқауы сөзімізге дәлел. Байқауға 250-ге жуық адам қатысқан. Сайыстан соң қаладағы «Сұңқар» стадионында 80 көңілді қар адамынан тұратын тұтас аллея пайда болған.

Қалада алғаш рет өтіп отырған байқау Саранның 70 жылдығына арналыпты.
Атап айтсақ, байқауда №2 жалпы білім беретін мектептің оқушылары ерекше белсенділік танытқан. Олар 10 аққала соғыпты. Мектептен 15 жоғары сынып оқушысы мен педагогтер бір үйдің баласындай жұмыла аққала жасапты.
– Заманауи технологиялар дәуірінде көптеген адам аққаланы қалай мүсіндеу керектігін білмейді. Бұл – өте қызықты және денсаулыққа пайдалы дүние. Біз бірлесіп әрі көңілді жұмыс істедік. Әр аққала ерекше және әдемі шықты. Мұғалімдермен бірлескен жұмыс біздің шығармашылыққа ынталандырды. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз. Қаламыздың әдемі болуы мен өсіп-өркендеуі үшін еңбек ете береміз, – деп атап өтті №2 жалпы білім беретін мектеп парламентінің президенті Егор Башта мен «Жас ұлан» мектеп комитетінің жетекшісі Лазиз Авазхонов.
Шындығында, әр мезгілдің өз қызығы болатынын ескеріп, ұйымдастырушылар алғашқысы сәтті өткен бастаманы жалғастыруды көздейтіндерін жеткізді.
Өз тілшімізден
САРАН