АймақШет

Ақадырда мұражай ашылды

Ақадыр кентінде өлкетанушы Қалижан Бекқожиннің бастамасымен мұражай ашылды. Аймақтағы белсенді азаматтар жаңа мұражай қорына өткен ғасырдың әр жылдарынан сыр шертетін 700-ге тарта жәдігер жинаған. Аудан әкімінің қолдауымен 1 млн. 300 мың теңге қаржы бөлініп, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу арқылы планшеттер, жәдігерлерді қоятын арнайы сөрелер, үстел, орындықтар сатып алынған.

Мұражайдың ашылу салтанатына қатысқан Шет ауданы әкімінің орынбасары О.Стыбаев пен Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, жазушы Ө.Кәріпұлы Шет аудандық тарихи-өлкетану мұражайының директоры С.Дәртайқызы музейдің өткен тарих дерегін бүгінге жеткізетін таусылмас қазына екенін айтып, оның жаңа жәдігерлермен толығуына тілектестік білдірді. Өлкетанушы Қалижан Қазкенұлы мен Шет аудандық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Салтанат Дәртайқызына аудан әкімі М.Мұхтаровтың құттықтау хаты мен естелік сыйлығы, кент тұрғындары Айман Зәрубайқызы мен Надежда Ковалеваға кент әкімінің Алғыс хаты табысталды. Шараға арнайы шақырылған Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының әншісі Айзада Рыспекова әннен шашу шашты.

Шараға демеушілік көрсеткен кент тумалары Есен Жүнісбековке, Оркен Ілиясовқа, ауыл кәсіпкерлері Ораз Серікке, Ғарифолла Мұқышевқа, Құндыз Ораловаға және жәдігерлерді жинап, мұражайға орналастыруға қолұшын берген кент тұрғындары Надежда Ковалеваға, Айман Зәрубайқызына, Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің директоры Гүлдария Түсіповаға жиналған жұртшылық ризашылығын жеткізді.

– Ақадыр стансасы болып құрылған 1937 жылдан бастап теміржол саласына қатысты фотосуреттер мен түрлі құжаттар жинақталған, тағдыры теміржолмен сабақтасқан, саналы ғұмырын осы салаға арнаған Құрметті теміржолшылар жайында сыр шертетін мұражай болған еді. Бірақ, бұл мұражай Қазақстан теміржолына қарасты болғандықтан орталық мұражайға көшірілген. Кезінде сол мұражайда кентке қатысты біраз құнды дүниелердің болғанын көргенбіз. Біз мұражайға кентке және теміржол саласына қатысты деректер мен фотосуреттер, өткен ғасырдың әр жылдары халық пайдаланған, заттарды жинастырдық. Мұражай жұмысы мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта жаңа материалдармен және құнды жәдігерлермен толықтыру жұмысы жалғасады. Әзірге, кент әкімдігінің үлкен бір бөлмесіне орналасқан мұражайды кейін жеке ғимаратқа көшіріп, тарихи-өлкетану музейіне айналдыруды мақсат етіп отырмыз, – дейді өлкетанушы Қалижан Бекқожин.

Нұрдос КӘРІМ,
Шет ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button