Жаңалықтар

АҚАДЫР көркейе береді

     Сарыарқаның сайын даласында орын тепкен Шет ауданының Ақадыр стансасы еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін тікелей жалғастыратын Алматы-Петропавл темір жолының күрделі де үлкен стансаларының қатарына жатады. Станса тарихына көз жүгіртсек – қарқынды дамуы аудан орталығы болған 1973-1997 жылдар аралығындағы кезеңге дөп келеді екен.

Өмір-өзен дегендей уақыттың бір орнында тұрмайтыны белгілі. Уақыт өткен сайын сол кезеңнің шежірелі күндері көнеріп, оның баз бір кезеңдері ұмытыла бастайды. Сондықтан, сол көнерген күндердің шежірелі тарихын жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа жеткізу аға ұрпаққа парыз деп ойлаймын. Әрине, кенттің өркендеп дамуында көптеген азаматтардың аянбай тер төккені аян. Солардың ішінде бірінші кезекте Ақадыр ауданының сол жылдары атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ауданымыздың тумасы К.Медиевтің Ақадыр кентін дамытудағы ерекше еңбегіне тоқталуды жөн санадым.

1973 жылдың көктемінде Үкімет қаулысымен Қарағанды облысынан бөлініп Жезқазған облысы, Шет, Жаңаарқа аудандарынан бөлініп жаңадан Ақадыр ауданы құрылатын болды. Аудан орталығы Ақадыр кенті облыс орталығы Жезқазған қаласынан 525 шақырым, ең жақын деген Қарағанды, Балқаш қалаларынан 230-260 шақырым қашықтықта еді және ол кезде осы қалалар бағытында асфальт жол түгілі көтерме тас жолдың өзі жоқ-тын. Сондықтан, ел көпшілігінде темір жолмен ғана қатынасатын. Ал, ауданның кеңшарларына автокөліктер даланың айдау жолымен жүретін.

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Кент саздақ жерге орналасқан, кө­шелері түнде жарықтанбаған, жаяу адам жүретін аяқжолы жоқ, автокөлік жол­дарының жағдайы да мәз емес, қарапайым темір жол стансасы бола­тын. Әрі кент дәл сол кезеңге дейін (1973 ж.) мемлекеттік электр жүйесіне қосылмаған, мекемелер әрқайсысы элек

тр тоғын өздерінің дизел-генератор­ларының күшімен беріп тұрады екен.

 

Жаңа ауданның партия комитетінің бірінші хатшылығына К. Жұмашев деген кісі сайланып, денсаулығы жарамай жарты жылдан кейін қызметінен босады. Орнына сайланған екінші хатшы Н.Макаренко тәжірибесінің аздығынан жаңа ауданды құру жұмыстарына қатты кірісе алмаған-ды. Екі жылдан кейін ол кісі де басқа қызметке ауысып кеткен еді.

Осындай сын сәтте «Көргені жақсы, көш бастайды» дегендей, аудандық атқару комитетінің төрағасы Касекең (Қ.Медиев) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысынан айтарлықтай көмек болмайтынын сезіп, ешкімге алаңдамай, ауданды құру жұмыстарына қызу кіріскен-тін. Табиғатынан алғыр, тегеурінді азамат, өзіне тән іскерлік қабілетімен, Ақадыр кентіндегі бұрыннан жұмыстары қалыптасқан теміржол локомотив депосы, станция басшылығы, геологиялық барлау экспедициясы, Ақшатау кен-байыту комбинатының жүк түсіріп-жөнелтуші базасының басшыларымен тіл табыса отырып, қысқа мерзімде ауданды құру мәселесін оңтайлы шеше білді. Яғни, алғашқы жылдың өзінде аудан мекемелерін орналастырып, олардың қалыпты жұмыс істеулеріне мүмкіндік жасаған еді.

Бірден бірнеше маңызды деген жұмыстар атқарыла бастады. Соның бірі –кентті электрлендіру мақсатында, дереу Алматы қаласынан «Сельэнергопроект» институтының мамандарын шақырып, он бес күннің ішінде кентішілік электрлендіру бойынша жобалық-смета құжаттарын жасаттырды. Бірте-бірте жоғарғы кернеулі 10/04 квт. электр желісі тарттырылып, кенттің темір жол торабынан басқасының барлығы мемлекеттік электр жүйесіне қосылған-ды.

«Ауылын көр де, азаматын таны» деген халық даналығына үлкен мән бере отырып, Қасекең алғашқы күннен бастап кенттің тазалығына, көшенің түнгі жарықтануына, сәулеттілігіне және көгалдандыруға тұрақты көңіл бөліп отырды. Бірінші кезекте көшені таза ұстау мақсатында Қ.Сәтбаев қаласындағы әріптесі Ә.Құнанбаевтан бірнеше қоқыс контейнерін сұрап, әкеліп қойғызды. Енді бірде сол Сәтбаев қаласына барғанында түнде сынап шамдарының самаладай жарықтандырып тұрғанын көріп, жаңалыққа жаны құмар Қасекең іштей, «мұндай шамдар біздің Ақадырды неге жарқыратпайды» деп қызығады. Тағы да Әшірбек досының жөн сілтеуімен Алматыдағы Коммуналдық-шаруашылық министрлігінен сондай сынап шамдарын сұрап барады. Министр: «сенің Ақадырың жұмысшы кенті, бұл қат шамдар, Алматының өзіне жетпей жатыр» деп бере алмайтынын айтады. Алайда, Қасекең қандай адаммен болсын тез тіл табысып, иландыра білетін. Ақыры 150 сынап шамын, тағы 80 қоқыс контейнерін және бір ассенизатор автокөлігін сол жолы алып қайтады. Ол кезде сынап шамы облыс орталығы Жезқазғанның өзінде қойылмаған-тын. Ал қоқыс контейнерлері мен ассенизатор автокөлігі басқа аудан орталықтарында әлі пайдалана қоймаған кезі еді. Бұл бір ұсақ-түйек болып көрінгенімен, сол уақытта қиындықпен шешілетін шаруа еді.

Сол сияқты көше бойында жаяу адамдар жүретін тротуарлар салу, көшелерді асфальттау сияқты, т.б. жұмыстар да қатар жүргізіліп жатады.

Қасекең кентті сәулеттендіру мен жарықтандыру жұмыстары жайында: «Араға үш ай түскенде Ақадырда үлкен бір жиын өткізіліп, халық орасан көп жиналған еді. Кеш түсе шамдарды қостық. Ақадырдың түнгі көркі өзгеріп сала берді. Ел алғысын маған жаудырып жатыр. Менің бұл тірлігім өз жемісін берді. Республика бойынша бірінші орын алып, ауыспалы Қызыл Ту мен жеңіл автокөлікке ие болдық. Бұл тәжірибені кейін қызмет істеген Жезді және Шет аудандарында да пайдаландым, ол аудандарда да республика бойынша бірінші орынға шығып жүрдік» деп кейінде есіне алған еді.

1975 жылы күзде аупарткомның бірінші хатшысы болып бұрынғы Жаңаарқа ауданының ауатком төрағасы, Мәскеу қаласындағы жоғары партия мектебін бітіріп келген И.Колбасин сайланды. Кейін көргеніміздей ол кісі өте қарапайым, ұстамды, еңбекқор екен. Бұл кезде аудан мекемелері жұмысын бірқалыпты атқарып жатқан еді.

Қасекең ауданды құрып, жұмысын қалыптастырдым деп тоқмейілсімей, керісінше И.Колбасин екеуі бірлесе отырып, ауданды одан әрі көркейту жұмыстарын бұрынғыдан да үдете түсті.

Ол жылдары «Жарық-Мойынты екінші темір жол құрылысы» мен «Те­мір­жолды электрлендіру» жобалары бойынша кентте көптеген құрылыс жұмыстары, олардың инфрақұрылымдары жүргізіліп жатқанды. Қ.Медиев пен И.Колбасиннің сол тұста «Тың темір жолы» басшылығымен тығыз байланыс жасауынан, бірқыдыру маңызды жұмыстар оң шешімін тауып та жатты. Яғни, Ақадыр кентінің жанынан жаңадан көп қабатты тұрғын үйлері бар, бірнеше ықшам аудандар бой көтеріп, ауданның жаңа орталығы салына бастады.

Онымен қатар осы жаңа орталық жақта, 1,2 мың оқушыға арналған үш қабатты Ю.Гагарин атындағы орта мектеп пен 150 орындық аурухана, екі қабатты аупартком ғимараты, прокуратура мен халық соты кеңсесі, пошта-телеком, халыққа тұрмыстық қызмет көрсету үйі, аудандық агробанк, екі Мәдениет үйі, аудандық тұтыну қоғамының кеңсесі мен үлкен дүкендері, т.б. бірінен кейін бірі бой көтере бастаған еді.

Жақсы іске жаны құмар Қасекең кейінде екі қабатты аупартком ғимараты жанынан жаңа жобамен үш қабатты үлкен, сәнді, сәулетті ауатком ғимаратын салғызды. Еңселі ғимарат сол көшеге ерекше көрік беріп тұрды. Көргендер таңғалып, мынау тура «Кіші Совмин» сияқты ғой деп мақтап жүретін. Радиореле қондырғылары қойылған бекеттен биік мұнара арқылы аудан тұрғындары облыстық, республикалық телехабарларды естіп, көре бастады. Облыс орталығымен және ауданның елді мекендері арасындағы телефон байланысы жақсартылды. Көп кешікпей Жезқазған, Қарағанды, Балқаш қалалары бағыттарында асфальтталған жол, ал аудан кеңшарларына көтерме тас жол салу қолға алынды. Ауыл тұрғындары жаппай электр тоғымен қамтамасыз етіле бастады.

Ауданда мәдени шараларға да көп көңіл бөлінді. Сол жылдары «Ақадыр әуендері» фольклорлық ансамблі құрылды. Қасекеңнің тағы бір қасиеті өнерді, әдебиетті терең түсінетіні. Қазіргі күнге дейін араласып, байланыс жасап тұратын ақын-жазушы, сазгер аға-інілері бар. Осы кісінің тікелей ұйытқы болуымен Ақадырда «Ақадыр вальсі» әні өмірге келді.

Сол сияқты Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 40 жыл толуы қарсаңында, Ақадырдағы ауатком ғимаратының қарсы алдындағы алаңқайға Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан ақадырлық жауынгерлерге арналған «Композициялық ескерткіш мүсіндерін» жасаттырып қойғызды. Жан-жағын көгалдандырып, абаттандырды. Бұл кенттегі ең алғашқы қойылған ескерткіш болатын.

Сөйтіп, Ақадыр кенті аз жылдардың ішінде көп қабатты үйлер орналасқан, көшелері асфальтталған, электр шамдарымен жарықтандырылған, орталықтандырылған су, жылу және кәріз жүйелерімен жабдықталған қалаға ұқсас таза да, көрікті кентке айналды.

Сонымен қоса, Екібастұздан оң­түс­тікке тартылған жоғарғы кернеулі электр тоғы желілерін тартуда, Ақадырға ЛЭП-500 подстанциясының салынуы да осы аудан басшыларының құптауымен шешілген болатын.

Аудан бойынша 17 мың бас ірі қара, 225 мың бас қой және 12 мың бас жылқы малы қысқа түсіп жүрді, жоспарлы төл жылда алынып тұратын. Жоспарда белгіленген ет, сүт, жүн, астық өнімдері мемлекетке өткізіліп тұрды. Жер аумағының құнарсыздығына қарамай, аудан кеңшарлары облыс көлемінде жақсы көрсеткіштермен көрініп отырды.

Ол жылдары Ақадыр ауданының кеңшарларын ұзақ жылдар басқарған тәжірибелі, білікті З.Көкжалов, Б.Ос­панов, М.Сағымбеков, Ы.Сұлтанов, М.Сәдуақасов, Р.Шәріпов, Р.Көпбаев, Ә.Ахметов, А.Әбдіханов, Е.Қазымов, М.Сатыбалдин, Д.Нұркеев, А.Шәріпов, Б.Мәліков, А.Токымбаев еңбектерін сол өңір тұрғындары жақсы біледі, оларды құрмет тұтады. Сол сияқты Ақадырда ұзақ жылдар еңбек еткен, елге сыйлы М.Тұяқов, Қ.Ақымбеков, А.Смағұлов, С.Исмақов, А.Абдрахманов, Б.Жүнісбеков, Ө. Кәріпов, Т. Майбас, Г. Ақпанова, К. Сарғасқаев, М.Көккөзов, В.Перерва, М.Хасенов, Ж.Ыбраев, Т.Тұтқышев, Ж.Насырханов және т.б. ақсақалдар Қасекеңнің жұмысына риза болып, кездескендерінде ақыл-кеңестерін айтып, батасын беріп отыратын.

Ақадыр ауданының басшылары И.Колбасин мен Қ.Медиев ауданды кадрлар даярлайтын ұстаханаға айналдырды. Аудан бойынша әр салада абыройлы қызмет істеген, іскер, білікті азаматтар С.Жұрынбаев, Н.Ақпанов, Б.Жексенбин, А.Көпбаев, Р.Әбдікеров, Е.Бектұрсынов, К.Оспанов, С.Сүтбаев, И.Жекебаев, Б. Садықов, С.Мұхамедиярова, С.Филипович, С.Аманжолова, А.Штроо, Ж.Томпиев, В.Карепов, Д.Оразбаев, Қ.Мүсілімов, ағайынды Жапаровтар, С.Медеубаев, Ж.Серіков, Б.Төлеуқұлов, Е. Жәнібеков, Ж.Сүлейменов, Е.Түсіпбеков, С.Тұңғышбеков, Қ.Күзембаев, Т.Алтынбеков, Б.Құмарбеков, Р.Мақсұтов, Қ.Мергенбаев, Т.Мұсахметов, А.Кесікбаев, С.Бақтыбаев, Р.Байғазинов, Қ.Қалиев, Е.Есімғалиев және т.б. қызмет бабында көтеріліп, облыс деңгейіндегі басшылық қызметтерді атқарды. Ал, еліміз егемендік алғаннан кейін, елордамыз Астана қаласында министрліктерде лауазымды қызметтер атқарғандары да бар. Ақадырлықтар оларды мақтан тұтады. Қазіргі күнде аталған азаматтардың біразы ортамызда жоқ. Оларға иман байлығын берсін.

1985 жылы жазда Ақадырға іс сапармен Жезқазған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Давыдов келді. Облыстың бірінші басшысы қала типтес көрікті кентті аралап, кенттің сәулеттілігіне, тазалығына іштей риза болып, көңілі толады. Ең аяғында аудандық партия комитетінің ғимараты қатарында, жаңадан салынған үш қабатты еңселі, әрі сәулетті аудандық атқару комитетінің ғимаратын көріп, таңыр­қағанын жасыра алмапты. Қасекең ол кісіге «жаңа ғимараттың екінші қабатына аупартком орналасады ғой» десе, тәкәппар менмен бірінші хатшы намыстанғанынан болар, «аупартком ғимаратына үшінші қабатын салғызуға ақша қаражатын бөлгіземін» деп жүріп кетіпті.

Л.Толстойдың: – «Ұлы іске ұмтылсаң, жаныңның барша күшін бір бағытқа ұмтылту керек» дегеніндей Қасекең де сол қиын да, күрделі жұмыстарды атқарғанында, -барлық жауапкершілікті өзіне алып, талапты өзіне де, басқаға да өте қатты қоя отырып, бойындағы бар күш-қайратын, білімі мен біліктілігін бір бағытқа жұмсап, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп орындайтынын өңір халқы жақсы біледі.

«Туған халқын ісімен риза етіп, көп алғыс алған адамның нұры тасып, мұратына жетеді» деген қағидаға сай, көп ұзамай Қасекеңнің қызметінде өрлеу жолдары басталады. Соның бірі 1985 жылдың күзінде Жезқазған облысы Жезді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқаруға кіріскені.

Істің адамы Қасекең Жездіден кейін Жезқазған обкомының екінші хатшысы, облыстық атқару комитетінің төрағасы, Шет ауданының әкімі және сегіз жыл Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы қызметтерін үлкен абыроймен атқарды.

Бүкіл саналы ғұмырын Орталық Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына арнап, өлкенің гүлденуіне өз үлесін қосқан қадірменді Қасекең ағамыз алдымыздағы жылдың басында сексен деген асуды бағындырмақшы. Ғалия жеңгемізбен бірге немере-шөберелеріңіздің арасында, қуанышы мол, ұзақ өмір сүре берулеріне тілектеспін. Жылдарыңыз ұзақ, көңіліңіз әрдайым шуақ болсын. Өз ортаңызға ізгіліктің шуағын шашып, аман-сау жүре беріңіз, аға!

Ал Ақадырға оралсақ, онда кейінгі жылдары «КЕГОК» АҚ Ұлттық компаниясының 500 киловольттық филиалы және «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбырының «Мұнай айдау станциясы» сияқты жаңа өндіріс ошақтары орын теуіп, жақсы жұмыс істеуде.

Қазіргі күнде кенттегі үлкен темір жол торабының 14 мекемесі мен «Жаңа мырыш» ЖШС-нің жүк-түсіріп жөнелтуші базасы және ірі автокөлік кәсіпорындары нарықтық қатынаста оңтайлы жұмыс жүргізуде.

Сонымен қатар, «Ақадыр кентінің 2010-2013 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамытудың» кешенді жоспары аясында облыс әкімдігімен жасалған меморандум бойынша, «Аstana Motors» компаниясы балалардың дене шынықтыру-сауықтыру спорт мектебін салып берді. Осы меморандум бойынша «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен «KEGOK» АҚ-ы да көлемді қаржы бөліп, «Теміржолшылар саябағы» мен жаңадан сквер салу сияқты ауқымды абаттандыру жұмыстарын жүр­гізді.

Ал аудандық бюджеттен жыл сайын бөлінетін қыруар қаржыға кенттегі мектептер, аурухана, Мәдениет үйлері, т.б. нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сол сияқты «Менің аулам» бағдарламасы бойынша балалардың 1-санатты ойын алаңы және т.б. нысандар салынып пайдалануға беріліп келеді. Сөйтіп аталған кент жылдан-жылға көркейе түсуде.

Осындай игілікті істердің атқарылуында Шет ауданының әкімі болып әр кезеңдерде қызмет істеген Қасекеңнің шәкірттері К.Сарханов, Р.Оразханов, Қ.Тілеубергенов, Р.Әбдікеров, М.Жандәулетов пен Ақадыр кенті әкімдері болған Қ.Қалиев, Ж.Мағзиев, А.Бидайбеков, А.Сембаев еңбектері ерен. Әсіресе Р.Әбдікеровтің кейінде облыстық мәслихаттың хатшысы қызметін атқарып жүргенінде де, Ақадырға қатысты түйткілді мәселелердің оң шешімі табылуына ықпал еткеніне, кент тұрғындары дән риза. Рысқали Қалиақпарұлының тұсында 200 балаға арналған балабақша, 58 пәтерлі көп қабатты үй пайдалануға берілді. Бірқатар көше асфальтталды. Көшелер жарықтандырылды. Барокко стиліндегі көз қуантатын шарбақтар көше сәнін кіргізе түсті. Мәдениет үйі, кітапхана, екі мектеп, әкімдік ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Басқа да игіліктер ел қажетін өтеді.

Саналы ғұмырының ширек ғасырға жуығын осы өңірде еңбек еткен, осы жолдардың авторы да Ақадыр кенті тұрғындарын 80 жылдық торқалы тойымен құттықтайды. Кент экономикасы дамып, көркейіп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы көтеріле берсін деген тілек білдіреді.

Мағауия Сатыбалдин,

еңбек ардагері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button