Бала құқы: қорғау мен қолдау
20 қараша – Бүкіләлемдік балалар күні. Осы мақсатта Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен облыста балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау үшін «Қатыгездіксіз балалық шақ» республикалық науқаны өтпек. Іс-шара аясында білім беру ұйымдарында балалардың құқығын қорғау бойынша сынып сағаты мен ата-аналар жиналысы, шығармашылық конкурс пен талқылаулар өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, «Балалардың құқықтарын қорғау» атты республикалық онкүндік өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте кеңінен айтылды.
Балаларға қатысты қатыгездік пен немқұрайлылыққа қоғамның назарын аудару – науқанның негізгі мақсаты. Және оларды зорлық-зомбылықтың кез келген түрінен құқықтық қорғау үшін біршама жұмыс қолға алынған.
– Балалардың құқығын қорғау мәселесі тек онкүндік науқанмен, қандай да бір жұмыспен шектеліп қалмайды. Осы бағытта конституцияда көрсетілгендей жоспарлы әрі жүйелі жұмыс атқарылуда. Облыста кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін, құқығы мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында жол картасы бекітілген. Соның негізінде оқушылар мен ата-аналар арасында құқықтық сана мен тәрбиені арттыруға бағытталған ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлбақыт Жүнісова.
Бүгінгі таңда мамандардың, психологтар мен әлеуметтік педагогтердің бірлесуімен әдістемелік ұсыныстар мен іс-қимыл алгоритмі әзірленген. Кәмелетке толмағандардың түнгі мезгілде сыртқа шығуына жол бермеу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе түрлі профилактикалық іс-шара мен акциялар қолға алынған.
– Өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды анықтау үшін білім басқармасы кең ауқымды «Қамқор» облыстық рейдіне бастамашылық жасады. Полиция департаментімен бірлесіп, кәмелетке толмаған ішкі істер органдарында есепте тұрған балаларға ай сайын мониторинг жүргізіледі. Осы акция аясында өмірлік қиын жағдайға тап болған әлеуметтік және медициналық көмекке мұқтаж отбасыларды анықтау үшін рейд жүргізген болатынбыз. Соның нәтижесінде көмекке мұқтаж 26 отбасын анықтадық. Бұл бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде, – деді Гүлбақыт Серікжанқызы.
Облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Шынар Акпарова балалардың осы мәселесіне немқұрайлы қарамау керек екенін баса айтты.
– Біз осы мәселені кең ауқымда көтеруіміз қажет. Қоғамның назарын аударып, мәселенің алдын алумен күресу керек. Бүгінде департаментке балаларға медициналық қызмет көрсету, білім беру бойынша алуан сұрақ түседі. Оларды қабылдап, мәселені мемлекеттік органдармен бірлесе отырып шешіп келеміз, – деді Шынар Қуанышқызы.
2022 жылдың он айында кәмелетке толмаған балалар жасаған қылмыс саны 5,7%-ға көтерілген. Басым бөлігі – кәмелетке толмағандардың зат ұрлауына қатысты.
– Кәмелетке толмағандардың жеке басқа қатысты жасаған 15 дерегі тіркеліп, 95 жасөспірім полиция бөлімдеріне жеткізілген. Оның 85-і – мектепте, колледж бен жоғары білім беру мекемелерінде оқиды. Ал, қалған 10-ы – оқымайды. Яғни, олар мектепті тәмамдап, колледж, жоғары оқу орнына түсе алмай қалғандар. Қылмыс жасағандардың басым бөлігі – 16-17 жастағылар. Қылмыстарды болдырмау мақсатында білім басқармасымен тығыз жұмыс жүргізілуде, – деді облыстық полиция департаменті ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Факизат Тультаева.
2022 жылдың 1 қарашасындағы дерекке сүйенсек, облыста 11 717 адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Атаулы әлеуметтік көмек үшін бюджеттен 632 млн. теңге бөлініпті. Сонымен қатар, 2 703 балаға азық-түлік және тұрмыстық-химиялық көмек көрсетілуде.
– Көпбалалы отбасынан шыққан оқушыларға мектеп тарапынан да көмек көрсетілуде. Сондай-ақ, 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенті бар отбасыға табысына қарамастан 50 975-89 321 теңге көлемінде жәрдемақы беріледі. Қазіргі таңда мұндай көмекті облыста 14 мыңға жуық көпбалалы отбасы алады, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова.
Сонымен қатар, облыста 4 703 мүгедектігі бар бала тұрады. Оларға да үкімет тарапынан тиісті қолдау көрсетілуде.
Ербол ЕРБОЛАТ