Мектептердегі салауатты микроклимат – балалар денсаулығының кепілі
Күздің келуімен және жылыту маусымының басталуымен мектептер мен балабақшалардағы санитариялық талаптардың сақталуы өзекті бола түседі. Әсіресе оқу, ойын және жатын бөлмелеріндегі ауа температурасы мен ылғалдылығы балалардың денсаулығына тікелей әсер етеді.

Мамандардың айтуынша, қолайлы микроклимат тек бөлме температурасымен шектелмейді. Оның құрамына ауаның салыстырмалы ылғалдылығы мен қозғалу жылдамдығы да кіреді. Бұл көрсеткіштердің кез келгенінің нормадан ауытқуы балалардың хал-жағдайына кері әсер етуі мүмкін.
Қазақстанда білім беру ұйымдарындағы санитариялық талаптар Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрықтарымен реттеледі. Мектептер үшін 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76, ал мектепке дейінгі ұйымдар үшін 2021 жылғы 9 шілдедегі № ҚР ДСМ-59 бұйрықтары қолданылады. Микроклиматтың нормативтік көрсеткіштері 2022 жылғы 16 ақпандағы № ҚР ДСМ-15 бұйрығымен бекітілген.
Қолданыстағы талаптарға сәйкес, суық кезеңде балабақшалардың топтық бөлмелеріндегі оңтайлы температура балалардың жасына қарай 19–23 °C болуы керек. Жылы кезеңде бұл көрсеткіш 23–25 °C аралығында белгіленген. Ал мектеп сыныптарында жылыту маусымындағы ауа температурасы 18–23 °C болуы тиіс.
Температураның тым төмен немесе жоғары болуы балалардың денсаулығына зиян. Салқын бөлмеде бала тоңып, сабаққа зейін қоюы қиындайды. Ал шамадан тыс ыстық ауа тез шаршауға, бас ауруына және жұмыс қабілетінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Бөлмедегі ылғалдылықты да назардан тыс қалдыруға болмайды. Жылыту маусымында ауа құрғап, мұрын мен тамақтың шырышты қабаттарын тітіркендіруі мүмкін. Бұл көздің құрғауы мен жалпы жайсыздыққа да себеп болады.
Тағы бір маңызды мәселе — бөлмелерді дұрыс желдету. Балалар ұзақ уақыт жабық кеңістікте болғанда, ауа алмасуы нашарлап, көмірқышқыл газының мөлшері артады. Соның салдарынан бас ауырып, шаршау күшейеді, зейін төмендейді.
Мектептерде оқу кабинеттері сабақ арасындағы үзілістерде желдетілуі керек. Ал өтпелі желдету оқушылар болмаған кезде жүргізіледі. Балабақшаларда бұл жұмыс балалардың күн тәртібі мен ауа райы жағдайларын ескере отырып ұйымдастырылады. Желдету кезінде суық ауаның балаларға тікелей өтуіне жол бермеу қажет. Дегенмен қыс мезгілінде де бөлмелерді желдетуден бас тартуға болмайды.
Қолайлы микроклиматты сақтау үшін жылыту және желдету жүйелерінің жұмысын тұрақты бақылау маңызды. Желдеткіш саңылауларды жиһазбен немесе басқа заттармен жабуға болмайды. Сонымен қатар оқу, ойын және жатын бөлмелерінде температураны бақылауға арналған термометрлер орнатылуы тиіс.
Бөлмелерді жүйелі түрде ылғалды тазалау да ауаның сапасын жақсартуға көмектеседі. Бұл шаңның жиналуын азайтып, балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастырады.
Мамандар ата-аналарға да білім беру ұйымдарындағы жағдайға назар аударуға кеңес береді. Егер бала сыныпта немесе топта үнемі тоңатынын, ауа жетпейтінін айтып шағымданса, бұл туралы мекеме әкімшілігіне хабарлау қажет. Мәселені дер кезінде анықтау санитариялық талаптардың бұзылуына жол бермейді.
Балалардың денсаулығын сақтау үшін мектептер мен балабақшаларда температураны, ылғалдылықты және ауа алмасуын тұрақты бақылау қажет. Бұл — мекеме әкімшілігі мен жауапты мамандардың ортақ міндеті.
Шахтинск қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері
Санжар Иристаев



