Заң үстемдігі – құқықтық мемлекеттің негізі
Құқықтық мемлекеттің басты көрсеткіші – заңдардың қабылдануы ғана емес, олардың қоғам өмірінде нақты орындалуы. Әр азаматтың құқығы қорғалып, мемлекеттік органдардың қызметі заң талаптарына сай жүргізілгенде ғана әділетті қоғам қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, Конституция – мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынасты реттейтін негізгі құжат әрі адам құқықтары мен бостандықтарының басты кепілі.

2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз етуге, адам құқықтарын қорғауға және мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға ерекше мән берілген. Ата Заңның 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енуі еліміздің конституциялық дамуындағы жаңа кезеңге жол ашты.
Конституцияның 1-бабында Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені айқындалған. Сондай-ақ, адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітілген. Бұл норма мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты адам мүддесін қорғауға негізделуі керектігін көрсетеді.
Ал, 3-бапта заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі ретінде белгіленген. Сонымен қатар, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру және қоғамдық диалогты дамыту міндеттері қамтылған. Демек, заң үстемдігі тек құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты ұғым емес. Ол мемлекеттік басқарудан бастап, білім беру, еңбек және әлеуметтік қорғау салаларына дейінгі барлық бағытты қамтиды.
Конституцияның 5-бабында Ата Заңның ең жоғары заңды күші бар екені және еліміздің бүкіл аумағында тікелей қолданылатыны көрсетілген. Бұл мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың шешімдері Конституцияға қайшы келмеуі керектігін білдіреді. Азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің ресми жариялануы да оларды қолданудың міндетті шарты ретінде белгіленген.
Құқықтық мемлекеттің маңызды өлшемдерінің бірі – азаматтардың заң алдында тең болуы. Конституцияның 16-бабына сәйкес, заң мен сот алдында бәрі тең. Ешкімді әлеуметтік жағдайына, ұлтына, тіліне, дініне немесе өзге де белгілеріне байланысты кемсітуге болмайды. Бұл қағидат әр азаматтың қоғамдағы орнына қарамастан, заңмен бірдей қорғалатынын білдіреді.
Азаматтардың құқықтарын қорғауда сот жүйесінің де маңызы зор. Ата Заңның 12-бабында әр адамның өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бекітілген. Сонымен қатар, әр азаматқа заңға сәйкес білікті заң көмегін алу мүмкіндігі беріледі. Ал, 15-бапта адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары Конституцияға сәйкес танылып, оларға кепілдік берілетіні көрсетілген. Мемлекеттік органның немесе оның лауазымды адамының заңсыз әрекетінен зиян шеккен азамат оны мемлекеттен өтетіп алуға құқылы.
Қазіргі қоғамда жеке өмірге қол сұқпаушылық пен цифрлық қауіпсіздік мәселесі де өзекті. Электронды қызметтер мен онлайн төлемдердің кең таралуы азаматтардың дербес мәліметтерін қорғауға қойылатын талапты күшейтті. Осыған байланысты Конституцияның 21-бабында жеке өмірге қол сұғылмау, отбасы құпиясын сақтау және дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқықтары бекітілген. Бұл – технологиялық даму жағдайында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды конституциялық кепілдіктердің бірі.
Заң үстемдігі еңбек қатынастарында да айқын көрініс табуға тиіс. Конституцияның 27-бабында әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бекітілген. Сонымен қатар, қауіпсіз еңбек жағдайына, еңбегі үшін кемсітусіз сыйақы алуға және әлеуметтік қорғалуға кепілдік беріледі. Бұл нормалар жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы қарым-қатынастың заң аясында реттелуіне негіз болады.
Әлеуметтік әділдік те құқықтық мемлекеттің маңызды құрамдас бөлігі саналады. Ата Заңның 31-бабында азаматтарға жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшеріне, сондай-ақ заңда белгіленген негіздер бойынша әлеуметтік қамсыздандыруға кепілдік берілген. Ал, 32-бап азаматтардың денсаулығын сақтауға, заңда белгіленген медициналық көмекті ақысыз алуға құқығын бекітеді. Білім беру саласындағы кепілдіктер 33-бапта көрініс тапқан. Онда мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуға кепілдік беріліп, бастауыш және негізгі орта білім міндетті екені көрсетілген.
Сонымен қатар, құқықтық мәдениетті қалыптастыру тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Азаматтардың да Конституция мен заңнаманы сақтап, өзге адамдардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуі маңызды. Бұл талап Ата Заңның 36-бабында нақты көрсетілген. Заңды құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау және өзгенің құқығына нұқсан келтірмеу – жауапты азаматтық ұстанымның негізі.
Конституцияның 35-бабы азаматтардың мемлекет ісін басқаруға тікелей және өз өкілдері арқылы қатысу құқығын бекітеді. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жеке және ұжымдық өтініш жолдауға мүмкіндік береді. Бұл норма қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың қоғамдық мәселелерді шешуге араласуына жол ашады.
Түптеп келгенде, Конституцияның басты құндылығы – онда бекітілген құқықтар мен бостандықтардың күнделікті өмірде жүзеге асуы. Заң талаптары баршаға бірдей орындалып, мемлекеттік органдар өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, азаматтардың құқықтары нақты қорғалғанда ғана құқықтық мемлекет қалыптасады. Заңға деген сенім әділдік пен жауапкершіліктен басталады. Ал, бұл қағидаттардың орындалуы мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



