Ауылға ырыс әкелген кәсіп
Ауыл – қазақтың алтын бесігі, береке мен байлықтың бастау бұлағы. Десек те, бүгінгінің ауылы тек мал бағып, егін егумен ғана шектелмей, замана көшіне ілесіп, шағын кәсіпкерліктің қайнаған ортасына айналып келеді. Ауылдың еңсесін тіктеп, тұрмысын түзейтін істің үлкен-кішісі жоқ. Ең бастысы – пейіл мен еңбек. Күнделікті дастарқанның сәні мен нәріне айналған қасиетті нанды өз ауылында пісіріп, көрші-қолаңды жұмыспен қамтып отырған шағын кәсіптің өзі тұтас бір елдімекеннің тіршілігіне қан жүгіртіп, едәуір демеу болары сөзсіз. Қарқаралы ауданының Теректі ауылында тұратын Асқар Хасенов пен Толғанай Уәлибекова – дәл осы жасампаздықты өз еңбегімен дәлелдеп жүрген қарапайым да еңбекқор жандар. Ерлі-зайыптының шағын ғана азық-түлік дүкенінен басталған табанды тіршілігі бүгінде толыққанды жұмыс істеп тұрған заманауи наубайханаға ұласып, ауыл тұрғындарын күн сайын жаңа піскен ыстық нанмен, сан түрлі дәмді тағаммен қамтамасыз етіп отыр.

Сыртқа телмірмеудің сыры
Теректіде нан пісіру ісін қолға алуға жалаң пайда табу емес, ауылдағы күнделікті тұрмыстық қажеттілік түрткі болған. Бұған дейін ауыл тұрғындары іргеде орналасқан кен-байыту кәсіпорнының асханасында пісірілген нанды тұтынып келген еді. Асқар мен Толғанай да алғашында өз дүкеніне нанды сол жерден алып, халыққа ұсынып жүрді. Алайда, уақыт өте келе бұл мүмкіндік тоқтап, күнделікті ас атасын қала мен аудан орталығынан тасуға тура келеді.

Сырттан тасымалданған нанның машақаты аз емес. Ол ауылдың сұранысын үнемі, әрі уақытылы өтей бермейді.

– Дайын өнімді әкеліп, сауда жасаумен ғана шектелмей, неге өзіміз өнім өндіріп көрмеске деген ой келді. Кәсіпкерліктің нағыз қызығы мен қиындығы да, шынайы берекесі де осында ғой. Нанды жүз шақырымнан сырттан тасымалдап, жол тосқанша, ауылды өзіміз қамтамасыз етуді басты мұрат тұттық. Өз жеріңде, өз суыңмен иленген қамырдың дәмі де бөлек қой, – дейді Асқар Хасенов.

Бұл кезде олардың «Ерке» деп аталатын шағын дүкені ауыл тұрғындарына жақсы танылып, сенімге ие бола бастады деуге де негіз бар. Дүкеннің атауын жас ата-ана тұңғыштары Еркежанның есіміне орай ырымдап қойған. Ал, шаңырақтарында төртінші перзенті – Бегім-Сұлу дүниеге келген тұста наубайхана ашу жөніндегі ойлары әбден пісіп-жетіліп, оны нақты жүзеге асыруға кіріседі.
Алғашында дүкенде сырттан әкелінген қырық шақты ғана бөлке нан сатылатын. Наубайхана толық қуатында іске қосылған соң, жаңа піскен нанға деген сұраныс күрт артып, өнім көлемін еселеп ұлғайтуға тура келеді. Бүгінде бұл шағын цехта күніне 84 бөлке нан пісіріледі. Дүкен иелерінің сөзінше, жұмсақ әрі дәмді нан сөреде көп кідірмей, лезде өтіп кетеді.

Мемлекет қолдауы – мақсатқа баспалдақ
Нан пісіретін алып пештен бастап, қамыр илейтін машинаға, тоңазытқыштарға дейінгі дүниенің бәрі қомақты қаражатқа тірелетіні кәдік. Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер дәл осы тұста мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау – «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланды. Былтырғы жылдың тамыз айында өтінім беріп, талап етілетін қажетті құжаттарын мұқият жинауға кіріседі.
– Құжат жинаудың өзіне, рәсімдеуге бірсыпыра уақыт кетеді екен. Он айдай жүріп, ақыры қаржыға қол жеткіздік. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен алған 9,8 миллион теңгеге наубайханамызды соңғы үлгідегі техникамен толық жабдықтап алдық, – дейді Толғанай.
Жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз болатын, ауыл тұрғындары үшін өте тиімді бұл жеңілдетілген несиеге өндірістік нан пісіретін пеш, көлемі қырық және бес литрлік қамыр илейтін екі қуатты машина, сыйымдылығы ауқымды тоңазытқыш, жұмыс үстелдері мен нан қоятын арнайы сөрелер сатып алынған. Сонымен қатар, жартылай дайын өнім әзірлеуді де жоспарлағандықтан, кәсіби ет тартқыш пен тауардың сақталу мерзімін ұзартатын вакуумдап орау құрылғысы да алынды. Бұған қоса, ауыл жастарының сұранысын қанағаттандыру үшін донер мен өзге де фаст-фуд тағам түрлерін дайындайтын шағын аппараттар қосылды. Қаражаттың тағы бір бөлігі ауылдағы орталық трансформатордан наубайханаға дейін жоғары кернеулі жеке электр желісін тартуға жұмсалған.
Бұл жабдықтардың барлығын алып шаһар Алматыдан арнайы тапсырыспен алдырған Толғанай олардың қалай жұмыс істейтінін сол жердегі мамандардан көріп, жіті үйреніп қайтады.
Заманауи құрылғылар адамның қол еңбегін едәуір жеңілдеткен. Бұрын сағаттап қолмен қамыр илеу мен жаюға, өнімді бірдей көлемде кесіп дайындауға кететін алтын уақыт қазір бірнеше есеге қысқарған. Өндірістегі қауіпсіздік жағы да ескерілген. Мәселен, қамыр илейтін машинаның қақпағы кездейсоқ ашылып кетсе, арнайы орнатылған сенсорлық тетік оның жұмысын бірден бұғаттап, тоқтатады. Шағын өндірісте мұндай мүмкіндіктің өзі – жұмысшының алаңсыз, қауіп-қатерсіз еңбек етуіне елеулі сеп.
Бүгінде наубайхананың өнімдері тек нан мен қарапайым бәліштен әлдеқайда көбейе түскен. Қазір мұнда түрік донері, жастар сүйіп жейтін бургер, дәстүрлі самса, сондай-ақ, тұшпара, мәнті және өзге де жартылай дайын тағамдар әзірленеді. Тіпті, қаптамасында «Еркеден» деген фирмалық белгісі бар өнімдері де айналымға шыққан. Етті тағамдарға қажетті өнімнің тазалығына да ерекше мән беріледі. Ет – базардан емес, өздерінің қосалқы шаруашылығынан.
– Қазіргі таңда 25-30-ға жуық түрлі өнім дайындаймыз. Күніне қырық-елу бәліш, жиырма шақты донер әзірлейміз. Тұшпара мен вареникиді де қолдан түйіп жасаймыз. Әр өнімнің көлемін тұтынушылардың күнделікті сұранысына қарай икемдеп, реттеп отырамыз. Әзірге өнімдерімізбен тек өз ауылымызды қамтып отырмыз. Бірақ, алдағы уақытта өнім түрлерін одан әрі көбейтіп, сұраныс артып жатса, көршілес елдімекендерге де жеткізуді басты мақсат етіп қойдық, – дейді Толғанай Уәлибекова.
Бүгінде ауыл ішіндегі осы кішігірім өндіріс ошағы – наубайханада үш адам, ал, дүкенде екі адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс аясы кеңейсе, ауылдастары үшін қосымша жаңа жұмыс орындарын ашу да – кәсіпкерлердің басты армандарының бірі.
Тән азығы мен жан азығы үйлескенде
«Ерке» дүкенінің есігін ашып кірген бойда, өзге сауда орындарынан мүлде бөлек екені аңғарылады. Мұндағы сөреде күнделікті азық-түлікпен қатар, көзге оттай басылатын қаз-қатар тізілген кітаптар тұр. Қарапайым ауылдағы сауда орнынан елімізге белгілі «Qasymkitap» баспасының кітаптарын ала аласың. Дүкеннің әр тұсына, қабырғаларға әдемі етіп ілінген қазақ зиялыларының қанатты сөздері де дүкенге бас сұққан кез келген келушіні терең ойға жетелейді.
Бұл биік ұстанымның төркіні – отбасының өз тіршілігінде. Ерлі-зайыптының екеуі де – кітапқұмар. Әсіресе, отағасы Асқардың көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің тарихи терең шығармаларына деген ықыласы тіптен ерекше. Осыны жақсы білетін Толғанай былтыр жұбайының туған күніне тосынсый жасап, қаламгердің 26 томдық толық шығармалар жинағын арнайы алдыртып сыйлапты. Асқар қазір бос уақытында сол қалың томдарды ретімен, асықпай оқып, рухани сусындап, бірқатарын тауысып та үлгерген.
– Біздің дүкенде кітап сатудағы басты, әрі түпкі мақсатымыз – пайда табу емес, ауылдағы жастардың, тұрғындардың арасында ағартушылыққа қарлығаштың қанатымен су сепкендей үлесімізді қосу. Алғашында таңырқай қарағанмен, қазір дүкенге азық-түлік алуға кіріп-шығып жүрген кісілердің, әсіресе, оқушылардың кітапқа аңсары ауып, қызығушылығы оянып келеді. Біреу болмаса біреу парақтап көреді, сұрайды, сатып алады. Бұл бізді қатты қуантады, – дейді Асқар ойын сабақтап.
Ата-анасының руханиятқа деген мұндай ерекше ықыласы мен тәрбиесі тұңғыштары Еркежанға да дарыған. Ол қалаға, аудан орталығына барған сайын ең алдымен, өзіне ұнаған жаңа кітапты таңдап алуды дағдыға айналдырған. Мектептегі түрлі мәдени сайыстарға, мәнерлеп оқу жарыстарына белсенді қатысып, топ жарып жүр.
Дүкендегі тағы бір назар аударарлық, ауылдық жер үшін таңсық саналатын жаңалық – сауда есебінің жүргізілу тәртібі. Мұнда ірі қалалардағы үлкен супермаркеттердегідей әрбір тауарды штрихкод (QR) арқылы сканерлеп тіркейтін заманауи кассалық жүйе орнатылған. Өнімнің бағасы ортақ автоматтандырылған базадан шығып, сатып алынған барлық заттар лезде есепке түседі. Бұрынғыдай қалың дәптерге қарыз жазып қою деген мұнда жоқ. Қандай да бір түсініспеушілік туындаса, компьютердегі сол жазбаны ашып, кез келген уақытта нақты тексеруге толық мүмкіндік бар.
Мұндай цифрлы жүйе, ең алдымен, дүкен иелерінің өзіне өте қолайлы. Қай тауардың өтімі жақсы, қайсысы азайып қалғаны экраннан айқын көрініп тұрады, соған қарай қоймадағы қорды дер кезінде толықтыруға мүмкіндік бар. Күн сайынғы сауда айналымы көбейген сайын, есеп-қисаптың дәл әрі ұқыпты болуы – кәсіптің басты шарты.
Дүкеннің ірі тауар жеткізушілермен байланысы да күн өткен сайын нығайып келеді. Бұрын саудагерлер барлық тауарды өздері көлікпен тасып жүрсе, қазір бірқатар үлкен компаниялар өз өнімдерін дүкенге тікелей әкеліп береді. Қазірдің өзінде кондитерлік бұйымдар, сүт өнімдері мен балмұздақ сияқты тауарларды уақытылы жеткізетін тұрақты сенімді серіктестері бар. Алдағы уақытта олардың қатарын одан әрі көбейтіп, тауар ассортиментін байыту жоспарланған.
Елдің несібесін еселегендер
Табысты кәсіп иелері ауылдағы қоғамдық істерден де шет қалған емес. Жыл сайын 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде ауыл бүлдіршіндеріне арнап өз қаражаттары есебінен арнайы мерекелік ойын ұйымдастырып, балмұздақ пен тәтті-дәмдіні тегін үлестіруді игі дәстүрге айналдырған. Жергілікті мектепке немесе ауылда өтетін түрлі іс-шараларға демеушілік көмек қажет болса, қолдарынан келгенше аянып қалмай, қолғабыс етеді.
Шағын кәсібінің тасын өрге домалатып, Теректінің тынысына қан жүгірткен Асқардың алға қойған арман-мақсаттары мұнымен шектелмейді. Наубайхана мен дүкеннің жұмысын бір жүйеге түсіріп, ел алғысына бөленген отағасы ендігі кезекте ауыл іргесіндегі «Нәби» қыстағын өз қолына алып, шаруашылықтың көкжиегін одан әрі кеңейтуге білек сыбана кіріспек. Теректінің таңымен таласа оянып, елдің несібесін еселеп, ата кәсіптің отын маздатып отырған осындай еңбек адамдары барда қазақ ауылының қазаны ешқашан ортаймайды. Еңбекке сүйенген елдің еңсесі қашанда биік бола бермек!
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»




