Қарағандыда жас ақындардың «Жарық» атты жыр жинағы жарық көрді
Бұлақтың көзінен басталған мөлдір су аға келе арнасын кеңейтіп, дарияға ұласады. Әдебиет әлеміне енді ғана қанат қаққан жас талаптың алғашқы қадамы да осыған ұқсас. Бүгінгі балаң жыр ертең кемел ойға, ал, алғашқы ізденіс үлкен шығармашылық жолға бастамақ. Осындай үмітті өркеннің алғашқы шығармашылық қадамына қанат бітірген игі бастаманың бірі – облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жарық көрген жас ақындар Нұрасыл Аманжол мен Нұрдәулет Мараттың «Жарық» атты ортақ жыр жинағы. Күні кеше қос ақынның тұңғыш туындысы салтанатты түрде оқырманға жол тартты.

«Жүрек іздесе» деген атаумен өрілген әдеби кештің мазмұны да, мәні де бөлек болды. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің «Жастар әлемі» журналы жанынан құрылған «Үкілі үміт» шығармашылық клубының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған шара дәстүрлі кітап таныстырылымының шеңберінен шығып, тұтас поэзиялық композицияға ұласты.

Кеш шымылдығы Нұрасыл Аманжолдың «Әбдіре» өлеңімен түрілді. Сахна төріне қойылған әбдіре де жай ғана көркемдік безендіру емес, әдеби кештің басты символдық нышанына айналды.

Жыр жинағының лентасын университеттің Басқарма мүшесі – стратегиялық даму жөніндегі проректоры Ербол Сармурзин, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы ақын Жанат Жаңқашұлы, журналистика кафедрасының аға оқытушысы Әлімжан Жақан және ақын Бағдат Мүбарак кесті. Қалам ұстаған қос талапкерге ақжарма тілектерін арнап, шығармашылық жолдарына сәттілік тіледі.

– Қара өлеңнің қадірін түсінетін қарағандылықтар өлеңге аса талғаммен қарайды. Біз де аға буын өкілдерінен жеткен аманатты арқалап, жас ақындарды қолдап, олардың қанатын қатайту үшін аянып қалмаймыз. Өлеңші деген болады. Екі сөздің басын құрап, өлең шығаратындар көп. Ал, шын ақын болу үшін үнемі ізденіс үстінде жүру керек. Сондықтан, жас ақындарға әлі де ізденіс қажет екенін айтқым келеді, – деді Жанат Жаңқашұлы.

Кітаптың тұсауы кесілген сәтте Нұрасылдың әжесі Күлатай көпшілікке ақ ниетімен шашу шашты. Одан әрі қос ақынның жүрек түпкірінен туған жырлары оқылды. Әбдіреден алынған жырларды студенттер де мәнерлеп оқып, әдеби кештің көркемдік өрісін кеңейтті.

Поэзия мен әуен астасқан кеште талантты әнші Саян Мұздыбай әуелете ән шырқап, жиналған қауымға ерекше көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ, Нұрасыл Аманжолдың сөзіне жазылған «Тағы бір мұң» әнін досы Қазыбек Рашид орындап, жыр кешінің әсерін еселей түсті.

Ал, поэзияның өзегінде қашанда адам жанының нәзік иірімдері, ата-анаға деген перзенттік махаббат, көңіл түкпіріндегі аяулы сезім жататыны белгілі. Бұл кеште де сондай шынайы сәттер аз болған жоқ. Нұрасыл ата-анасына арнаған өлеңдерін оқып, анасы мен ақ жаулықты әжесіне гүл шоқтарын табыстады. Мұнымен ғана шектелмей, махаббат жырына арқау болған аруға да гүл ұсынып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

– Кітаптың атауы «Жарық» болуының өзіндік мәні бар. Жарық деген – үміт. Қараңғылыққа тап болғанда демеу болатын кішкентай ғана сәуленің, мөлдір тамшының аты – жарық. Ағалардың алқауымен, достарымның қолдауымен осы кешті өткіздік. Рухани дамуымызға ұйытқы болған қара шаңырағымызға құрметтен басқа көрсетеріміз жоқ, – деді Нұрасыл Аманжол.

Әдеби-сазды кештің соңында факультет деканы Әділ Жакулаев қос ақынға университет атынан арнайы Алғыс хат табыстап, шығармашылық ізденістеріне жоғары баға берді.

Ал, «Жастар әлемі» журналының редакторы, «Үкілі үміт» шығармашылық клубының негізін қалаушы Гүлнар Махан Нұрасыл Аманжолға ақ тілегін арнап, естелік сый-сияпатын ұсынды.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



