Маймыл шешегі туралы нені білу керек?
Соңғы жылдары маймыл шешегі бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау мамандарының назарын аударып келеді. Әртүрлі елдерде ауру жағдайларының тіркелуі инфекцияны уақтылы анықтау және профилактикалық шараларды сақтау қажеттігін көрсетеді. Бұл инфекцияның Қазақстанға таралуының алдын алу мәселелері де өзекті.

Маймыл шешегі немесе mpox — жануарлардан адамға да, адамнан адамға да берілетін вирустық инфекциялық ауру. Вирус алғаш рет 1958 жылы Данияда зертханалық маймылдардан анықталған, ал адамда аурудың алғашқы жағдайы 1970 жылы Конго Демократиялық Республикасында тіркелген.
Ұзақ уақыт бойы бұл ауру негізінен Африка елдерінде кездесіп жүрді. Алайда 2022 жылдан бастап маймыл шешегінің жағдайлары әлемнің көптеген елдерінде тіркеле бастады. 2024 жылғы тамызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аурудың өршуін халықаралық маңызы бар денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп жариялады.
Вирустың негізгі берілу жолы — жұқтырған адаммен тығыз байланыста болу, оның ішінде терідегі бөртпелермен және шырышты қабаттармен жанасу. Инфекция сүйісу және жыныстық қатынас кезінде, сондай-ақ ластанған заттар, киім-кешек, сүлгілер мен төсек-орын жабдықтары арқылы жұғуы мүмкін. Сонымен қатар тығыз байланыс кезінде тыныс алу жолдарынан бөлінетін бөлінділер арқылы берілуі ықтимал. Инфекцияның жүкті әйелден ұрыққа берілуі және жұқтырған жануарлармен байланыс кезінде жұғуы да мүмкін.
Аурудың инкубациялық кезеңі әдетте 6–13 күнді құрайды, алайда 5 күннен 21 күнге дейін созылуы мүмкін. Алғашқы белгілері тұмауға ұқсас болады: дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бұлшықеттер мен арқаның сырқырауы, тамақтың ауыруы, әлсіздік және лимфа түйіндерінің ұлғаюы байқалады.
Аурудың тән белгісі — теріде бөртпенің пайда болуы. Бөртпелер бетте, алақанда, табанда, дененің басқа бөліктерінде және шырышты қабаттарда пайда болуы мүмкін. Біртіндеп олар көпіршіктерге айналып, кейін кебеді және қабыршақтанады. Кейде бөртпе аурудың алғашқы белгісі болуы мүмкін.
Көптеген жағдайларда ауру бірнеше апта ішінде сауығумен аяқталады. Алайда балаларда, жүкті әйелдерде және иммунитеті әлсіреген адамдарда ауру ауыр өтіп, асқынуларға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ қорғану шаралары сақталмаған жағдайларда медицина қызметкерлерімен және науқастармен бірге тұратын адамдардың жұқтыру қаупі жоғары болады.
Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайға мониторинг жүргізіліп, мемлекеттік шекарада санитариялық-карантиндік бақылау жүзеге асырылуда және медициналық ұйымдардың аурудың ықтимал жағдайларын анықтауға дайындығы қамтамасыз етілуде.
Аурудың алдын алу үшін терісінде күмәнді бөртпелері бар адамдармен тығыз байланыста болудан аулақ болу, жеке гигиена қағидаларын сақтау, қолды үнемі жуу және басқа адамдардың жеке заттарын пайдаланудан бас тарту қажет.
Шетелге сапарға шығар алдында баратын елдегі эпидемиологиялық жағдаймен танысу ұсынылады. Саяхат кезінде ауру белгілері бар адамдармен, сондай-ақ жабайы жануарлармен, әсіресе кеміргіштермен және приматтармен байланысудан аулақ болған жөн. Науқастарға күтім жасау кезінде жеке қорғаныш құралдарын пайдаланып, медицина қызметкерлерінің ұсынымдарын орындау қажет.
Шетелдік сапардан оралғаннан кейін денсаулық жағдайын мұқият бақылау маңызды. Егер 21 күн ішінде дене қызуы көтерілсе, бас ауырса, лимфа түйіндері ұлғайса немесе теріде бөртпелер пайда болса, дәрігерге қаралу қажет. Дәрігерге барған кезде барған елдеріңіз және науқас адамдармен болуы мүмкін байланыстар туралы міндетті түрде хабарлау керек.
Ауруға күдік туындаған жағдайда өз бетінше емделуге болмайды. Дәрігердің кеңесін алғанға дейін айналадағы адамдармен байланысты шектеп, терідегі бөртпелерді жауып, жеке гигиена заттарын ғана пайдалану қажет.
Симптомдарды уақтылы анықтау, профилактикалық шараларды сақтау және медициналық көмекке жүгіну инфекцияның таралу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Өз денсаулығына және айналасындағылардың денсаулығына жауапкершілікпен қарау инфекциялық аурулардың алдын алудың негізгі шарты болып қала береді.
Санжар ИРИСТАЕВ
Шахтинск қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері



