Жаңалықтар

Аралдың экологиялық болашағына бағытталған халықаралық бастама

Қызылордада Арал өңірінің табиғатын сақтау мен экожүйесін қорғауға бағытталған «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығы басталды. Ауқымды шараға Қазақстанның барлық өңірінен, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген еріктілер қатысуда.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен БҰҰ жариялаған Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылына орай ұйымдастырылды.

Апталықтың ашылу рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Тоғжан Зейденова, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Вера Ким мен Жанар Бимұратқызы, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Наурызбай Байқадамов қатысты. Сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздің барлық өңірінен келген 100 волонтер мен облыстағы 500-ден астам белсенді студент және ерікті жас жиналды.

Салтанатты жиында аймақтағы волонтерлік қозғалыстың дамуына үлес қосып, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Тоғжан Зейденова сөз сөйлеп, волонтерлік бастамаларды қолдаудың маңызын атап өтті. Ал «Ұлттық волонтерлік желі» төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Вера Ким Кеңес төрағасы Ерлан Қошановтың арнайы құттықтау хатын оқып берді.

Апталықтың алғашқы күнінде «KZO CAMP: ONE COMMUNITY» республикалық волонтерлер слетіне қатысушылар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында Қызылордадағы Президент саябағына ағаш көшеттерін отырғызды. Акцияға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, Тоғжан Зейденова, Вера Ким, Жанар Бимұратқызы және халықаралық волонтерлер апталығына қатысушылар қатысты.

Игі шараның мақсаты – табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру, қоршаған орта алдындағы жауапкершілікті арттыру және қаланың жасыл желегін молайту. Экологиялық акциядан кейін волонтерлер Қызылорданың көрікті орындарын аралады. Олар Ботаникалық бақты тамашалап, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозицияларымен танысты. Сондай-ақ «Қайсар Арена» стадионына барды.

20 қазанда халықаралық волонтерлер апталығына қатысушылар Арал ауданына жол тартады. Жолай Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешеніне барып, рухани мұраға тағзым етеді. Бұдан кейін Қамыстыбас ауылдық округінде «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығының салтанатты ашылу рәсімі өтеді.

21 қазанда экология және волонтерлік қызмет бағыттарын қамтитын секциялық жұмыстар ұйымдастырылады. Қатысушылар тәжірибе алмасып, ортақ бастамаларды жүзеге асыру жолдарын талқылайды. Бағдарлама аясында Қамбаш тынығу лагерінің аумағына ағаш көшеттері отырғызылады.

22 қазанда Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл егу жұмыстары жүргізіледі. Бұл акция теңіз табанын көгалдандыруға, табиғи ортаны қалпына келтіруге және қоршаған ортаны қорғау ісіне қоғамның қолдауын арттыруға бағытталған.

23 қазанда қатысушылар Шижаға ауылдық округінің тыныс-тіршілігімен танысады. Арал қаласында аудандық балықшылар музейіне, Ә. Нұрпейісов атындағы әдебиет үйіне және «Руханият орталығына» экскурсиялар ұйымдастырылады. Сонымен қатар балық өнімдері, қолөнер бұйымдары мен жергілікті кәсіпкерлердің жәрмеңкесі өтеді. Халықаралық волонтерлер апталығының қорытынды жиыны мен салтанатты жабылу рәсімі «Руханият орталығында» ұйымдастырылады.

«GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық бастамасы экологиялық жауапкершілікті арттыруға, волонтерлік қозғалысты дамытуға және елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Табиғатты қорғауға жұмылған ортақ күш Арал өңірінің экологиялық болашағын жақсартуға бағытталған игі істерге серпін бермек.

Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button