ЖаңалықтарСпорт

Теміртауда дзюдодан халықаралық турнир басталды

Бүгін Теміртау қаласының “Qarmet” спорт кешенінде дзюдодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амантай Айдарханов марқұмды еске түсіруге арналған “JENYSCUP” “Магнитка оттары” халықаралық турнирі басталды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Бұл халықаралық доданың татамиіне әлемнің 6 елі–өз Қазақстанымыз, Өзбекстан, Қырғызстан,Ресей, Тәжікстан мен АҚШ-тан келген 2010-2011 жылғы 853 жасөспірім дзюдошы ұл-қыздар шығып, 16 салмақ санаты бойынша күш сынасады.

Тарихы сонау 1970 жылдарға кететін бұл балуандар бәсекесі біраз саябырсып қалып, 2011 жылдан бастап Теміртау қалалық дзюдо федерациясын басқарған Амантай Айдархановтың құлшыныс-жігерімен қайыра жанданған еді. Міне, содан бергі уақытта ол жыл сайынғы дәстүрге айналып, онда Әлем және Азия чемпиондары белдесіп, жас дзюдошылардың жоғары спорт жетістіктеріне жетудегі алғашқы баспалдағы болып отыр.

Республика күні мерекесі мен Халықаралық дзюдо күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған турнир 24 қазанға дейін жалғасып, сол мезгілде жас дзюдошылар екеуара күресіп қана қоймай, командалық сайыстарға қатысып, халықаралық жаттығу лагерінде Қазақстанның белгілі дзюдошыларымен кездеседі. Ал осы спорт түріне әуесқой балғындар үшін “Дзюдо Game” белдесулері өткізіледі.

— Теміртау төрінде бірнеше күн өтетін бұл сынға жалпы 24, соның ішінде халықаралық дәрежедегі 10 төреші төрелік етеді. Мұндай турнирлерді өткізу болашақ чемпиондарымызды әзірлеп, олардың жеңіске деген жігерін жанып, шыңдауға ықпал етеді,–дейді халықаралық дәрежедегі төреші Бақыт Матышев.

(Бұл турнир туралы газетіміздің алдағы сандарының бірінен оқисыздар)

Ержан ИМАШ
ТЕМІРТАУ 

Автор: Ержан ИМАШ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button