Қарағанды облысы Республика күнін кең көлемде атап өтеді
Қарағанды облысында Республика күніне орай мәдени-көпшілік, патриоттық және спорттық бағыттағы 400-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Мерекелік бағдарламада концерттер, түрлі акциялар мен жарыстар, сондай-ақ жаңа әлеуметтік нысандардың ашылуы жоспарланған.

Ұлттық мерекеге дайындық барысы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте талқыланды.
Қазір білім беру ұйымдарында «Республика және Конституция: жауапты азамат – қуатты мемлекет» атты танымдық-ағартушылық апталық өтіп жатыр. Оның аясында Қазақстан тарихы мен мемлекеттілік негіздеріне арналған ашық сабақтар, көрмелер, дәрістер мен пікірталастар ұйымдастырылуда.
20 қазаннан бастап әлеуметтік желілерде «Менің Қазақстаным» челленджі мен «Қыран елім – Қазақстаным!» патриоттық акциясы басталады. Оларға мәдениет және спорт қайраткерлері, жастар мен қоғам өкілдері қатысады.
Мерекелік бағдарламаның басты оқиғаларының бірі – 23 қазанда Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында өтетін «Азат елдің асқақ рухы» концерті. Кеште италиялық тенор Уго Тарквини, қазақстандық орындаушылар AYREE, Ибрагим Ескендір мен Нұржас Садырбаев, GAISSIN ORCHESTRA ұжымының солистері және өңірдің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді.
25 қазанда облыс қалаларының орталық алаңдарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріліп, Мемлекеттік Әнұран орындалады. Демалыс күндері мәдениет үйлері мен спорт нысандарында концерттер мен жарыстар өткізіледі.
Республика күніне орай өңірде бірқатар жаңа әлеуметтік нысан да ашылады. Олардың қатарында Ақтоғай ауылындағы «Алаш орталығы», Қарқаралы ауданының Көктас ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Нұра кентіндегі Өнер үйі бар. Сонымен қатар медициналық, ветеринариялық және өртке қарсы қызмет нысандарын пайдалануға беру көзделген.
Мерекелік көңіл күй сауда орындарында да жалғасады. Супермаркеттер мен дүкендерде Republic Day және Bereke Fest акциялары аясында түрлі тауарларға жеңілдіктер ұсынылады.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мерекелік іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, олардың мазмұнына ерекше мән беруді тапсырды.
– Алдағы апта Республика күніне дайындыққа арналады. Әрбір іс-шара мемлекеттілік, отансүйгіштік пен халық бірлігінің рухын айшықтап, мерекенің мәні мен маңызын кеңінен ашуға тиіс, – деді өңір басшысы.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



