ЖаңалықтарСпорт

«Шахтер» сырт алаңдағы соңғы ойынын өткізді

Қарағандылық «Шахтер» Қазақстан Бірінші лигасының 25-туры аясында сырт алаңда Түркістанның «Тұран» командасымен кездесіп, 0:1 есебімен ұтылды.

Сурет клубтың ресми парақшасынан

Ойынның алғашқы бөлігінде алаң иелері белсенділік танытқанымен, үзіліске дейін есеп ашылған жоқ. Кездесудің тағдыры екінші таймда шешілді. 70-минутта Арман Кенесовтің пасын Матвей Герасимов сәтті пайдаланып, баспен соққы жасап, «Тұранды» алға шығарды. Қалған уақытта қарағандылықтар есепті өзгерте алмады.

Бірінші лига чемпионы атағын мерзімінен бұрын жеңіп алған «Шахтер» 65 ұпаймен көш бастап тұр. Ал 54 ұпайы бар «Тұран» үшінші орынға жайғасқан. Түркістандық клуб келесі маусымда Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететініне де кепілдік алды. Өйткені екінші орында тұрған «Қайрат-Жастар» негізгі команданың қосалқы құрамы саналады және жоғары дивизионға көтеріле алмайды.

Маусымның соңғы турында «Шахтер» өз алаңында «Қайрат-Жастармен» кездеседі. Ал «Тұран» Шымкентте «Академия Оңтүстікке» қарсы ойнайды. Екі кездесу де 22 қазанда өтеді.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button